• ҰЛАН
  • 11 Қазан, 2021

Балаңыз бюджетін жоспарлай алсын десеңіз...

Балалар әдетте ақшаны копилкаға салып жинайтын. 16 жасқа толғаннан кейін ғана жинақ шотын ашып, банк картасына ие болатын. Ал пандемия уақытында қолма-қол ақшаны пайдалану вирус таратуы мүмкін болғандықтан, дүниежүзіндегі банктер  балаларға да карта ашып, соны пайдалануды ұсынды. Бұл үрдіс біздің елімізде қандай? Балалар қанша жастан бастап өз шоты мен банк картасын пайдалана алады? Оның жауабын бірге білейік.

Jysan Bank – 5–16 жастан, «Сбербанк» – 6–14 жастан, «ЦентрКредит» – 6–18 жастан, Halyk Bank – 6–18 жастан, ал Kaspi Bank 10–16 жастан балаларға арнап төлем картасын ашуға рұқсат береді. Карта арқылы  балалар жинағын басқаруына болады. Ата-ана шығынды бақылап, қажет болған жағдайда ұсыныс бере алады. Аталған банктерде карта ашу көп уақытты алмайды. Оған ата-ана мен баланың жеке басын дәлелдейтін құжаттар жеткілікті. 

Jusan bank  балаларға арналған банк картасын ата-ананың шотына қосымша ретінде ашады. Шот ата-ананың, карта баланың атына тіркеледі. Балалар картасын шығару ата-анада/қамқоршыда мультивалюталық карта болған кезде ғана жүзеге асырылады. Ата-аналардың балалар картасы бойынша лимиттерді басқару мүмкіндігі бар. Мысалы, интернет желісінен тауарлар сатып алуды қадағалай алады.

Балалар картасына мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруге болады. Егер сізде қолданыстағы мультивалюталық карта бар болса, Балалар картасына мобильді қосымшада «Картаға немесе өнімге тапсырыс беру» бөлімінде > «Jusan Junior» (Балалар картасы) таңдау  > дизайн таңдау және әрі қарай қажетті жолдарды толтырып, ыңғайлы жеткізу орнын таңдау арқылы тапсырыс бере аласыз. Jusan bank мультивалюталық картасы болмаса, ең алдымен Jusan pay мультивалюталық картасына тапсырыс беріп, сосын мобильді қосымшадан Балалар картасын шығару керек.

Балалар картаны жасат-қанда «Jusan Junior» жеке мобильді қосымшасы мен Ата-ана тапсырмаларын орындағаны үшін балл жинай алады. Телефонға бірлік салумен қатар жолақысын төлеуге де қолайлы. 

Балаға арналған Kaspi Gold – Kaspi банктің балалар үшін арнайы жасаған картасы. Kaspi Gold-пен балаңыз дүкенде, интернетте зат сатып ала алады, сондай-ақ кез келген банкоматтан ақша алуына болады. Балаға арналған картаны ата-анасының біреуі не қамқоршысы өзінің мобильді қосымшасында рәсімдеп алады. Содан кейін Kaspi картоматтан ала алады. Балаңыз Kaspi.kz мобильді қосымшасында бірден ақша аударымын алып, Kaspi-дің басқа клиентіне ақша аудара алады. Балаға арналған Kaspi Gold ата-анасының Kaspi Gold картасына қосымша карта ретінде рәсімделеді. Сіз өз Kaspi. kz мобильді қосымшаңызда балаңыз қанша ақша жұмсаға-нын, аударғанын қадағалап, интернетте зат сатып алуға рұқсатын басқара аласыз,  картаны бұғаттауыңызға да болады. Балаңыз сатып алған затының ақысын Kaspi Gold картасынан төлеп, бонус жинай алады. Жұмсалған соманың 0,5%-ы әрдайым бонус түрінде есептеледі. Балаңыз Kaspi Gold-пен ұялы телефонның, көліктің, билет құны мен ойынның ақысын комиссиясыз төлей алады. 10–16 жастағы балаңызға Kaspi Gold картасын өз Kaspi. kz қосымшаңыз арқылы аштыра аласыз. Балаңыздың картасы сіздің Kaspi Gold-ыңызға қосымша карта болады. 16 жастан бастап балаңыз өз бетінше Kaspi.kz мобильді қосымшасында Kaspi Gold аштыра алады.

Halyk Easy балалар картасы – 6–16 жас аралығындағы бала-ларға арналған Halyk bank өнімі. Картаны алу үшін жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі керек. 6-дан 16 жасқа дейінгі баланың жеке куәлігін тіркеп, карта 3-7 күн ішінде дайын болғанда банк бөлімшесіне барып ата-ана ала алады. Halyk Easy картасы иесінің (ата-анасы немесе жақын туыстары) негізгі шотына қосымша карта аясында шығарылады.

Енді балаңыздың күнделікті шығынына алаңдамайсыз, Halyk Easy картасына кез келген соманы оңай аудара аласыз. Енді балаға қолма-қол ақша ұстаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, Halyk Homebank қосымшасында картаның шығыны туралы ақпаратты көре аласыз.

Балаларға банк картасының қажеттігі, оны пайдаланудың артықшылығы туралы қаржыгер  Дәулет Мұқаев былай дейді: «Балаларға арналған банк картасы керек, себебі қазірден бастап балаларға қаржылық сауаттылықты үйретуіміз қажет. Карта ұстау – заманның талабы. Балалар өскен кез-де қолма-қол ақша мүлде болмауы мүмкін. Барлығын картада ұстауға ыңғайлы. Балаларымыздың қаржылық сауатын арттыру барысында банк картасын ұстағанын қолдаймын. Сәйкесінше, банктер де лимит қойып жатыр. Мысалы, айына 10 мың, 30 мың теңге ғана. Бұл дұрыс. Себебі көп ақша болса, балалар бәрін жаратып тастауы мүмкін. Сондықтан балалар асханаларға, шағын дүкендерге кірген кезде өзіне керекті затының ақысын картамен төлеуі керек. Бұл бір жағынан қауіпсіздік мақсатында да дұрыс, баланың қолындағы ақшасы жоғалып қалмайды. Болмаса бұзақылар қағаз ақшаны тартып алмайды дегендей артықшылығы бар».

Дебет карталар балалары-ңызға карталардың қауіпсіздігі мен оны қолданудың қаупі туралы қаржылық білім беруге мүмкіндік береді. Оларды банк ақпаратын, карта нөмірлері мен ПИН кодтарды құпия сақтауға үйретіңіз. Әлеуметтік желілерде ешқашан дебет картаның суреттерін жарияламау керек. Егер суреттерді интернетке жүктесе, баланың картасынан ақша ұрлануы әбден мүмкін. Картаны жасатқанда осындай ескертуді айтуды ұмытпаған жөн. Балаға кейде қолма-қол ақша керек болуы мүмкін. Сонда өз картасын банкоматқа салу арқылы ақша ала алады. Бірақ шексіз транзакциялар шотыңыздан шексіз ақша алуды білдірмейді. Қолма-қол ақшаны алудың алдында балалардың банкоматтардан қолма-қол ақшаны алудың күнделікті лимиті туралы хабардар екеніне көз жеткізіңіз. Себебі кейбір банктер арнайы лимит қояды.

Карта не үшін қажет?

Төлеу. Картамен төлеу қолма-қол ақшадан гөрі оңай және жылдам. Ақшаны қайта есептеп, қалғанын күтудің қажеті жоқ. Сатушы қайтарымға ақша таппай қалады деп уайымдамайсыз. Егер сатып алуға ақша жетпесе, жақындарыңыз жетпеген соманы кез келген уақытта картаға аудара алады.

Сақтау. Бұрын ақшаңызды арнайы әртүрлі ақша жинағышта сақтасаңыз, енді тек картаның өзінде де сақтауға болады. Картаға сақтасаңыз ақша жинайтын «копилка» сатып алмауға болады.

Бонустар алыңыз. Картамен төлеу кезінде олар әртүрлі көлемде бонустар береді. Мысалы, сатып алғаныңыз үшін ұпай жинай аласыз. Содан кейін оларды сыйлыққа айырбастауға болады. Оны телефоныңызға бірлік ретінде, жолақысын төлеуге қолдануға болады. Бонустық бағдарламалар туралы банктің ресми сайтынан немесе мобильді қосымшасынан білуге болады. Алайда картаны барлық жерде қабылдамайтынын есте ұстаған жөн. Шағын дүкендер сізден қолма-қол ақша төлеуіңізді сұрауы мүмкін. Сондықтан кез келген жағдайда қолыңызда қолма-қол ақша болғаны жөн.

Баспаналы бала бол

Көбіміз жеке үйіміз болса деп армандаймыз. Бірақ үйді тек үлкендер ғана алатын сияқты көрінеді. Мектеп бітіргенше өз үйің болғанын қаласаң, мақаланың осы тұсын түсініп оқып алғаның жөн. Otbasy bank-те «Арнау» депозиті бар екенін білесің бе? Бұл – сенің болашағың үшін тамаша шешім, өйткені кәмелеттік жасқа толғаннан кейін ең төменгі пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігі беріледі. Әдеттегі депозитте ең төменгі несие мөлшерлемесі 3,5% болса, «Арнау» бойынша жылдық мөлшерлеме – 2%. Депозитті қазірден бастап ашып, мүмкіндігінше ақша салып, мектеп бітіргенге дейін бастапқы жарнаны жинап қоюға болады. «Арнау» депозитінің шарттары: Кем дегенде 10 жылға ашылады. 

Бастапқы жарна – болашақ тұрғын үй құнының 50%-ы. Несиелеу мөлшерлемесі – 2%. Ата-ана баланың депози-тінде ақша жинақтаған кезде банктің жылдық 2% мөлшеріндегі сыйақысы және Мемлекеттің жыл сайынғы 20% мөлшеріндегі сыйлықақысы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептеледі) қосылады. 18 жасқа толғаннан кейін баланың төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндігі болуы өз алдына, төлем қабілетін растау про-цедурасының өзі де жеңілдейді. Еңбек мансабының басында жастар үшін бұл өте өзекті. «Арнау» депозитін банк бөлімшелерінде де, кеңес беру орта-лықтарында да, www.hcsbk. kz сайтындағы видеобанкинг операторлары арқылы да ашуға болады. Балаға «Арнау» депозитін тек ата-аналар немесе қамқоршылар ғана аша алады. Ал толықтыруда әжелер, аталар, ағалар, әпкелер және тіпті ұйымдар да қолдау көрсете алады. Бұл бастапқы жарнаны тезірек жинауға мүмкіндік береді. «Арнау» депозитін басқа депозиттермен біріктіруге немесе екінші тұлғаға табыстауға болмайтынын, сонымен қатар оған басқа тарифтік бағдарламадан өтуге болмайтынын есте ұстаған жөн.Балаңыз мектепке барған кезден бастап ақша жинасаңыз, балаңыз мектеп бітіргенше баспаналы бола алады. «Теңге тиыннан құралады» деген сөзді естен шығармайық. 

Нұрлыхан 
ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №41
12 қазан 2021 жыл

572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор