• Әуез
  • 11 Қазан, 2021

«Waterman» сыйлығын алған тұңғыш қазақ

Жуырда Англияның Лидс қаласында ХХ пианистер байқауы өтті. Отандасымыз Әлім Бейсембаев сол сайыста топ жарды. Жеңімпаз «Waterman» алтын медалі мен 25000 фунт стерлинг сыйақыға ие болды. Оған қоса, Warner Classics компаниясы ұйымдастырған дауыс жазуға және Steinway&Sons тарапынан еуро тур жасауға мүмкіндік алды. Әлім XX–XXI ғасырлардағы үздік туындыларды жақсы орындағаны үшін берілетін Ливерпульдегі корольдік филармония қауымдастығының марапаты мен medici.tv нұсқасы бойынша көрермен көзайымы сыйлығына ие болды. Әлім мырзаны шын жүректен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.

– Музыка саласындағы жолыңыз қалай басталды?

– Музыкалық аспапта ойнауды бес жасымнан бастадым. Бірде ата-анам мені ойыншықтар дүкеніне апарып, кез келген нәрсені таңдауыма мүм-кіндік берді. Мен кішкентай ойыншық фортепианоны таңдадым.  Сол күннен бері бұл аспап өмірімнің бір бөлшегіне айналды. К.Байсейітова атындағы мектепте, Жания Әубәкірованың музыка мектебінде оқыдым. Мәскеуде Орталық музыка мектебіне бардым. 12 жасымнан бастап Лондондағы Пурселл мектебінде оқыдым. Қазір Лондондағы Корольдік колледжде магистратурада оқимын.

– Бала күніңізде қатысқан ең ерекше байқау есіңізде ме? 

– Қатысқан байқаулардың бәрі есімде. Бала кезімде жарыстарға қатысқаннан гөрі өнер көрсеткен ұнайтын, әлі күнге дейін солай. Кішкентай кезімде мен үшін ең үлкен жетістіктің бірі – Мәскеуде өткен «Щелкунчик» халықаралық телевизиялық байқауының бірінші жүлдесі.

– Музыкадан алған ең жарқын әсер…

– Музыка мен әсер егіз, онда сіз күн сайын көптеген жаңа нәрсе табасыз. Біз күн сайын өсіп келе жатқанымыз сияқты, өнердегі түсінігіміз де артады. Кәсіби тұрғыдан алғанда, жеті жасымда Алматыда оркестрде ойнағанды ​​ұнататынмын.

– Фортепианошылар арасында кумирлеріңіз бар ма?

– Андраш Шифф, Даниил Трифонов, Марта Аргерих секілді пианистер шабыт береді. Сонымен қатар ХХ ғасырдың ұлы тұлғалары Рубинштейн мен Хоровиц те ерекше.

– Қойылым кезінде қолыңыз бен иығыңыз шаршай ма?  Музыканттардың кәсіби аурулары бар ма?

– Қазірге дейін ешқандай мәселе болған емес. Көп адамда проблема кездеседі, себебі олар аспапта көп уақыт ойнайды. Бұл мамандық табандылықты қажет етеді, сонымен қатар шекті білу керек. Мен әдетте кестеге байланысты күніне 3 – 5 сағат жұмыс істеймін.

– Болашақта пианист болғысы келетін жас бүлдіршіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Көп нәрсе тыңдауға, көкжиегіңізді кеңейтуге және бұл кәсіпті жақсы көруге кеңес берер едім. Әрине, біраз дүние кішкентай кездегі ата-ана мен мұғалімнің ықпалына байланысты.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Жаңа менеджмент компаниямен келесі жылға концерттерді мұқият жоспарлап жатырмыз.  Еуропада және Кореяда турлар болады, бұған өте қуаныштымын.

– Пандемия сіздің мамандығыңызға (жұмысыңызға) қалай әсер етті?

– Музыка әлемі панде-миядан үлкен соққы алды. Әртүрлі маңызды концерттер мен байқауларға дайындалған біз секілді студенттер үмітін үзді. Ал көптеген кәсіби музыкант концертсіз, жұмыссыз отырды.  Мұның бәрі аяқталып, енді бәрі тек алға жылжиды деп сенемін!

– Уақыт тауып сұқбат бергеніңізге рақмет. 

Әңгімелескен 
Гүлжан НИЯЗОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2-курс студенті. 

Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №41
12 қазан 2021 жыл

438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор