• ҰЛАН
  • 13 Қыркүйек, 2021

Ұшақ – ең қауіпсіз көлік

Жадыра Әлім – Etihad, Air Astana секілді әлемнің жетекші әуе компанияларында еңбек еткен білікті бортсерік. «Трап до мечты» кітабының авторы. Жадыра апай сұқбат барысында ұшақта болған қызықты оқиғаларын айтып, бұл салаға қалай келгенін әңгімелеп берді.

– Бірде Америкаға рейс болды. Ұшақтағы екі дәретхананың бірі істемей қалды. Оған US деген жазуы бар стикер жабыстырып қойдық.  US – unserviceable, яғни қазақша жарамсыз, істемейді деген мағынаны білдіреді. Бір кезде қарасақ, борттағы жолаушылардың көбі әлгі дәретханаға кезекте тұр. Біз неге екенін түсінбей тұрмыз. Сөйтсек, олар US дегенді Америка деп түсініпті. Америкалық төлқұжаты барлар соған кіреді деп ойлаған екен. Сол кезде әбден күлдік, – деп әңгімесін қызықты оқиғасын еске алудан бастады. Одан кейін бортсерік болуға қалай тап болғанын сұрадық.

– 4-курс оқып жүргенімде құрбым бортсерік болуға қызығып жүрді. Ол кезде менде қызығушылық жоқ еді. Бірде құрбыммен Air Astana әуе компаниясына сұқбаттасуға бара салдым. Бортсерік болғысы келіп жүрген құрбым өтпей, мені қабылдады. Осылайша бұл салаға кездейсоқ келдім. Ол кезде әлі студент едім. Сондықтан жұмысқа бірден кірісе алмадым. 2013 жылы мамырда бортсеріктің арнайы оқуын оқып, жұмысқа қабылдандым. Онда үш жыл, «Этихад» әуе компаниясында төрт жыл істедім. 

Бортсерік болуды ұйғарған себебім, мен Air Astana компаниясына кірер кезде олардың жалақысы басқа мамандықтарға қарағанда жоғары болды. Ал менің мақсатым жақсы айлық алып, анама пәтер алуға көмектесу еді. Себебі, анам үш баланы асырап отырған жалғызбасты әйел. Әкеміз өмірден ерте өтті. Анама жәрдемдесу үшін осы жұмысты таңдадым. «Этихадқа» өтер кезде де қаржы жағын көбірек ойладым.

– Биікте ұшу қорқынышты емес пе?

– Биіктен қорқатын адамдар бар. Бірақ маған мүлде қорқынышты емес. Кейбіреулер ұшақта жұмыс істеу қорқынышты, қауіпті деп ойлайды. Шын мәнінде, ұшақ – ең қауіпсіз көлік түрі. Статистикаға сүйенсек, ұшаққа қарағанда машина көлік апатына көп ұшырайды. Жол-көлік оқиғасынан қайтыс болатындар да көп. Бір ұшақ құласа, оны бүкіл әлем естиді. Содан кейін қауіпті деп ойлайды. Әйтпесе, күн сайын қанша көлік аударылып, қанша адам өліп жатады. Сол үшін қорықпаймын. Алланың берген өмірін сүреміз. Құдайға сыйынып жұмысқа баратынмын. Қорқыныш сезімі онша болған жоқ. Кез келген жерде, тіпті көшеде кетіп бара жатып басыңа кірпіш түсіп, өліп қалуың мүмкін. Жазмышқа сенемін.

Бір продюсермен бірігіп, жақын арада курс жасайын деп жатырмын. Әуе компаниясына жұмысқа орналасу үшін не істеу қажет, сұқбаттасудан қалай өту керек дегеннің барлығын сол курсымда жақсылап түсіндіремін. Осы мамандыққа қызығатын қыз-жігіттерге пайдалы болмақ.

– Стюардесса болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы қажет?

– Ең бастысы, ағылшын тілін жетік білсеңіз болды. Air Astana да, «Этихад» та бітірген оқу орныңа қарамайды. Ағылшын тілінде еркін әңгімелесе алуыңа назар аударады. Оған қоса, топпен жұмыс істей алатын, мінезі жайлы болуы керек. Бойыңа да мән береді. Қанша болу керектігі әр компанияда әртүрлі. 210, 212 см биіктікті белгілеп, сызып қояды. Қолыңды созғанда соған жетуі керек. Себебі, ұшақтың төтенше жағдайларға арналған жабдықтары сондай биіктікте орналасқан. Бұл нәрсе жүк сөресін жабу үшін де керек. Air Astana 18 жастан бастап, Араб әуе компаниялары 21 жастан бастап алады.

– Ұшақта төтенше жағдайлар болды ма?

– Иә, төтенше жағдайлар болды. Алматыдан Мәскеуге ұшып бара жатқанда ұшақ қатты дірілдеп, шайқалды. Бәріміз белдігімізді тағып алып, «біссіміллә, біссіміллә» деп қорқып отырдық. Жарты сағаттай болды. Ең қатты қорыққан кезім сол.

Сұқбаттасудан өткеннен кейін бортсерік болып жұмысты бастамас бұрын арнайы оқу болады. Онда апаттық жағдайда стюардессалар не істеу керегін, алғашқы медициналық көмекті қалай көрсететінін үйретеді. Қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздік бойынша да оқытады. Рейсте екі ұшқышқа екі түрлі тамақ береді. Біреуі астан уланып қалса, екіншісі уланбауы үшін екеуіне бірдей тағам бермейді.

– Сізге қай елдерге ұшатын рейстер көбірек ұнайды? Неге? Қандай рейстер ұнамайды?

– Этихадта істеп жүрген кезде көбінесе Австралияға ұшқан ұнайтын. Себебі, рейс жақсы өтеді. Жолаушылары да мәдениетті. Австралияның табиғаты да әдемі. Қалалары теңіздің жағасында орналасқан. Оған қоса, кішкентай кезімде «Неймо» мультфильмін көргеннен кейін Австралиядағы Сидней опера театрына барғым келген. Ол алыста болғандықтан бару қиын шығар деп ойлайтынмын. «Этихадта» істеп жүргенде рейске тапсырыс беруге мүмкіндік болды. Мен Австралияға рейске тапсырыс беріп, сол жаққа жиі-жиі ұшып тұрдым. Үндістанға ұшатын рейстер ұнамайтын, қиын болатын. Үнділер талапшыл халық екен. Бәрін қатар сұрай береді. Мазасыз. Оның үстіне маған ұнамайтын иістен жүрегім айнитын... 

– Жолаушылар бортсеріктерді жиі ренжіте ме? 

– Дөрекі жолаушылар болады. Ұшақта көбінесе ішіп алған жолаушылар дөрекі сөйлейді. Сосын тауық еті ме, әлде сиыр еті ме деп таңдау жасау керек болады. Сондайда таңдауы ас мәзірінде жоқ болғанына ұрса жөнелетіндер бар.

– Уақыт тауып, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Гүлжан НИЯЗОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы
ХҚТУ-дың 2-курс студенті.

Түркістан облысы

«Ұлан» газеті, №37
14 қыркүйек 2021 жыл

254 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор