• Толағай
  • 13 Қыркүйек, 2021

Соңғы минуттарда гол соғатын болдық

Қыркүйек айы Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтті болды. Талғат Байсуфинов шәкірттері 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында үш матч өткізіп, екеуін тең аяқтады.

Келесі жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының жеребесі тартылғанда, Қазақстанның бір ұпай алатынына да күмән келтіргендер болған. Өйткені біздің топта Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герце-говина секілді Әлем, Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде ойнап жүрген құрамалар бар. Бірақ әзірге Талғат Байсуфинов шәкірттері бес ойын өткізіп, бірде-біреуінде ойсырай ұтылған кезі жоқ. Үш ойынды тең аяқтады. Украинамен екі ойында да жеңілмеді.

Валиуллиннің бенефисі болған матч

Киевтегі матчтан кейін Нұр-Сұлтандағы қарымта ойында қарсылас аямайтын шығар деп топшылағанбыз. Бірақ біздің жігіттер Андрей Ярмоленко, Александр Зинченко, Руслан Малиновскийлерден кем түскен жоқ. Әсіресе, сол қапталдағы қорғаушы Руслан Валиуллин қуантты. Оның Киевтің «Динамо» командасының қорғаушысы Александр Караваевтан екі рет сытылып шығып, дубль жасауы осы матчтың ең бір есте қалған сәті болды. Валиуллин аптаның үздік ойыншыларының қатарына кірді. Сөйтіп, бапкері ауысқан Украина екінші матч қатарынан Қазақстанды ұта алмады.

Хельсинкидегі жеңіліс

Осы матчтан кейін құрама бапкері Талғат Байсуфинов сырт алаңдағы Финляндиямен ойында алаңға басқа футболшылар шығатынын мәлімдеді. Бұл Украинамен кездесуде алаңда болғандардың тек шаршағанынан ғана емес, басқа да мәселелерге байланысты екен. Мысалы, құрама капитаны Азат Нұрғалиев пен Мәскеудің ЦСКА клубында ойнайтын Бактиер Зайнутдинов визаға байланысты Финляндияға бара алмады. Ал қақпашы Стас Покатилов сары қағаздарының санына байланысты елде қалды. Сөйтіп, Финляндиямен кездесуде құрам толықтай ауысты десе де болады. Украинамен ойында негізгі құрамда болғандардан қорғаушы Александр Марочкин ғана алғашқы минуттардан бой көрсетті. Есесіне, бірнеше дебютант мүмкіндік алды. Атап айтсақ, Мақсат Тәйкенов («Каспий), Айдос Тәттібаев («Шахтер»), Самат Жарынбетов («Тобыл») ұлттық құрамадағы алғашқы ойындарын өткізді. Голға сараң болған ойында матч тағдырын 60-минуттағы Йоэль Похьянпалоның баспен салған жалғыз голы шешті. Қорытынды есеп – 1:0. 

90-жылдары Финляндия чемпионатында доп тепкен, ұлттық құраманың экс-шабуылшысы Болат Есмағамбетов барлығы әділетті, қарсылас лайықты түрде жеңіске жетті деп санайды:

– Бірінші таймда Қазақстан жақсы ойнады. Қорғаныста сауатты болдық. Ортада доп ұстағандары да бар. Тек шабуылда креатив жетіспеді. Финляндияның керемет бітірген ештеңесі жоқ. Екі құрамада 3-5-2 тактикасын қолданды. Сондықтан шығар, бірінші тайм көбіне талас-тартыспен өтті. Нақты біреуі басымдық танытты дей алмайсың.

Екінші кезеңде финндер тактикалық өзгеріс жасады. Содан кейін ойындары жүре бастады. Гол соққанға дейін де екі-үш қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Ал біздің жігіттер жылдам жартылай қорғаушылар мен шабуылшыларға ілесе алмады. Алаң иелеріне бос кеңістік беріп қойды. Олар сол мүмкіндікті пайдаланды. 

Финляндия өздеріне тән классикалық мәнерде гол соқты. Баспен ойнау шеберліктері бұрыннан жоғары. Басқалардың аяқпен тепкендері секілді. Қақпаға кірген доптың айтары жоқ, әдемі болды.  Қақпашының шамасы жетпеді. Осыдан соң, Қазақстан бапкері ойыншы алмастыра бастады. Бірақ есепті теңестіруге шама жетпеді. Финндерден бір голдан кейін қорғанысқа кетті. Нәтиже – әділетті. Алаң иелері жеңіске жеткісі келді.

Тағы бір тарихи тең ойын

Осы ойыннан кейін Бактиер Зайнутдиновтың визасы шешіліп, ол Босния және Герцеговинамен кездесуге қатысатын болды. Есесіне, қорғаушы Нұрәлі Әліп елге қайтып кетті. Өйткені оның Боснияға кіретін рұқсаты жоқ. Сонымен қатар Украинамен ойыннан кейін Руслан Валиуллиннің сіңірі созылғаны анықталды. Одан бөлек, Финляндиямен кездесуде алаңға футболшыларды капитан ретінде бастап шыққан Абат Айымбетовтың иығын жарақаттап алғаны айтылды. 

Қыркүйектегі соңғы үшінші ойында Байсуфинов шәкірттері Босния және Герцеговина құрама-сымен кездесті. Құрамында Миралем Пьянич, Эдин Джеко секілді футболшылары бар коман-даның фаворит екені түсінікті еді. Бірінші таймда Қазақстан құрамасының адымын аштырған жоқ. Жиі шабуыл ұйымдастырып, әбден тықсырып бағуға тырысты. Бірақ бірде біздің қорғаушылар дер кезінде үлгеріп жатса, енді бірде Боснияның ойыншылары шешуші соққыны жасау кезінде қателесіп жатты. Әсіресе, құрама капитаны Эдин Джеконың жолы болған жоқ. Ол бірнеше рет допты аспанға тепті. 

Ал екінші таймда Қазақстан сирек ұйымдастырған қарымта шабуылдарының бірінен кейін есепті ашты. Бұрыштама добынан капитан Тағыбергеннің әуелетіп берген добын Исламбек Қуат қақпаға тоғытты. Осы есеп 20 минут бойы сақталып тұрған. Бірақ төреші 72-минутта Қазақстан қақпасына пенальти белгіледі. Бұл жерде айып соққысы болды ма, жоқ па, нақты айту қиын. Эдин Джеко әртістік қабілетін де қосып жібергендей. Әйтеуір нүктеге келген Миралем Пьянич мүлт кеткен жоқ. Ойынның негізгі уақытты аяқталуына 4 минут қалғанда Лука Менало бұрыштама добынан кейін Боснияны алға шығарды. Осымен бәрі біткен болар деп ойлағанбыз. Біздің ойыншылар да төрешінің ысқырығы естілгенше ойнауды үйреніпті. Соңғы минуттарда айып соққысын сәтті орындаған Бактиер Зайнутдинов таразы басын теңестірді. Сөйтіп, матч 2:2 есебімен тең аяқталды.

Матч алдындағы баспасөз мәслихатында: «Бізді футбол ойнай алмайды деген әңгіме дұрыс емес. Турнир кестесінде соңғы орында тұрған шығармыз, бірақ біз өз футболымызды ойнаймыз және өзімізді аутсайдер санамаймыз», – деп еді. Маруаұлы бұл сөзін күллі Босния жанкүйерлерінің алдында дәлелдеді деп ойлаймыз. 

Осылайша, Талғат Байсуфинов жаттықтыратын құрама үш матчта екі ұпай еншіледі. Бұл – Қазақстан секілді аутсайдер құрама үшін жап-жақсы көрсеткіш. Топтағы екінші орынға талас әлі де қызу жүріп жатыр. Егер алдағы ойындарда өз алаңымызда Финляндия мен Босния және Герцеговина құрамаларын ұта алсақ, Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алуға болады.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №37
14 қыркүйек 2021 жыл

196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор