• ҰЛАН
  • 12 Қазан, 2021

Алматыда бірінші баруға тиіс орындар

Бір ай бұрын «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттеріндегі әріптестер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясын ұйымдастырған болатын. Еліміздің солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс аймағын түгел қамтып, туристік орындарды кеңінен таныстырды. Өткен аптада тәуелсіздігіміз тұғырға қонған Алматы қаласында экспедиция сапары аяқталды. Экспедицияға қатысқан алматылық журналистер  Тәуелсіздік монументі алдына гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Экспедиция басталғанда аға басылымдардағы әріптестерімізге қызыға қарағанбыз. Бұл жолы өзіміз де сол топқа еніп, Алматының туристік орындарын аралап шығудың орайы түсті. Бір топ журналист шағын автобусқа отырып, қала көшелерін шарлап барамыз. Алматы Мәдениет басқармасынан бекітілген кәсіби гид, экскурсия жетекшісі Айдын Ақыш ә дегеннен қала тарихын қызықты етіп баяндай бастады. Жүріп өткен әрбір көшені қалтарыста қалдырмай, олар туралы мәліметтер айтып келеді. «Бұрын Сейфуллин Алматыдағы ең ұзын көше (11060 метр) болатын. Қазір ең ұзын көше – Рысқұлов», – деді Сейфуллин даңғылынан өтіп бара жатқанымызда.

Көктөбе

Жоспар бойынша бірінші баратын нүктеміз – Көктөбе демалыс аймағы екен. Иә, Алматыға келген адамның бірінші көретіні – Көктөбе. Мұнда ең биік телемұнара орналасқан. Биіктігі – 371,5 метр. Бізді Көктөбе саябағының дамыту жөніндегі директоры Ғалия Қалилаева күтіп алды. Ғалия ханым саябақтың тари-хына шолу жасап, ондағы әрбір жәдігермен таныстырып шықты. Жалпы, Көктөбеге арнайы машина жүретін жол арқылы көлікпен де, жаяу да көтерілуге болады. Бірақ Көктөбеге жетудің ең әсерлі нұсқасы – аспалы арқан жолымен көтерілу. Оған Достық даңғылы бойында орналасқан (дәлірек айтқанда, Республика сарайының маңынан) бекеттен мінесіз.

Аспалы арқан жолдың қашықтығы – 1620 метр. 6-7 минуттың ішінде Алматы-ның әсем табиғатын тамашалап жетіп барасыз. Аспалы жолдың құрылысы Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен 1965 жылы басталған. Жалпы Көктөбе құрылысы 1967 жылы 4 қарашада аяқталған. Бастапқыда екі вагон ғана жолаушы тасымалдаған. Алғашқы вагон-дардың түсі  көк және қызыл болған. Қазір екеуі де Көктөбедегі ашық аспан астындағы мұражайда сақтаулы. Демалыс аймағын мұқият аралаған адам көріп, суретке түсуіне болады. Тап қазіргі кезде аспалы көпірде 17 жаңа гондоль кабина жолаушы тасымалдайды. Терезелерін ашып, желдетуге де болады. Әр кабинаға 8 адамға дейін сыяды.

Көктөбеден төменге құлдилап түсіп, қайта көкке айналып шығатын Fast Coaster аттракционы кез келген адамды қызықтырады. Әлем бойынша тап мұндай тауда орналасқан темір жолды аттракционның біріншісі Швецияда, сосын осы Көктөбеде салынған екен. Ұзындығы бойынша да дүниежүзіндегі екінші аттракцион. Сағатына 45 км
жылдамдықпен жүреді. Бас-аяғы 6 минутта айналып шығады. 160 келі салмаққа дейін көтереді.

Осы аттракционнан өте салғанда «Қолына кәдесый ұстаған қыз» деген әдемі мозаиканы көзіміз шалды. Көрсең, көз тоятындай өнер туындысы. Алматыға бізден ертерек келген әріптестер бұл композицияны бірден таныды. Сөйтсек мозаика кезінде әйгілі «Қазақстан» қонақүйінің алдында  тұрған екен. Ғалия Мейрамбекқызы мұнда қалай тап болғанын айтқанда, жүрегіміз шым-шым ете қалды. Қайбір жылы қонақүйде жөндеу жүріп жатқанда мозаиканы ысырып алып тастамақ болыпты. Тап сол сәтте осы туындыны жасаған  суретші Молдахмет Кенбаевтың Азамат деген ұлы троллейбуспен қонақүй маңынан өтіп бара жатады.

Әкесінің көз майын тауысып жасаған еңбегін керек қылмай, бұзып жатқанына жаны күйіп, жанұшыра құрылысшыларды тоқтады. Сөйтіп мозаиканы ұқыптап алдырып, үйіне алып кетеді. Кейін кәсіпкер Ерлан Қалиев сатып алып, Көктөбеге тарту еткен екен. Тап қазір Көктөбенің шырайын ашып тұрған экспонаттың бірі.

«Шабуылдаушы бұқа» деген атпен тұрған үлкен бұқаның мүсіні де келушілерді бей-жай қалдырмайды. Тап осындай мүсінді Нью-Йорктің атақты Уолл-стритінен көруге болады. Бұқаның мүйізін ұстап суретке түскен адамның жолы болып, табысқа кенеледі деген наным бар. Сол себептен де бұл мүсіннің көшірмесін Көктебеде қоюды отандық кәсіпкерлер жөн санаған екен. 

«Шолу дөңгелегі» аттракционының биіктігі 30 метрге жетеді. Орналасқан жерін қоса алғанда теңіз деңгейінен 1 130 метр биікте. Бұған дейін ең биік «Шолу дөңгелегі» Сочиде болған. Ал Көктөбедегі аттракцион бейресми дерек бойынша одан да биік. «Шолу дөңгелегінің» әр кабинасында 6 орыннан 20 кабина орнатылған. Қысы-жазы тоқтамай жұмыс істейді. «Шолу дөңгелегінен» Алматының айналасы алақандағыдай көрінеді. 

Алматы – апортымен танымал болған қала. Кезінде қазіргі әл-Фараби мен Назарбаев көшелерінің қиылысында тұрған субұрқақты апорт ескерткішінің де Көктөбеде жайғасқанына біраз болды. Қонақтар апорттың жанына келгенде тілек тілеп, суға тиын лақтырады. Жалпы, Көктөбеде Алматының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер жетерлік. «Иә, бұл Алматының анау жерінде тұрған» деп айтылатын естелік көп-ақ.

Келушілердің суретке түсуге құмартатын орнының бірі – әйгілі «Битлз» тобының ескерткіші. Сондай-ақ Көктөбеден хайуанаттар бағын тамашалап, мейрамханалардан дәм татуға болады. Тарихи деректерде Кенесары Көктөбеде кеңес құрғаны да айтылады. Қалай десек те, Көктөбе қазақ тарихындағы ерекше орын саналады.

Медеу

Көктөбеден соң Медеуге қарай жол тарттық. Экскурсия жетекшісі Айдын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде туризм саласын арнайы оқыған екен. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, ән айтып, домбыра да тартатын бесаспап маман. Өзіміз күнде көріп жүрсек те мән бере бермейтін дүниелер туралы тарихи деректерден сыр шертіп, рухтандырып келеді. «Шетелдік қонақтарға елімізді осылай таныстырады ғой» деп сүйсініп қалдық. Айтпақшы, пандемияға дейін Алматы нағыз туристік аймақ ретінде шетелдіктер көп келетін қала болғанын да айтып қалды. Тіпті 2019 жылы шетелдіктерге гид қызметін көрсететін мамандардың тапшылығы сезіліпті.

Медеу туралы әңгімемізге қайта оралсақ... Медеу – дүниежүзіндегі ең үлкен жасанды мұз айдыны. Сондай-ақ ең тайғақ мұз саналады екен. Себебі табиғи бұлақтан аққан су арқылы жасалатын мұз кристалы басқаларға ұқсамайды. Айдын теңіз деңгейінен 1691,2 метр биік-тікте. Медеу спорт кешені 1972 жылы пайдалануға берілген. Құрылысына қатысқан 10 архитектор да 1975 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған. Айдынның астыңғы қабатына ұзындығы 170 метрлік салқындатқыш темір құбырлар тартылған. Қыстың күні жасанды мұздың қалыңдығы 10–15 сантиметрге дейін жетеді. Медеуге қарашадан бастап, наурыз айының соңына дейін жаппай сырғанауға баруға болады. Сенбі-жексенбі күндері 9 мыңға дейін әуесқой сырғанаушыларға қызмет көрсете алады.

 Медеуге барған адам денсаулық баспалдағына көтерілмей кетпейді. Онда 842 баспалдақ бар. Бірақ әркімнің өз шындығы бар дегендей, баспалдақты әркім әртүрлі санайды. Баспалдақ санау да келушілердің қызық ермегі. Баспалдақ арқылы көтерілгенде селден қорғайтын платинаның үстіне шығасыз. Бұл платина адамзат тарихында таудың ортасын жарып салған бірінші құрылыс саналады.   

Платинаға баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда орта тұста демалатын орын бар. Бұл жаздық бастырманың сыртқы тұрпаты ұшып бара жатқан қарлығаштың қанатына ұқсайды. Кезінде ол «Қарлығаш» («Ласточка») деген кафенің жоспары ретінде салынған. Ал қазір адамдар денсаулық баспалдағының дәл ортасындағы осы жерде аялдап, жоғары қабатына көтеріліп қаланы, табиғатты тамашалайды.

Шымбұлақ

Медеу арқылы Шымбұлаққа аспалы арқан жолмен де, жаяу да баруға болады. Жол көрсетушіміз Айдын баспалдақты қоса есептегенде Медеуден Шымбұлаққа дейін жаяу төрт сағатта жетуге болатынын айтады. Ол осы жазда үш, бес жасар балаларымен төрт сағатта жаяу жеткен екен. Екі аралық-тағы жолдан адасамын деп қорықпаңыз. Өйткені машинамен де, жаяу да жүруге ыңғайлы асфальт төселген. Сол арнайы жолға түсіп алсаңыз, адастырмай апарады. 

Шымбұлақ – теңіз деңгейінен 2100 биіктегі тау-шаңғы курорты. Кеңес үкіметі кезінде тау шаңғышыларының олимпиадаға дайындық өткізетін кешені ретінде пайдалануға берілген. Әлемдегі шаңғы тебуге ең қолайлы, сапалы курорт саналады. Қыстың кезінде Шымбұлаққа келушілер көп болады. Маусым қарашаның соңында басталып, сәуірге дейін жалғасады. Шаңғы теуіп үйренушілерге арналған мектеп те жұмыс істейді. 

«Жаздыгүні Шымбұлақта не бар дейсің, оның қызығы қыста ғана» дейтін болсаңыз, қателесесіз. Тауда серуендеуге, арнайы спа салонның бассейнінде жүзуге, тау велосипедін тебуге, параплан мен парашюттен секіруге болады. Шымбұлақ атауына байланысты екі түрлі пікір бар. Бірі шыңнан бастау алатын бұлақ бар болғандықтан дұрыс атауы Шыңбұлақ десе, екінші тарап бұлақ бар жерде шым болатындықтан Шымбұлақ атауы дұрыс дейді. Мәселен, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында шыңның бұлағы, яғни Шыңбұлақ деп көрсетілген. 

Айтпақшы, қазақтың әйгілі фильмі «Тақиялы періштеде» Медеу мен Шымбұлақтың табиғатына қызыққан Тайлақ пен сүйіктісі «Швейцария» деп тамсанатыны естеріңізде ме? Иә, онда барсаңыз, сіз де «бұл – Қазақстан» деп мақтанышпен айтасыз. Мұнда болған әрбір адамның туған жерінің сұлулығына ғашық болмауы мүмкін емес!

Боралдай сақ қорғандары

Алматы қаласындағы «Музейлер бірлестігіне» жеті музей кіреді: Алматы музейі, Ықылас атындағы музей, Д.А.Қонаев атындағы музей, Н.Тілендиев атындағы музей, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы музей, мультимедиалық музей және ашық аспан астындағы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық кешені. 

Экспедиция кезінде сақ қорғандарына арнайы аялдадық. Ол қаланың Алатау ауданында, Үлкен Алматы мен Боралдай өзендерінің арасында, әуежайға жақын маңда орналасқан. Мұнда шамамен б.з.б. 1-мыңжылдықта сақ тайпалары мекен еткен. Археологиялық кешенде 47 қорған, 200-ден аса оба бар. Олардың ең үлкенінің биіктігі 18 метр, диаметрі – 120 метр. Үлкендігіне байланысты оны «Хан қорған» деп те атайды. Ашық аспан астындағы музейден ортасынан жарылған қорған мен ежелгі сақ тұрғын үйінің макетін де көрдік. Макет-қорғанда көне дәуірдегі жерлеу ғұрпы қалай болғанын жасақтап қойған.

Археологиялық кешендегі төмпешік-төмпешік болып үйілген топырақ астында не жатқанын келушілер осы макет арқылы біле алады. Кеңес үкіметі кезінде бұл маң ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланғандықтан, біраз қорған егістік үшін жыртылып, жойылып кеткен. «Шаңырақ» ықшам-ауданын саларда тұрғындар топырағын құрылысқа да пайдаланған. Тап мұндай тарихи ескерткіш дүниежүзінде Будапеште және осы Борал-дайда сақталған. 

Алматы қаласының маңында көне заманға тиесілі қорғандар көп. Мысалы, электр жылыту станциясының маңын-да да кездеседі. Сондай-ақ жаппай үй салу кезінде «Тастақ» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің астында екі қорған қалып қойған. «Сондықтан қазба жұмыстарын жүргізу мүмкін емес», – дейді қызметкері. 

Египеттегі пирамидалар әлемдік мәдениетте қандай аңыз әрі тарихи жәдігер болса, сақ қорғандары да сондай мәдениеттің бөлшегі. Болашақта археологиялық кешенде атпен серуендеу, бие сауу секілді қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын дәріптейтін көріністерді көруіміз мүмкін.

Отандық туризм мәселесі

«Пандемияның оң әсері – отандық туризмге көңіл бөлуге мүмкін туғызды. Біздің экспедицияның да мақсаты – көпшілік біле бермейтін тарихи орындарды жалпақ жұртқа кеңінен насихаттау, халық назарын аудару», – дейді «Egemen Qazaqtan» республикалық газеті АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ. Расында биыл отандастарымыздың көпшілігінің шет ел аспай, еліміздің түрлі аймағын саяхаттап, жас өскіндерді туған жерімен таныстырғанын байқадық. 

Туризм саласында қолға алуға тиіс мәселелер көп-ақ. «Елімізде туризм саласы неге кенжелеп қалды?» деген сауалды экспедиция жетекшісі Айдын Нұрдәулетұлына да қойған едік. «Біріншіден, шетелдіктерге визасыз кіру мәселесін соңғы кезде ғана реттеп келеміз. Шетелдік туристер виза алып жүруге қиналады. Өткенде украиналық блогерлер Алматыға келіп кетті. Содан кейін елімізге Украинадан келетін туристердің саны кәдімгідей артты. Олар виза алып жатпайды. Тікелей арзанырақ әуе қатынасы да ашылған. Егер осындай жағдай болса, туристер көп-теп келуі мүмкін. Сондай-ақ біздің халық туристердің келуіне дайын болмады. Алматы облысына келген туристерді тонап кеткен жағдайлар да кездескен. Бұл туристер үшін «Қазақстан саяхаттап баруға қауіпті ел» деген түсінік қалыптастырады. Біздің халық енді ғана туристерге қызмет көрсету арқылы табыс табуға болатынын түсініп келеді. Шетелдік туристер үшін ең қолайлы жер – Алматы қаласы мен облысы. Өйткені баратын жерлердің арасы тым қашық емес. Кейде бізге: «Неге сендер Жошы хан жатқан Ұлытауға туристік маршрут ұйымдастырмайсыңдар?» деген сын-пікірлер айтылады. 7-8 сағат ұшақпен ұшып келген шетелдік туристі Алматымен арасы бір күн болатын Ұлытауға апарсаң, шаршап қалады. Оның үстіне бізде автожол мәселесі де қиын», – дейді.

«XXI ғасыр – әлем халықтарының саяхаттау ғасыры» дегенді де жиі естиміз. Ендеше, әлемді саяхаттауды туған жерден бастайық!

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ
Суреттер 
«Egemen Qazaqstan» газетінен және ашық дерек көздерінен алынды

«Ұлан» газеті, №41
12 қазан 2021 жыл

1720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор