• ҰЛАН
  • 18 Қазан, 2021

Қазақ болсаң, дәл осындай бол!

Бүгін сіздермен бір қызықты тақырыпта ой бөліскім келіп отыр... Жай ғана қызықты емес, өзекті мәселені қозғап, өз пікірімді қалдырғым келеді. Әңгімені сұрақтан бастайыншы. Сіздер үшін «мықты мемлекет» деген нені білдіреді? Мүмкін біреулер үшін экономи-касы жоғары, экологиясы таза, инфрақұрылымы дамыған, жарысып салынған зәулім ғимараты көп, түрлі технологиямен қамтылған, халқының тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты жақсы ел шығар?! Бірақ мен үшін ең алдымен рухани мықты, рухы бай ел – мықты мемлекет. Неге десеңіздер, іштей өзімен жұмыс істеген, көзі ашық, көкірегі ояу, саналы, рухани бай ұлт қана өз туған елін биікке жетелей алады. Нағыз мықты мемлекет етіп жасап шыға алады.

Бұл пікірді жазуға түрткі болған «Түркістан» газетінде жарық көрген Ахмет Жұмағалиұлының «Нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді...» деген мақаласы. Мақалада автор қазақ халқының кемшіліктерін атап өтті. Мен ол кісімен толықтай келісемін. Себебі расымен де кей адамдар, жалпақ тілмен айтқанда, көп нәрсені дұрыс түсіне бермейді. Бізде демократия дейді. Бірақ ол сөздің де өзіндік ұғымы бар екенін ұмытып жатады. Кей қазақтар демократия ойыңа келгенді айту деп түсінеді. Бірақ бұл адамның өзін ғана емес, ұлтты да жаманатты етеді. Ойыңа келген нәрсені талғамай айта беру шын мәнінде әдепсіздікке, мәдениетсіздікке жататынын ұмытпаған абзал. Бұл – мемлекет. Мемлекет болған соң ортақ бағынатын заң болуы керек. Әйтпесе қалай ауызбіршілігі мықты ел боламыз? Тәртіптің алар орны зор. Ал тәртіп бар жерде білім де болады. Білімді ұлттың ертеңі күмәнсіз. Міне, айналып келгенде, бәрі адамның өзімен жұмыс істеуімен байланысты. 

Менің оқып жүрген кітабым бар. Өз басым психологияға қатты қызығамын. Сондағы оқып білгенімді бөліскім келіп отыр. Бақыттың кілті қайда екенін білесіздер ме? Кей адамдар үкімет жалақыны көтерсе, зейнетақы көп болса, мемлекет бәрімізге жағдай жасаса, бәрі реттеледі, бәріміз бақытты боламыз деп ойлайды. Жоқ, олай емес. Сіздерге бір ақиқатты айтайын, осы айтылған дүниелер орындалса да, сіз үкіметтен тағы бірдеңені күтетін боласыз. Бәрібір қанағат танытпайсыз. Керісінше, бұл тойымсыздыққа, басқаға тәуелді болып өмір сүруге алып келеді. Бұл – психологияда дәлелденген тұжырым. Біз қайткенде бақытты боламыз? Бақыттың кілтін өзімізден тапқанда ғана. Осыны, шіркін, барлық қазақ түсінсе ғой! Әр адам өзімен айналысып, ортақ тәртіпке бағынып, ешкіммен жаға жыртыспай, бейбіт өмір сүрсе, бірден халықтың жағдайы да жақсаратыны сөзсіз. Жоғарыда айтылған мақалада қазақтан артық өз ұлтын жамандайтындар жоқтығы айтылған. «Өй, біздің қазаққа оған жету қайда?» деп басқа ұлттармен өзімізді салыстыратынымызды айтады.  Мен де бұндай жағдайдың куәгері болдым. Бір емес, бірнеше рет.

Тіпті жай ғана электрик маманды шақырсақ та, басқа ұлттан болғанын жөн көретіндер бар. Сондағысы: «Қазақтар жалқау, біз орнымыздан тұрамыз дегенше...» немесе «өзбектердей еңбекқор бола алмаймыз ғой» дейді. Ал қазақта «Жақсы сөз – жарым ырысы» деген керемет нақыл сөз бар. Жақсы сөйлесек, жақсы нәрсе ойласақ, өзіміз де «жақсы» боламыз! Дүниедегі ең жаман нәрсе – салыстыру екен. Ол адамның менталды денсаулығына қатты әсер етеді. Біреуден өзін кем көру немесе біреудің жетістігін көріп, өзіңді жолы өмірі болмайтын надан сезіну  дұрыс емес. Басқа ұлттар да өзіндік қасиетімен, ерекшелігімен пайда болды. Өзгелердің жақсылығын айтуда ешқандай оғаш нәрсе жоқ. Бірақ ол үшін өзімізді қор санамауымыз керек. Өзіміз бір-бірімізді жамандасақ, ғайбат сөз айтсақ, басқалардан не күтеміз?

Бір-бірімізді қолдап, әділетті, адал болсақ, ешқандай дауыл бірлігімізден туындаған қамалды сындыра алмайды. Сол кезде қоғамымыз мықты болмақ. Бір-бірімізге жанымыз ашымаса, сырттан келіп ешкім жағдайымызды жасамайды. Қазақстан демократия прин-циптеріне негізделген, мемле-кетшілдік идеясы мығым мемлекет болсын десек, бірге еңбек етуіміз керек. Мақалада жазылғандай, Ахмет Байтұрсынұлы: «Бі­лім­ді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы ке­рек­тердің жолында жұмыс істеу керек», – дей­ді. Осы сөздерді оқып, кәдімгідей ойға шомып кеттім. Шынымен қатты ұнады. Әрбір жетістіктің артында үлкен еңбек бар. Еңбектенген адамда әрекет бар. Әрекет етіп жүрген адамда қандай да бір ниет бар. Сол ниетіміз түзу болса болғаны. Қалғаны өзі-ақ реттеліп шыға келеді. 

Бойымызда қандай қасиет болуы керек десек,  ең алдымен білімділік, еңбекқорлық, кәсі-билік, тәртіп, әділеттілік, адалдық, ұқыптылық пен тиянақтылық екен. Осы қасиет-тер әрбірімізден табылса, басқа  қабілеттер өзі-ақ біздің бойымыздан шыға келеді. Сонда ғана Қазақстанымызды «тұғыры биік» мықты мемлекет етіп жасап шығамыз. Әр адам өзімен рухани тұрғыда жұмыс жасаса, нағыз бақытты ешқандай да сыртқы факторға тәуелді етпесе, шынайы жанның тыныштығын сезінсе, бақыт пен қуанышты еш себепсіз өзінен сезсе, сонда ғана адам моральдық тұрғыда сау болады. Ондай адам біреуге тәуелді болып өмір сүрмейді, өзгелерді құрметтейді, артық шу шығармайды, негативпен ойын толтырмайды және алдына үлкен мақсаттар қояды.

XXI ғасыр – білімділер заманы. Ары қарай да тек білімді, ақылды жандар озып шығады. Сондықтан әрбір қазақты жас ерекшеліктеріне қарамастан білім алуға шақырар едім. Білім – адамның ең мықты қаруы. Осыны жас буынның санасына жақсылап бекіту қажет. Жастар ғана емес, ересектер де бар уақытын жұмысқа ғана арнамай, өзіне, өзінің дамуына тым болмаса күніне 20 минут уақыт бөлуі керек. 

Әр адам уақытын пайдалы жұмсаса, білім қуса, құлдық санадан біржола арылса, қандай керемет өмір сүреді. Ол үшін ешқандай шет елге барудың да қажеті жоқ. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Еліміздегі өзге ұлттарды бөліп-жармай, бәріне сыйластықпен қарау қажет. 

Қорытындылай келе айтарым, ең алдымен сананың құлдырауына алып келетін блок ойлардан арылу керек. Өз ұлтын жамандауды тоқтату керек. Қазақстанның болашағына сеніммен қарау да маңызды рөл атқарады. «Көп түкірсе – көл» демекші, бәріміз ойымыз бен сөзімізді реттесек, өзімізге сенсек, бәрі де біз қалағандай керемет болады. Ал Қазақстанымыз қоғамдық бірлігі күшті мықты мемлекетке айналады. Ауызбіршілігі нық ұлт қана мемлекетін биікке шығара алатынын естен шығармайық. 

Айдана ПЕРНЕҚҰЛ,
ХАТУ студенті.

«Ұлан» газеті, №42
19 қазан 2021 жыл

384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор