• ҰЛАН
  • 18 Қазан, 2021

Жас зерттеушілердің жаңалығы

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары 2021 жылы «Туған елге тағзым» ауқымды аймақтық зерттеу экспедициясы аясында шығармашылық жұмыстар мен жобалар желілік байқауының жүлдегері болды.

Барлығы он сегіз жұмыс ұсынылды. Соның ішінде «Біздің күшіміз бірлікте» аталымында 10-сынып оқушылары Альбина Арзенова, Нұрай Мұхамбет, Тоғжан Ұлжабай «Игі бастама» әлеуметтік жобасын ұсынды. Ал жігіттер болса, Алматы облысында көмекке мұқтаж адамдар мен отбасылар туралы ақпаратты тез табуға мүмкіндік беретін Телеграм  бот құрды. «Бастау» батырмасын басу арқылы бот көмек сұрағаныңызды немесе көмек көрсеткіңіз келгенін көрсетеді.  Осылайша, олар қайырымдылық жасаушылар мен мұқтаж жандарға арналған екі санат бойынша ақпарат табу міндетін жеңілдете алды. Үздік жобаның тағы бірі – «Игі бастама» әлеуметтік жобасы. Авторлардың жоба жайлы пікірі мынадай:

 – Алматы облысында жүргізген зерттеуіміз бойынша, 300 мыңнан астам отбасы көмекке мұқтаж. Бұл тақырыпты зерттеу барысында қайырымдылық ұйымдарының өкілдерімен кездестік. Сонымен қатар кейбір отбасылармен сөйлестік.  Бақылау  көрсеткендей, бізде көптеген қор, ұйым, көмек көрсететін мекемелер және мұқтаж адамдар бар. Бірақ бұл ақпарат жүйеленген бірыңғай алаң жоқ, – дейді

Желілік байқаудың қорытындысы бойынша жас зерттеушілердің жобасы үшінші орынға ие болды. 12-сынып оқушысы Юрий Кимнің «Біздің күшіміз бірлікте» номинациясындағы Youth жеке жобасы екінші орынды жеңіп алды. 
Youth – идеясын көпшілікке жеткізуге, қоғамның дамуына үлес қосуға, еріктілікті насихаттауға және әркімнің шығармашылық әлеуетін қолдайтын әрі оны дамытуға болатын мүлде жаңа жобалар жасауға дайын жігіттердің шығармашылық одағы. Қазіргі уақытта шығармашылық топ үш жобаны жүзеге асыруда: «WannaBe» қызықты адамдармен сұқбат, «HomeGod» хайуанаттар волонтерлік жобасы, «Together» еріктілер жобасы.

«HomeGod» хайуанаттар волонтерлік жобасына сәйкес, жігіттер үйсіз жануарларға арналған үйшіктер жасады, ал жеті жыл бойы олар мектеп асханасынан қалған азық-түлік қалдығын жануарларға беріп жүрді. Олардың қатары толығып отырады. 

Зияткерлік мектептің 8-сынып оқушылары Аружан Мамырова мен Амина Қайратқызының «Қоқыс мәселесін шешу» командалық жобасы «Жас эколог» арнайы номинациясымен марапатталды. Аружан мен Аминаның зерттеуіне сәйкес, Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, адамзат жыл сайын 2 миллиард тоннадан астам тұрмыс-тық қатты қалдық шығарады. «Неліктен барлық қоқыс қайта өңделмейді?» деген сұраққа жауап тауып та көрді. Қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі себебі – қалдықтарды сұрыптаудың бастапқы процесінің күрделілігі.

Бұл мәселені шешу үшін талдықорғандық әзірлеушілер қоқыстың физикалық қасиеттеріне негізделген қоқысты сұрыптауға арналған роботты конвейерлік желі жобасын ұсынды. Олардың әрқайсы тек қоқыс түрін ғана таңдайды. Оқушылар қоқыстың сұрыпталатын санаттары үшін физикалық қасиеттер кестесін құрды. Оның негізінде сұрыптауды қандай физикалық қасиеттер бойынша жүргізуге болатынын көруге болады. Мысалы, қуатты желдеткіш шығаратын ауа ағыны арқылы қағаздың бір бөлігін бөлуге болады. Бұдан басқа барлық өзге фракциялар суға түседі, онда пластикалық фракция қалқып шығады, осылайша алынады.  Қалған қалдықтар қайта өңделмейтін қалдықтар бөліміне түседі.

Айгерім ЕСІМХАН,
№12 мектеп-гимназияның 11 «Ә» сынып оқушысы.

Талдықорған қаласы

«Ұлан» газеті, №42
19 қазан 2021 жыл

340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор