• Сенің замандасың
  • 16 Тамыз, 2021

Әлемді аралауға ақша жинаймын

Өз еңбегімен байлыққа жеткен ресейлік Татьяна Бакальчуктің ерлігі ертегі сияқты. Ол мектепте ағылшын тілін ерекше ынтамен оқиды... Студент кезінде ағылшын тілінен қосымша сабақ береді... Ақшадан қысылып, «Otto» және «Quelle» интернет-дүкендерінің өнімін сатады. Дүкенде сауданы жақсы жасасаң, сыйақы беретінін естиді. Татьянаның саудаға қызығушылығы осылай басталады. 

Халықтың онлайн саудаға сұранысын байқап, жеке іс бастауды ойлайды.  Сөйтіп, «Wildberries» халықаралық интернет-дүкенін ашады.  Бакальчук былай деп кеңес береді: «Күнде тауып жүрген ақшамнан артық таппаймын. Көп табу үшін күш жұмсау керек. Жақсы нәтиже көрсетпеймін. Уақытымды дұрыс пайдаланбаймын. Оның себебі неде? Өйткені, теледидар алдында ұзақ отырамын. Апта соңын бос әңгіме, серуенмен өткіземін. Жаңа нәрсені үйренуге, оқуға уақытым жоқ. 

Енді алға қойған мақсатыңды қағазға жаз. Қабілетің мен біліміңді қалай арттырсаң болады? Тізімін жаса, ештеңеден қорықпа!». Интернеттен ақша тауып, ата-анасына көмектесіп жүрген жасөспірімдер көп. Солардың бірі – Балнұр мен Адина. Қыздар ерінбей еңбек қылса, Бакальчуктай байлыққа кенелетіні сөзсіз.

Балнұр БАЛТАБАЙ, 11-сынып оқушысы (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы):

– Өткенде 14 жастағы қырғыз қызы Айдананың ақша тауып жүргенін оқыдым. Ол сурет салғанды жақсы көреді екен. Карантинде тапсырысқа сурет салып, интернет арқылы сатыпты. Бірақ бояудың ақшасы қымбат болып, ақтамапты. Анасы тігінші екен. Анасына сөмке тіккізіп, өзі бетіне сурет салыпты. Осылай ақша табуға болатынын білген соң білімін жетілдірмек боп, курсқа жазылады. Курсқа қатысушылар Айдананың сөмкесіне қызығып, тапсырыс бере бастайды. Ата-анасы қолдау көрсетіп, «Біз әлемді жаулаймыз!» деп ұрандайды екен. Қырғыз қызына қарап, сүйсіндім. 

Қазір барлық балада телефон бар, интернет қолжетімді. Үйде отырып, ақша тауып, мектепке қажетіңді өзің тапсаң болады. Оған өзім дәлелмін. Ең бірінші SMM курсын оқыдым. Оқудың орта жолына келгенде ұнамады. Менікі емес екенін түсіндім. Инстаграмда пост жазып, сториз түсіреді. Түрлі программамен жұмыс істейді. 8-сыныпта Польшаға «Қызылорда облысының туристік мүмкіндіктері: өткені, бүгіні және болашағы» атты ғылыми жобаны қорғауға бардым. Жобам үздік деп танылып, 2-орын алдым. Әлемде талай қызық барын сол кезде көрдім. Қызылорда облысына арнайы саяхат жасадық. Туристерге қызық деген жерлерді таныстырдым. «Біз барсақ, осы жерлерді көрсете аласың ба?» деп сұрады жарысты ұйымдастырушылар. Менің нишам – сату маманы. Кез келген курс, киім, тамақ болсын сату қажет. Өнім қанша жерден сапалы болып, бірақ сатылмаса, пайда жоқ. Сату менеджеріне қызығушылар көп. 

– Ақша тапқан қандай екен?

– Ең бірінші SMM болып 10 мың теңге таптым. Ата-анама тәспі сатып алдым. Өз еңбегіңмен ақша табу деген ерекше сезім. «Баян сұлу» емдеу орталығының сату маманымын. Орталықты 27 жыл тәжірибесі бар Баян ханым жүргізеді. Ол кісі арнайы Құран сүресін оқып, массаж арқылы емдейді. Онлайн ем терапиясы да бар. Дертіне шипа іздеген талай адам сауығып шықты.  Орталықтың қызметін айтып, таргет-жарнама жіберіледі. Адамдар хабарласып, сұрақтарын қояды. Өнімді сату осы жерден басталады. Алдымен хабарласқан адамды тыңдап, мазалаған мәселесін білемін. Сосын шешімін ұсынамыз.  

– Алға қойған мақсатың қандай?

– Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөзі бар. Ата-анамды Меккеге апарғым келеді. Адал еңбек, мейірімді жүрекпен адамдардың алғысын алып, өз мақсатыма жету. Бірде Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітабын оқыдым. Өзіме ерекше әсер етті. Болашақта жеке кәсіппен айналысамын деген мақсат қойдым. Кітаптар оқып бастадым. Әзірге Аманжол Рысмендиев пен Қуаныш Шонбайдың екі кітабын оқыдым. Бос уақытымда ағылшын тіліндегі кітаптарды оқимын.

Адина ҚАМАЛ, 16 жаста (Алматы қаласы):

Бір күнде 530 000 теңге таптым

– Әпкем мықты блогер. Ұзақ жыл тәжірибесі, тұрақты оқырмандары бар. Аудиторияға бір өнімді сатып, бір күнде 530 000 теңге таптым. Бұл бір күндік еңбектің жемісі емес. Өнімді сатудың түрлі техникасын меңгеріп, оны ұтымды қолдандық. Инфобизнесті оқып, сол саланы әлі зерттеп жүрмін. Табысым өзіме жетеді. Адам тоқтаусыз білім алып, дамып отыруы керек. Сол кезде өмір қызық. 

– Бірінші айлығыңды қайда жұмсадың?

– iPhone 11 pro  алдым. Мақтаныш үшін емес, жұмысымды дамыту үшін. 

– Нақты немен айналысасың?

– Инфобизнес, сату, маркетинг және Инстаграм арқылы кәсібін жүргізгісі келетін адамдарға жеке сабақ өткіземін. Курстың бағасы әртүрлі. Баға берілетін ақпаратқа байланысты. 230-дан аса адам курс, марафон, жеке кеңес алды. Мысалы, «7 күнде блогер бол!» атты онлайн марафонымда жетістікке жету жолын үйретемін. Инстаграмды сауатты жүргізіп қана қоймай, табыс табуды меңгеріп шығады.

– Курстарды қандай жолмен сатасың?

– Нақты бір жолын айтсам, қате болуы мүмкін. Өйткені, тек бір жолмен емес, бірнеше әдіспен сатамын. Ең басты сатудың жолы – Инстаграм функциясы (пост, сториз, тікелей эфир). 

– Оқырмандарың кім?

– Мектеп оқушылары, студент-тер мен декреттік демалыста отырған аналар. Өзімді бизнес тренер ретінде айта алмаймын. Өйткені, жеткен жетістігім менің еңбек шыңым емес. Әлі ізденіс үстіндемін. Бірақ замандастарыма айтарым бар. Өзім дамуды ерте бастадым. 8-10-сыныпта өзгеріске ұмтылғың келеді. Осы кезеңді жақсы әдетке бағыттау керек. Байқағаным, жаныңда қандай адамдар болса, сен сол ортада қаласың. Болмайтын әңгіме айтып, біреудің мінін көріп, сын айту оңай. Менің айналамда солай болды. Даму ортаны тазалаудан басталады.

Сосын комплекс. Ол белгілі бір мүшеңнен, қылығыңнан, мінезіңнен ұялу... Соның әсерінен сенімсіздік пайда болады. Ол сезім менде де болған... Басқалардың мазақтап, келеке етуінен қатты қысылып, сенімсіз болатынмын. Өзіңді осы қалпыңда жақсы көріп, қабылдау оңай емес. Маған «Мінсіз ешкім жоқ» деген үш ауыз сөз көмектесті. «Былай құтылуға болады» деп ақыл айтқым жоқ. Өзіме түрлі сұрақ қойдым. Өзімді басқардым, ұялдым, жеңдім, арылдым, өзімді жақсы көрдім. Комплекспен күресіп, жеңетін адам бар. Өмір бойы қорқып, жүруге де болады. Досым, сен қай жолды таңдар едің?

– Инстаграмда көмекші программаларды атап берші?

@getcombot Инстаграмда байқау ұйымдастырғанда көмекші құрал. Постқа жазылған барлық пікірлерді жүктейді.
@izibot арқылы кез келген әлеуметтік желіден видео жүктейміз. 
@YtbAudioBot-ке YouTube-тан өлеңнің сілтемесін қойсақ, аудио форматында келеді. 
@texst4instabot мәтін арасына көрінбейтін нүктелерді қойып, жаңа жолға бөледі. 
@ImageSearchBot қалаған фотоны іздеп табады. 
@Instasave_bot көмегімен YouTube, Инстаграмнан видео сақтап аламыз. 

– SMM деген кім? Олар қалай ақша табады?

– SMM инстаграмда бизнес аккаунттар жүргізіп, сол арқылы клиент тарту. Сіз киім сатасыз ба? Сізге сапалы контент пен Инста аккаунт керек. Өнімді қалай болса солай суретке түсіріп, клиент жинаймын деген ой дұрыс емес. 

SMM маманы парақша жүргізіп, пост, сториз салудан бастап, фотосессияға дейінгі қызметті атқарады. Бизнес аккаунтты тауып, иесімен келесімшартқа отырады. Өз қызметін ұсынады. Пайыз немесе нақты бір сомаға келіседі. Енді бастап келе жатқан SMM-нің табысы – 30000 теңге. Мықты мамандар миллионға дейін ақша табады. 

Сториз сату құралы болғасын қаралым саны өте маңызды. Алғашқы сториз күні бойы еңбектің статистикасына жауапты. Неге? Өйткені, киноның алғашқы кадры сияқты. Киноның басы мыжып кетсе, ары қарай кім көреді? Сториз дәмді болу үшін не істейміз? Әдемі әрлеу (жарық, дыбыс, сапа, стиль). Бірінші және екінші сторис арасында байланыс болуы керек. Оқырман қызығып, келесіні күтетіндей. Ерекше бол! Әрдайым бір нәрсені қайталаудың қажеті жоқ. Дайын ритуал. Мысалы, әр таңым таңғы ас дайындаумен басталады деген секілді. Ритуал да жалықтырады. Оны да уақытылы ауыстырған жөн. Ерте сториз салу. Қаншалықты ерте тұрсақ, соншалықты сториз де өнімді. Бұл қаралым санын көтереді деген сөз емес. Лента басқалардың контентімен толмай тұрғанда ертерек іске кірісу.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №33
17 тамыз 2021 жыл

2519 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор