• Толағай
  • 01 Қараша, 2021

Баянауылдық қос желаяқ Қазақстан рекордтар кітабына енді

Марафоншылар бұл жеңісін егемендіктің 30 жылды-ғына арнады. Олар ұзақтығы 330 шақырым болатын Семей–Павлодар бағытындағы ультрамарафонды  45 сағат 10 минутта бағындырды. Марафоншының бірі мұғалім де, екіншісі – дәрігер. Әуелі Майқайың орта мектебінің дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Олжас Какимжанов ағайды сөзге тарттық.

– Қашықтыққа жүгіру идеясы қайдан келді? Бұған дейін басқа марафондарға қатыстыңыз ба? 

– 330 км қашықтыққа жүгіру идеясын осыдан бір жыл бұрын Нұрсұлтан Бірлік ұсынды. Кейін Қарағанды қаласының Жаңаарқа ауданына барып ультрамарафонды көріп, танысып қайттық. Бір жылдан аса уақыт дайындалып, еңсердік. Бұл марафонға дейін 2018 жылдан бері алыс қашықтыққа жүгіре бастадым. Ең алғаш Майқайың–Баянауыл бағытындағы 87 км ультрамарафоны болды. Дайындық ретінде 120 км, 60 км, 55 км, 42 км, 21 км, Жеңістің 76 жылдығына 76 км қашықтықтағы жартылай марафондарға қатыстық. 

– Жүгіру барысын кәсіби сарапшылар қалай бақылады?  

– Рекорд үшін жүгіру кезінде арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан бақылаушылар келді. Сондай-ақ бізге дейін рекорд орнатқан қарағандылық Заңғар Әлкенов жіті тексеріп отырды. Ол арнайы JPS навигаторын тіркеп, бақылады. Жүгіріп өтіп, мәре сызығына жеткенде ұялы байланысымызды алып, картамен тексеріп, біраз уақыттан кейін қуанышты жаңалықты жеткізді. Алматы қаласынан келген Гиннес кітабының өкілі Бақытжан Тастүлеков рекордымызды мойындап, ресми түрде он жетінші қыркүйек күні таңертең аудандық спорт бөлімінің басшылығы Павлодар қаласында арнайы табыстады.

– Марафон кезінде қандай қиындық болды? 

– Алыс қашықтықта қиындық болмады деп айту қиын. Организмге су жетпеу, аяқтың тартылып, қажалуы, айта берсең жалғаса береді. Бас ауруы мен омыртқа ауруына арнайы массаж жасалып, 40-50 шақырымнан кейін орнына келтіріліп отырды. 80 шақырым өткеннен кейін Бесқарағай ауылына тоқтап, дәрігерлер қан қысымымызды өлшеп, аяқ тартылуына қарсы дәрі салды.

– Қазақстан рекордын жаңартқан кездегі сезімдеріңіз қандай болды? 

– Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Қолға сертификат алғаннан кейін иықтан ауыр жүк түскендей болды.

– Алға қойған жоспарларыңызды айтып берсеңіз...

– Денсаулығымызды орнына келтіргеннен кейін ауданымызда жүгіріске қызығатын оқушылар арасында Майқайың кентінің 90 жылдығына орай команда жасақтап, ауқымды ультрамарафон өткізсем деген ой бар. Олжас ағайдан кейін Баянауыл аудандық ауруханасының дәрігер-реабилитологы Нұрсұлтан Бірлікті сөзге тарттық.

– Спортқа қалай келдіңіз? 

– Мектеп кезінен спортқа жақынмын. Оның ішінде жеңіл атлетика, футбол, волейбол ұнайды. Міне, бала кезімдегі қызығушылық пен еңбектің жемісі осындай нәтижеге жеткізді.

– Дайындық процесі туралы айтсаңыз...

– Дайындыққа бір жылдан астам уақыт кетті. Жылдың төрт мезгілінде де, ауа райының қолайсыздығына қарамай, үздіксіз жаттығу жасадық. Марафонға қатысу үшін арнайы жаттығуларды күнделікті орындап отырдық. Кейін ақырындап қашықтыққа жүгіре бастадық. 50, 60, 70 шақы-рымды бағындырдық. Ең ұзағы – 120 шақырым болды.

– Бұған дейінгі рекордты қарағандылық Заңғар Әлкенов бағындырған еді. Рекордшы тарапынан сіздерге қолдау болды ма?

– Әрине. Қарағандыға арнайы барып ағамызбен танысқанбыз. Мақсатымызды айтып, кеңес алдық. Ағамыз қолдап, бағыт-бағдар берді. 

– Халықтың қолдауы қаншалықты маңызды? 

– Әр спортшы үшін халықтың қолдауы маңызды. Алға қарай жылжуға мотивация береді. Жанкүйерлердің үкілеген үмітін арқалап, мәреге жету басты миссиямыз болды.

– Қазақстан рекордын жаңартқан кездегі сезімдеріңіз қандай болды?

– Өте ерекше сезім. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тәуелсіз Қазақстанның рекордын жаңартқан үшінші марафоншымыз. 

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?  

– Жоспарға ілінген мақсат жетерлік. Ал нақты ойымыз – 2022 жылдың мамыр айына дейін 500 км, кейін 1000 км қашықтықты еңсеру.   

– Сұқбат үшін алғыс айтамыз. Алар асуларыңыз биік болсын!

Айзада САҒИДОЛЛА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №44
2 қараша 2021 жыл

213 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор