• Толағай
  • 13 Қыркүйек, 2021

Жігерлі жандардың жетістігі

Олимпиада ойындарында еңсеміз түскен еді, Паралимпиада спортшылары көңілімізді көкке көтерді. Ең бастысы, қазақтың әнұраны Токио төрінде шырқалды.

Паралимпиадаға әлемнің 162 мемлекетінен 4400-ге жуық спортшы қатысты. Олар 22 спорт түрінен 539 медаль жиынтығын сарапқа салды. Бір ай бұрын Олимпиадаға барған 100-ге жуық спортшының бірде-біреуі алтын алмап еді. Паралимпиадаға қатысқан 25 спортшының бесеуі жүлдеге ілікті. Тарихи көрсеткіш. Оның үстіне, алтын медаль бар. Оның иегері – Ақмола облысының тумасы Давид Дегтярев. 25 жастағы спортшы пауэрлифтингтен қатысып, 54 келіде чемпион атанды. Сөйтіп, Қазақстан тарихында Паралимпиада ойындарынан алтын әкелген екінші спортшы атанды. Бұған дейін 2016 жылы Риода жүзуші Зульфия  Ғабидуллина тұңғыш чемпион болған. Давид – томаға-тұйық. Көп сөзге жоқ екенін әуежайдан күтіп алған кезде байқадық. Туған жері Атбасарды жақсы көреді. Елге оралған соң Ақмола облысының әкімі Көкшетаудан үш бөлмелі пәтер мен көліктің кілтін табыстады.

Ал парадзюдодан үш күміс бұйырды (Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет, Зарина Байбатина). Жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қола медаль еншіледі. Табысты оралған Паралимпиа-да спортшыларының барлығына лайықты құрмет көрсетілді. Чемпион атанған спортшыға 250 мың доллар, күміс жүлдегерге 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар сыйақы берілді. Одан бөлек, жергілікті әкімдіктер пәтер, көлік кілттерін табыстап жатыр. Президент «Барыс», «Парасат» «Құрмет» секілді орденді кеуделеріне тақты. 

Парадзюдошылардың үшеуін де Жандос Қиянов жаттықтырады. Олардың үшеуі де Токиоға Атырау облысының атынан қатысты. Мысалы, қыздар арасында белдескен Зарина Байбатина Павлодар облысының Ақсу қаласының тумасы. Зарина спортқа әпкесінің арқасында келген. Өйткені әпкесі Ақсудағы спорт-интернатта волейболмен айналысқан. Байбатиналардың кішісі де басында волейболға барған. Кейіннен дзюдоға ауысқан. 

Денсаулығы дұрыс кезінде ол Гүлжан Исановалармен күрескен еді. Алайда көзінің көруі әлсіреген соң спортпен қош айтысуға тура келеді. Ал соңғы жылдары парадзюдомен айналысуға ұсыныс түсті. Токиода отандасымыз финалға алқынбай жеткенімен, шешуші кезеңде әзербайжандық Дурсадаф Каримовадан жеңілді.  73 келі салмақта белдескен Теміржан Дәулет финалда өзбек балуанына шамасы жетпеді. Сөйтіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Спортшы чемпион атануға не жетіспегенін былай түсіндірді:

 – Алғашқы күні уақыт жағы және ыстық ауа райы аздап қиындық туғызды. Себебі біздің елмен салыстырғанда 5-6 градусқа ыстық екен. Әйтпесе, дайындығымыз жақсы болған. Психологиялық тұрғыда да біраз жұмыс атқарылды. Токиода өз жерімізде жүргендей сезіндік. Алтынға жете алмағаныма өзім кінәлімін. Асығып, қателік жібердім. Қарсыласты шаршатып, уақыт созуым керек еді. Сонда жеңіс менікі болатын еді, – дейді Теміржан Дәулет.

Тағы бір күміс жүлдегер Әнуар Сариев бір кездері Елдос Сметовтермен күресіп жүрген. Бірақ жол апатына түсіп, көзі дұрыс көрмей қалған. Сонда да спортты тастамай, парадзюдомен айналысуды құп көреді. Ол Жапония астанасында финалға дейін қарсыластарын оңай жеңіп, тек шешуші кезеңде әзербайжандық балуан Вугар Ширинлиге есе жіберді. 

Жүзуден жалғыз медаль Нұрдәулет Жұмағалиға бұйырды. Ерлер арасында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден S13 санатында өткен финалда Нұрдәулет Жұмағали қола медаль жеңіп алды. Жерлесіміздің нәтижесі – 1:05.20.

Жалпыкомандалық есепте Қытайға тең келетін ешкім болмады. Олар 207 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 96-сы – алтын. Қазақстан 5 медальмен Пара-лимпиада ойындарын 52-орынмен аяқтады. Енді Жазғы Паралимпиада ойындары 2024 жылы 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Франция астанасы Париж қаласында өтеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №37
14 қыркүйек 2021 жыл

281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор