• Сенің замандасың
  • 04 Қазан, 2021

Еркежан FLEX бағдарламасымен білім алып жатыр

Еркежан Жүнісова 15 жаста. Республикалық «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері, жоба амбассадорларының бірі. Сондай-ақ, FLEX бағдарламасының финалисі және қазіргі уақытта АҚШ-та білім алып жатыр. Еркежанмен жеткен жетістіктері жайында әңгімелескен едік.

– Шет елде өткізген алғашқы айыңызда қандай өзгерістер болды?

– Менің өмірім жаңа түстерге боялған сияқты. Өмірімнің алғашқы қиындықтарын басымнан өткіздім. Мысалы, туған жерімді, үйімді, отбасымды сағыну сияқты сезімді бастан өткердім. Сонымен қатар, алғашқы жеңістерімді көре бастадым. Жаңа ортаға бейімделуім, спортпен айналысуым және мектепте үздік болуым – түбегейлі өзгерістерге алып келіп жатыр. 

– Бағдарламаның соңына дейін бару үшін қандай емтихандар тапсырдыңыз? Оларды тапсыру қиынға соққан жоқ па? Болашақ үміткерлерге қандай кеңес берер едіңіз? 

– Бұл бағдарламада үш кезең бар. 1-кезеңде ағылшын тілінің деңгейін көрсететін тесттен өтесіз. 2-кезеңде сізді жеке тұлға ретінде ашатын эссенің 3 сұрағына жауап бересіз. Екі кезеңнен де сәтті өтсеңіз, соңғы кезеңге жолдама аласыз. Бұл жерде қиындықтар болуы мүмкін. Себебі, 3 эссе, америкалық адаммен сұқбат, топтық ойын, тест және барлық деректермен үлкен сауалнама толтыру ұзақ уақытты алады. Жеке басым жайлы айтатын болсам, әлеуметтік желілерден бағдарламаны сәтті аяқтаған жастардың жазбаларын оқып, бейнероликтерін көру арқылы дайындалдым. Болашақ фина-листерге айтар кеңесім: адал болу, шынайы сөйлеу және өз еркіңіз бен жақсы ниетіңізді көрсету – сізді жақсы нәтижеге алып келмек. Сұрақтарға мұқият болыңыз, олар сізден не тыңдағысы келетінін түсініңіз және өзіңізді психологиялық жағынан дайындасаңыз, Американың өзінде сізге оңай болады. 

– Америкада екеніңізді түсінгенде қандай сезімде болдыңыз?

– Америкада бірінші көрген жерім Нью-Йорк әуежайы болды. Еуропа және Америка ғимараттары арасында үлкен айырмашылық сезілді. «Америка – шынымен де басқа әлем» деген ой сап ете қалды. Empire State, Freedom State cияқты әйгілі ғимараттарды көргенде, көзіме жас келді. «Менің қолымнан келді, мен жарадым» деген қуанышта болдым. 

Мен қоғамы әртүрлі штатқа тап болдым. Американың адамдары өздерін әлдеқайда бос ұстайды, мұнда әркім өзін қалағандай көрсетеді және оны ол үшін ешкім айыптамайды. Сонымен қатар, бұл жақтың адамдары табиғатты қатты аялайды. Америка – мүлде басқа әлем, оны түсіну маған қиынға соқты. Сонда да осы бір айдың ішінде бұл жаққа да үйреніп, белгілі дәрежеде ұната бастадым.

– Тіл жағынан қандай өзгерістер болды?

– Адамдармен тез тіл табысып кететіндіктен, бұл жағынан еш қиналмадым. Орыс тілінде, ағылшын тілінде де, тіпті мен сөйлемейтін тілде де сөйлесудің жолын табатын сияқтымын. Әрине, ағылшын тілін білуімнің пайдасын осы тұста айта кетпеске болмас. 

– «Елбасы медалі» жобасы жайлы сөз қозғасақ...

– 2020 жылдың жазында осы жоба жайлы досымнан білдім. Жобаның бағыттары мен жаңашылдығы мені бірден қызықтырып, қатыса бастадым. Амбассадор болғыңыз келсе, тапсырмаларды шын көңіліңізбен, шығармашылықпен орындауға тырысыңыз. Жастар-дың дамуы үшін достарым мен таныстарыма жоба жайлы айта бастадым. Осы ниетім жоғары бағаланып, «Елбасы академиясынан» 2021 жылдың жазында Елордаға шақырту алдым. 

Бұл – республикалық деңгейдегі алғашқы жобам. Жоба арқылы уақытты басқаруды, шығармашылық идеяларды дамытуды үйрендім. Ең жақсы нәтижеге жету үшін тапсырмаларды күрделендіруге тырыстым. Ерікті іс-шараларға ұйымдасатын жаңа достар таптым. Сондай-ақ, бұл медаль жоғары оқу орнына түсуге үлкен септігін тигізеді. Биыл көптеген түлек соның арқасында грантқа түсті. Сондықтан осындай жобаларға қатысып, өзіңізді дамытыңыз және өміріңіз қызықты сәттерге толы болғанын қаласаңыз, қазірден қолыңыздан келгеннің барлығын жасаңыз деймін.

Дильназ ШАЙМҰРАТОВА,
№45 мектептің 
11«Б» сынып оқушысы.

Өскемен қаласы

«Ұлан» газеті, №40
05 қазан 2021 жыл

1920 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор