• Сенің замандасың
  • 18 Қазан, 2021

Би үйренген сайын жаттау да оңай

Бибімариям – би билеуге, әсіресе к-поп бағытына қызығатын жеткіншек. Оның парақшасын қарап жүргеніме біраз болыпты. Видеоларын қарасаң, сергіп қаласың. Қосылып қимылдағың кеп кетеді. Әрқайсына тыңғылықты дайындалатыны көрініп-ақ тұр. Өзі басқа елдегі танымал бишілердің курсына қатысқан екен. Талантты замандасымызбен сұқбаттасқан едік.

– Бимен кәсіби түрде айналысқан емеспін. Алайда маған билеген қатты ұнайды. Анамнан берілген өнер болуы керек, ол да жақсы машықтанған. Кішкентай кезімнен барлық қыз секілді мектепте билейтінмін. Алғашқыда биді анашым бірінші сыныпта үйреткен еді. Кейін к-попқа қызыға бастадым. Өзім сияқты қыздардың каверлерін ғаламтордан көргенде, «мен де осылай түсіре аламын ғой» деген ой келді. Алғашқы жұмысымды алтыншы сыныпта түсірдім. Ол кезде қазіргідей жақсы билей алмайтын едім. Бірақ тоқтап қалған жоқпын. Біреулер «билей алмайсың, кішкентайсың» десе, біреулер сәттілік тілеп мақтайтын. Осылай арада бес жыл өтті, – дейді биші қыз.

– Бір биді дайындауға қанша уақыт кетеді? Қалай тез жаттап алуға болады?

– Бір әннің хореографиясын толық жаттауға бір-екі сағат, күрделі болса, одан да көп уақыт қажет. Кейде бір қимылды жасай алмай, бірнеше күн қай-талаймын. Негізі би тамаша шығуы үшін бір күн жаттау жеткіліксіз. Себебі қайталаған сайын өзіңнің стиліңе сай әдемілейсің әрі нақтырақ бола түседі деп ойлаймын. Көп биді үйренген сайын жаттап алу да оңайырақ бола түсті. Бұрын тез жаттап алатын қабілетім жоқ еді. Барлығы тәжірибенің арқасында деп ойлаймын.

– Қазіргі жастарға неліктен к-поп бағыты ұнайды деп ойлайсың?

– Жастар үнемі энергияға толы жаңашылдыққа ұмтылады деп ойлаймын. К-попты тыңдауым қазақ өнерін немесе өзге тілдегі әндерді тыңдамау деген сөз емес. Өз тіліміздегі әндерді де жақсы көремін. Тек бізге к-поптың жарқын идеясы, образдары ұнайды деп ойлаймын. Біз олардың билеп тұрып тамаша ән мен рэп айтуын құрметтейміз. Себебі олар өте еңбекқор. Біз де сол еңбекқорлыққа ұмтылуымыз керек.

– Қай әншілерге қызығасың?

– Қазақ әншілерінен Айдана Меденованың өнерін ұнатамын. Өзінің ешкімге ұқсамайтын бояуы, тембрі бар. Оның отбасы мен өнерін қатар алып жүргені ұнайды. Әндері де өте керемет.

– Өзің де ән айтады екенсің... 

– Кішкентай кезімнен мектеп сахнасына шықтым. Талантымды байқаған соң, отбасым түрлі байқауларға қатыстырды. Кішкентай сахналардан бастап, Республика сарайы сахнасына дейін шықтым. Табиғатымнан берілген өнерімнің арқасында көптеген жетістікке жеттім. Негізі мені айналамдағы адамдар «әнші қыз» деп таниды. Ал би менің жақында бастаған хоббиім деуге болады. Көбіне конкурсқа арналған әндер орындайтынмын. Қазір к-поп жанрындағы әндерді айтқанды ұнатамын.

– Арнайы вокал, би сабақ-тарына қатысып көрдің бе? Өзің үйірме ашқың келмей ме?

– Үлкен конкурстарға барарда алдын ала вокалдан сабақ алу үшін бірнеше рет сабаққа бардым. Бірақ үздіксіз қатысқан емеспін. Би студияларына барып көрген жоқпын. Кейде туысқандарым «би үйретші» деп өтініш жасап жатады. Алайда менің өзгелерге үйрету қабілетім аз. Өзім тез үйреніп алсам да, үйрету оңай еместігін түсіндім.

– Жақсы, көңіл көтеру үшін сәл қиялдап көрейік. Егер саған бір ғана айдолмен жүздесу мүмкіндігі берілсе, кімді таңдайсың? Оған не айтар едің?

– Тек бір айдолды таңдау қиын. Себебі барлығы да өте талантты. The Boyz деген топпен жүздескім келеді. Соңғы жылдары олар өздерінің мықты тұстарын керемет көрсетіп жатыр. Барлық топ көп еңбек етеді. Бірі жылдам танымалдыққа ие болса, енді бірі қаншама жылдан кейін ғана әйгілі бола бастайды. Бірақ танымалдық, меніңше, сәттілік. Сондықтан мынау мықты, мынау қабілетсіз деу қате.

– Басқа елдің бишілерімен серіктес болғың келмей ме? Олармен қалай байланыса-сың? Оқырман келешекте кіммен коллабыңды көруі мүмкін?

– Барлығы интернеттің арқасы. Инстаграмды тұрақты жүргізе бастағалы бері көптеген шетелдік дос таптым. Директке жазып, қызығушылық білдіретін барлық жанға жауап беруге тырысамын. Бірақ қазір белгілі себептермен кавер жазуым тоқтап тұр. Әзір ешқандай ерекше жоспар жоқ. Бірақ қолдап, пікір жазып отыратын достарым жетерлік. Ағылшын тілі курстарына қатысып жүрмін. Ағылшын тілі бойынша жоғары оқу орнына түсу де ойда бар. Сондықтан барлығымен ағылшынша сөйлесемін. Тіпті тілді білмесең де, аударып алуға мүмкіндік көп қой. Алдағы уақытта каверларымды салуды бастағалы отырмын. Сол кезде коллаб болатын шығар.

– Болашағыңды Кореямен байланыстырасың ба? Егер ентертейменттерден ұсыныс түссе, қалай қарайсың?

– 11-сыныпта болғандықтан алдағы ҰБТ-ға дайындалып жүрмін.  Бірақ Кореяға оқуға  түскім келеді. Ондай жағдай болып, отбасым келісіп жатса, қарсы емеспін. Ал ентертейменттен ұсыныс келіп жатса, мен дайынмын.

– Сұқбатыңа рақмет! Шығармашылығыңа тек қана сәттілік, Бибімариям!

Мерей ТҰРАРБЕК,
«Ұланның» жас тілшісі. 

Түпқараған ауданы
Маңғыстау облысы

«Ұлан» газеті, №42
19 қазан 2021 жыл

2820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор