• Толағай
  • 04 Қазан, 2021

Айдындағы аққу қыз спорттағы мансабын аяқтады

Мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері  Элизабет Тұрсынбаева спорттық карьерасын аяқтады.

Оның мұндай шешім қабылдауына жарақаты себеп болған. Ең болмаса алдағы жылдың ақпан айында Қытайда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыса ма деп күткен едік. Бірақ оған да жетпеді.

«Кәсіби спортшы ретінде мансабымды аяқтауды ұйғар-дым. Бұл жаңалықты бөлісу маған оңайға соқпай тұр. Біраз жылдан бері арқамның ауыратынын көпшілігіңіз жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, бұл жарақат толыққанды жаттығу жасауыма кедергі келтіріп жүр. Өмірдің бір тарауын аяқтағанымен, жаңасы басталады», – деді Элизабет Тұрсынбаева.

Қазір ол Қазақстанда екенін, жылдың соңына дейін осында болатынын айтқан. Кейіннен Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мектептердің біріне жаттықтырушы болып жұмысқа кіріскені хабарланды. Бұл міндетін ол қашанға дейін атқаратыны әзірге белгісіз.

«Елімізде мәнерлеп сырғанау спорты кенже қалса да, оған қызығатын жастар көп. Сондықтан Элизабет Байтаққызы спорттан алыстамайды. Қазір басқармаға қарасты спорт мектебінің мәнерлеп сырғанау бөлімінде жаттықтырушы қызметін бастады», – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов.

Элизабет Денис Теннен кейін Қазақстанда дами қоймаған мәнерлеп сырғанау спортына қан жүгіртті. Әлемдік ареналарда еліміздің көк туын желбіретті. Тұрсынбаева карьерасын аяқтаймын деп хабарлағанда қазақ жанкүйерлері алғысын айтып, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. Бірақ спортшы мен халықтың арасындағы жақсы қарым-қатынасқа жоқ жерде анасы Падишахан Сұлтанәлиева сызат түсірді. Ол Ресейдің «Матч ТВ» арнасының сайтына сұқбат беріп, қызының Қазақстан атынан жарыстарға қатысқанына өкінетінін білдірді. Егер Ресейдің намысын қорғағанда бұдан да жоғары жетістікке жететінін, Олимпиада ойындарына жүлде алатынына сенімді. Сұлтанәлиеваның бұл сөзі қазақ жанкүйерлерінің көңілін қалдырды.

«Жолдасым екеуіміз қызымыздың Қазақстан атынан жарыстарға шыққаны жеңісті жақындата түседі деп ойладық. Бірақ бұл шешім үшін қазір қатты өкінемін. Біз мәнерлеп сырғанау спорты жоқ ел атынан өнер көрсетудің қаншалықты қиын екенін ойламаппыз. Сенің еліңді әлемдік аренада мәнерлеп сырғанаушы ел ретінде мойындамаса, тіпті тозақ қой. Өйткені төрешілер, техникалық бақылаушылар тарапынан ешқандай қолдау болмады. Олар өз спортшыларын қорғап, соларға бүйрегі бұрып тұрады. Үлкен спорт – саясат. Мен мұны тек процесс кезінде түсіндім. Ол тұста, әрине, бәрі кеш болатын», – дейді спортшы қыздың анасы.

Сұлтанәлиева мұны кеш ұққанын, енді немерелері мәнер-леп сырғанау спортына баратын болса, олардың Ресейдің атынан шыққанын қалайтынын айтыпты.  Желідегі жұрттың көңіл-күйін түсінген спортшы жанкүйерлерден анасы үшін кешірім сұрағандай болды. Бірақ «айтылған сөз – атылған оқ» емес пе?..

Тұрсынбаева бірнеше жыл Канада елінде Брайан Орсер секілді әлемдегі қымбат бапкерден тәлім алды. Оның шығынын Қазақстан көтерді. Одан кейін Мәскеуде Этери Тутберидзенің қарамағында жаттықты. Тағы да салық төлеушілерден қалтасынан жырып берген қаржыға дайындалды. Әрине, спортшы шамасы жеткенше салынған инвестицияны ақтады. Оған жанкүйерлер де, басқасы да құрметпен қарайды. Алайда анасының осындай сөз айтуы – ешқандай ақтауға келмейтіндей... 

Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев Қызылорда облысы-ның тумасы. 90-жылдары кәсіппен айналысып жүріп, Ресейге көшіп кеткен. Мәскеуде қырғыз қызы Падишахан Сұлтанәлиевамен танысып, отбасын құрған. Элизабеттің алдында Тимур деген ағасы бар. Ол да мәнерлеп сырғанаумен айналысқан. Қазақстан чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткен. Мәскеудегі бірнеше турнирде топ жарғаны бар. Бірақ Францияда өткен кезекті бір жарыстан кейін денсаулығы сыр беріп, спортпен қоштасуға мәжбүр болған. Әйтпе-се, ата-анасы Элизабеттен бұрын Тимурға қатты үміт артқан екен.

Ал Элизабеттің өзі Мәскеуде дүниеге келген. Бірақ балалық шағы көбінесе Қызылордадағы ата-әжесінің қасында өткен. Бес жасынан мәнерлеп сырғанау спортымен айналысқан. Алғашында Ирина Страхова есімді бапкерден тәлім алған. Одан кейін Сочи олимпиадасының чемпионы Аделина Сотникованың жаттық-тырушысы Елена Водорезовадан, 2012-2013 жылдары тағы бір ресейлік Этери Тутберидзеден, 2013–2018 жылы әлемге танымал канадалық бапкер Брайан Орсерден тәлім алды. 2019 жылы қайтадан Тутберидзеге оралды.

Элизабеттің спорттық карьерасындағы ең сәтті кезең 2019 жыл десек, қателеспейтін шығармыз. Алдымен наурыз айында Сайтамада (Жапония) өткен әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Осы чемпионаттың негізгі бағдарламасында қазақстандық төрт айналым сальхов (4S) элементін секірді. Сөйтіп, төрт айналым элемент секірген алғашқы әйел мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан әйелдер арасында ешкім төрт айналым элемент секіріп көрмеген. Бес жасында коньки киген Тұрсынбаеваның карьерасы 16 жылға жалғасыпты.

«Осы жылдары бәрі болды. Алғашқы жеңіс, үмітсіздік пен жарақат. Бір анығы, бұл кезеңде менің қымбатты жанкүйерлерім әрқашан қасымнан табылды. Сіздердің тілектеріңіз бен шынайы қолдауларыңыз мені шабыттандырды. Өзімнің халқыма қажет екенімді сездім және бұл маған үлкен күш берді. Сіздердің маған және болашаққа деген сенімдеріңіз әртүрлі салада жаңа белестерді бағындыруға көмектеседі», ­– дейді мәнерлеп сырғанаушы. 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №40
05 қазан 2021 жыл

463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор