• Әуез
  • 25 Қазан, 2021

Ғажайып әлемге сеніңіздер...

Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залында музыкаға жаны құмар балалардың асыға күтетін «Бала дауысы» ұлттық балалар әні байқауының алтыншы маусымы мәресіне жетті. Байқау жыл сайын Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өтеді.

Концертте 14 облыс пен Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан келген 17 финалист сахнада өнер көрсетіп, додаға түсті. Дарынды жас вокалистер 2021 жылдың 25 наурызы мен 15 мамыр аралығында өткен қашықтан іріктеу турының жеңімпазы атанған. Оған 8 жастан 12 жасқа дейінгі 5 583 бала қатысты. Бұл жолғы концерт «Туған күніңмен, «Бала дауысы!» конкурсының 5 жылдығына және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналды. Балалар тәлімгерлермен, өткен жылдары қатысқан финалистермен бірге танымал және авторлық ән композицияларын орындады. Байқау қорытындысы бойынша астаналық бүлдіршін Жасмина Түзелова жеңімпаз атанды. Байқау аяқталғаннан кейін Жасминаның анасымен байланысқа шығып, кішкентай балапанды жеңісімен құттықтап, сұқбаттасқан болатынбыз.

Жасмина Түзелова – қарапайым отбасынан шыққан талантты, тәрбиелі, достарына жанашыр қыз. Отбасында бес бала бар. Жасмина – үйінің кенжесі. Өзінен жасы үлкен екі ағасы және екі әпкесі бар. Бірнеше жыл бұрын отбасымен бірге Өзбекстаннан Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген. Қазір №3 мектеп-гимназияның 3-сыныбында оқиды. Отба-сында анасы өнерге жақын екен. Скрипкада ойнау мамандығы бойынша білім алып, бүгінде музыкант маманы атанып отыр. Сұқбат барысында анасы: «Әке-шешеміз бетімізден қақпай өсірді. Бұл мамандықты таңда-ма, осы мамандықты таңда деп қарсылық танытқан емес. Біз де ата-анамыздан көргенімізді жасап жатырмыз. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, балалары-мыздың даму жолында аянып қалғымыз келмейді», – дейді.

Алғашқы сұрағымыз Жасмина-ның байқаудан алған әсері мен дайындықты қалай жүргізгені жөнінде өрбіді. Өрімдей қыздың осынау жетістігі бүтін бір әулет үшін үлкен қуаныш екені айтпаса да түсінікті. Сұқбатымызға Жасминамен бірге анасы да қосылып, қызықты естеліктер айтты.

Жасмина: Мен гран-при иегері атанамын деп мүлдем ойламадым. Себебі, меніңше, өзге финалистер жеңімпаз атануға лайықты болды. «Бала дауысы» ең алдымен көптеген дос сыйлады. Достарымды өте қатты жақсы көремін. Жүрген жерімде достарыма сыйлық алып, оларды қуантқанды қалаймын. Сонымен қатар, бұл байқау маған үлкен мектеп болды. Кәсіби мамандардың алдында ән шырқап, өзімнен жасы үлкен қатысушы аға-әпкелерімді көріп, тәжірибе ала білдім. 

Анасы: «Бала дауысы» байқауына Жасмина алғаш рет алты жасында қызығып қатысқан болатын. Сол кезде Жасмина бір-екі ән шырқап, залда отырған халықты шулатқан еді. Әділ төрелік еткен қазылар алқасы да Жасминаға тамсана қарап, бірақ жасы байқау талаптарына сай келмейтінін айтты. Жасмина сол сәттен бастап сегіз жасқа толуын күтіп жүрді. Жыл сайын көктемде байқауға қатысу үшін кастинг жарияланатынын жақсы біледі. Осы жолы кастинг жарияланған соң қатысуға өтінім бердік. Әндерін ұстазы үшеуіміз бірлесе отырып таңдадық. Негізінде репертуарындағы әндерді Жасмина өзі таңдайды. Ұнаған әндерін шырқайды, ал біз Жасминаға ұнамаған әндерді айтқыза алмаймыз. «Бала дауысы» байқауында орындаған әннің вокалдық техникасы бар болғандықтан ұстазы екеуміз көне қойдық. Әрі қарай таңдаған репертуар бойынша байқауға жібердік.

Сондай-ақ Жасминаның нөміріне лайықталып жасалған сахналық қойылым да көптің көңілінен шықты. Жасминаның байқауда орындаған әні тыңдарманның көңілін аулап, жүрекке жетті. Өкініштісі, байқауға бірер күн қалғанда кейіпкеріміздің тамағына зақым тиіп, дайындықтарда ән шырқауға рұқсат берілмеген. Осыған қарамастан Жасмина әні арқылы көрермен мен қазылар алқасының жүрегіне жол таба білді. Анасы бізге сахналық қойылым мен орындаған әні, байқау алдындағы үрейі туралы тарқатып айтып берді...

– Сахнадағы қойылым расында да сәтті шыққан. Осы жұмыстың барлығын ұйымдастырып, әнге сәйкес қойылым жасаған «Бала дауысы» байқауының продюсерлері мен вокалдан сабақ беретін ұстазы еді. Барлығы жоғары деңгейде болды.

Жасминаның орындауындағы ән «Величайший шоумен» фильмінің саундтрегінен алынған. Жоғарыда атап өткенімдей, Жасмина әндерді өзі таңдайды. Фильмнің саундтрегін естіп, біраз уақыт айтып жүрді. Осы әнді репертуарындағы әндердің қатарына қосып қойдық. Әрине, ән таңдауда бітпеген шала істер де болды. Осыған қарамастан біз Жасминаның финалдық кезеңге дейін бұл әнді жоғары деңгейде алып шығатынына сендік.

Финалға бес күн қалған сәтте Жасминаның тамағы ауырып, дауысы шықпай қалды. Лор дәрігер оған «ларингит» деген диагноз қойды. Өкінішке қарай, Жасминаның финалдық кезеңге дейін дауысын шығарып ән айтуына дәрігерлер мен вокалдан сабақ беретін ұстаздары рұқсат бермеді. Байқауға бір күн қалғанда оркестрмен сахнада бір рет дайындық жасады, бірақ дауысын шығармай іштей ғана дайындалды. Ертесі күні осы дайындықпен әнін алып шықты. Бұл бізге берілген сынақ шығар. Мүмкін тамағы ауырмағанда әнін бұдан да жоғары деңгейде алып шығар ма еді?! Аллаға шүкір, бәрі де сәтті аяқталды. Мен қызымның гран-при иегері атанарын күткен жоқпын, Жасмина да ойламап еді. Бізде тек қана бір уайым болды, Жасмина ән айтқанда тамағына зақым болмаса екен деп отырдық. Жасмина әні арқылы көрерменге анасына деген махаббатын жеткізгісі келді.

Жасмина «Бала дауысы» байқауынан бөлек бірнеше ірі жобаның жүлдегері атанып үлгерген дарын иесі екенін байқадық. Бос уақытында қазірден бастап пайдалы істермен шұғылдануды жөн санайтын жас өрен вокал сабақтарынан өзге де үйірмелерге қатысып жүр екен.

Жасмина: Кәсіби вокалмен алты жасымнан бастап айналыс-тым. Нұр-Сұлтан қаласында өткен бірнеше Халықаралық байқауға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Алты жасымда алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Ол байқауда Виктор Цойдың «Кукушка» әнін орындаған болатынмын. Жеті жасымда «Айгөлек» телевизиялық байқауына қатысып, 5–7 жас аралығындағы қатысушылар ішінен гран-при жүлдесін иелендім. Сондай-ақ алты жасымда Ресейдің «Голос. Дети» байқауының кастингіне қатыстым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. «Детская новая волна» байқауында жартылай финалист болдым. Алайда пандемияға байланысты Мәскеуге баруға мүмкіндік болған жоқ. Жақында Ресей ұйымдастырған «Твой голос» онлайн байқауына қатысып, І орынды жеңіп алдым. 

Бос уақытымда фортепианода ойнаймын. Ролик тепкенді, сурет салумен айналысқанды жақсы көремін. Аулада достарым өте көп, үйге келіп шақырып тұрады. Биыл музыка мектебінде бірінші сыныпқа жаздырып берді. Вокалға, хореографияға, фортепиано үйірмесіне барамын.

Байқаудан байқауға шапқылап, екі қаланың ортасында қатынап жүру баланың күнделікті өміріне әсер ететіні рас. Бірнеше үйірмеге жазылып, байқауларға белсенді қатысу Жасминаның сабақ үлгеріміне әсер етпей ме деген сұрақ туындады. 

Анасы: Жасмина сабақты кілең беске оқиды. Орыс сыныбында оқып жүр, бірақ үйде тек қазақша сөйлейді. Кейде сабақ үлгерімі нашарлап қала ма деп те уайым-даймыз. Барынша төртке түспеуге тырысамыз. Сүйікті пәндері – қазақ тілі мен ағылшын тілі. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, Жасмина достарына адал, жанашыр қыз. Жүрген жерінде достарының қамын ойлап, қуантуға асығатын кейіпкеріміздің достарымен қарым-қатынасы туралы анасы былай дейді:

– Қызым қайда жүрсе де достарын ойлап жүреді. Телефонның артына жапсыратын заттар алып, достарына сыйлап еді. Айтпақшы, Жасмина достарының қандай түсті телефон ұстайтынын есінде жақсы сақтап алған. Сол түске қарай телефондарына арнап сыйлық таңдайды. Байқау-дың алдында қызым маған гран-придің маңызды еместігін айтатын. Өзі сондай кішіпейіл, жүрегі кең. Осындай сәттерде қызымның мейірбандығын көріп көз тимесін деймін. «Бала дауысы» секілді балаларға ертегі әлемін сыйлайтын, балалардың рухани дамуына үлес қосатын байқаудың болғанына қуаныштымын.

Жасмина әлі кішкентай болғандықтан, бәсеке деген дүние әлі ойына кіріп-шықпайды. Сахнаға шыққанда «осы қатысушыдан асырып айтсам» деген пікір ойында мүлдем болмаған. Ән арқылы халыққа ішкі сезімін жеткізу – Жасминаның негізгі мақсаты. Талабы таудай балапанның болашаққа қойған жоспары қандай? Өзін қандай жобалардан көргісі келеді? Жасминадан арман-мақсаттары туралы пікірін сұрауды да ұмытпадық.

– Болашақта Ресейге, Украинаға барып, «Голос. Дети» байқауында өзімді сынап көргім келеді. Тоғыз жасқа толсам, «Балалар Евровидениесіне» қатысу жоспарымда бар. Игорь Крутойдың «Детская новая волна» байқауын жібермей қараймын. Келешекте осы байқауға қатысқым келеді.

Иә, біз сұқбат барысында жетістікке жетуге деген ерекше талпынысы мен зор құлшынысы, келешекке деген асқақ армандары бар Жасминаны көрдік. Ата-анасының қуанышына айналған кейіпкеріміздің парасаты бізді де қуантты. Сұқбат соңын Жасминаның оқырмандарымызға айтқан жалынды сөзімен аяқтағымыз келеді:

Жасмина: Армандаңыздар! Ғажайып әлемге сеніңіздер! Өздеріңізге сеніп, тынбай еңбек етсеңіздер, міндетті түрде армандарыңыз орындалады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №43
26 қазан 2021 жыл

671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор