• Мәселе
  • 16 Тамыз, 2021

Саған күшік керек пе?

Итті сатып алудан бастап, бағып-қағу жылына 366 мыңнан 1226577 теңгеге дейін қаражатты қажет етеді екен. Ал мысық 204 мыңнан 404520 теңгеге дейін аралықта екен. Ал сіз үй жануарына осыншама қаражат жаратар ма едіңіз? 

Бүгінгі мақаламызды үй жануарларына арнайық. Ауылда ит, мысықтың болуы заңдылық шығар. Ит үйдің құлпы, қорғаушысы болса, мысық «тазалық секторы» десек те болады. Ал қаладағы көпқабатты үйлерде қалай болады екен? Оларға күтім жасаудың өзі бір сабақ.  Үй жануарларын асырасақ та, оларды дәл ветеринардай біле алмаймыз. Сол үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ветеринариялық медицина маманы және ветеринарлық ғылымдар магистрі, қазір Ақтөбе қаласындағы Баишев университетінде Ауыл шаруашылық және экология кафедрасының оқытушысы болып істейтін Айгерім Шариповамен әңгімелескен едік.

 

– Көпқабатты үйде үй жануарын асырағанда зияны, пайдасы бар ма?

– Үй жануарларын үйде асырау үлкен жауапкер-шілікті талап етеді. Үй жануарларын ұстаудың мiндеттi шарттарын айтатын болсақ: тiркеу, жыл сайын қайта тiркелу, аса қатерлi жұқпалы ауруларға қарсы вакцина салдыру, паразитарлық ауруларға қарсы жұмыстарды өткiзу, 2,5-3 айлығынан бастап диагностикалық тексеруден өткiзу, санитарлық-тазалық, ветеринарлық-санитарлық ережені сақтау керек. Оларға үнемі күтім жасап, ветеринарға көрсетіп тұруға міндетті.  Үй жануарларының зиянынан пайдасы көбірек десек те болады. Мысалы, жалғызбасты адам үшін ол таптырмас ермек. Көбінесе қалалық үйлерде мысықты асырап жатады. Мысық шаршағанды басып, күйзелістен арылуға көмектеседі. Тотықұстар көңіліңізді көтеріп, тіпті депрессиядан құтқарады. Аквариум балықтарын көру ұйқыны жақсартады, тыныштандырады және күйзелісті азайтады. Мысықтардың пырылдауы ультрадыбыстық емдеу деп аталады. Мысық адамның мейірімін, махаббатын сезсе, бірден емдеуге кіріседі. Яғни адамның қай жері сыр берсе, сол жерге жақындай түседі. Мысықты ұзақ асыраған адам мысық ұстамаған адамға қарағанда 10 жыл артық өмір сүреді деген де дерек бар. Ал зиянын айтатын болсақ, кейбір ауру түрін таратуы, қолға дұрыс үйретілмесе тырнауы, үйдің ішін былғауы мүмкін. 

– Үйде ұстайтын мысықтардың, иттердің, құстардың, қоян, тасбақалардың жұқпалы аурулары бар ма? 

– Әрине, бар. Мысалы, жануарларда жиі кездесетін аурудың бірі – эхинококкоз ауруы. Эхинококк иттің ішегінде өмір сүреді. Жұмыртқалары нәжіспен бөлініп, сол ауруды жұқтырған ит жүнін, суды, топырақты, шөпті, жүрген бөлмені, ыдыстарды ластайды. Адамдар оның жұмыртқаларын сумен, тамақпен, одан қалса кір қолы арқылы жұқтырады. Эхинококкоз қоздырғыштары адамның кез келген мүшесін зақымдауы мүмкін. Әсіресе, бауыр мен өкпе көп зардап шегеді. Эхинококкоздың алдын алу үшін бірінші кезекте қаңғыбас және иесіз иттермен күрес жүргізу керек. Оларға міндетті түрде жылына екі-үш рет дегельминтизация (құрттарға қарсы дәрілеу) жүргізу қажет. 

Токсоплазмоз ауруы.

Бұл аурудың адамға жұққаны бірден білінбейді. Оның белгілері бірнеше ай немесе жылдан кейін ғана білінуі мүмкін. Науқаста әлсіздік пайда болып, ыстығы көтеріліп, жағдайы нашарлай бастайды. Токсоплазмоз аяғы ауыр әйелдер үшін қауіпті. Себебі іштегі баланың дамуына айтарлықтай зияны бар. Сондықтан да аяғы ауыр әйелдердің мысыққа жоламағаны абзал. Жүкті әйел бар үйде мысықты ұстамаған жөн. Ал мысық болған жағдайда, оны далаға серуенге жиі шығармау қажет. Мысықты ұстағаннан кейін қолды сабындап жуғаны жөн. 

Құтыру ауруы.

Ит пен мысықтан, жабайы аңдардан адамға құтыру ауруы жұғады. Бұл ауру адамға қан арқылы жұғады. Оның емі жоқ десек те болады. Ауруға шалдыққан адамның денесі тырысып, судан қорқып, сал болып, жағдайы күрт нашарлайды. Құтыруға шалдыққан адамға дәрігерлер де көмектесе алмайды. Бірнеше күн азап-танып, осы дерттің соңында қайтыс болуы мүмкін. 

Орнитоз ауруы.

Орнитоз тыныс алу жолдары арқылы жұғып, өкпенің қабынуы, орталық жүйке жүйесі, бауыр, көкбауырдың зақымдануы, улануымен сипатталады. Аурудың қоздырғышы – хламидия. Орнитоз ауруын жұқтырған адамның өкпесі қабынады. Көшелердегі жабайы кептерлерді қолға ұстап жатамыз. Кез келген қолға үйретілген кептер адамның қолына отыра бермейді. Орнитоз ауруымен көбінесе құстар (үйрек, тауық, тотықұс, сары шымшық, қырғауыл, т.б.) ауырады. Ауырған құстар жем жемейді, аз қозғалады, қауырсындары үрпиіп, көзі мен мұрнынан сұйықтық бөлінеді. Ауру 8-9 күнге созылады, көп жағдайда құстардың өлімімен аяқталады. Орнитозбен құс фермалары мен құс фабрикаларын-да, зообақтар мен зоодүкен-дерде жұмыс істейтін адамдардың ауыратынын байқаймыз.

Маманның пікірінен соң «үйде үй жануарын асырау керек пе, жоқ па?» деген сұраққа ойланарсыңдар деп ойлаймын, достар! Үйде ит-мысық асырау да үлкен жауапкершілік. Дұрыс күтім көрмеген жануар түрлі ауру-сырқауды қоздырып, айналасына қауіп төндіруі мүмкін екенін ұмытпағайсыңдар!

Үй жануарларын асырауға балалар ата-аналарын қалай көндірді екен? Жануарларға қалай күтім жасайды екен? Ендеше, өздерінен сұрап көрейік.

Айнұр САҒИДУЛЛАЕВА:

Үйдегі иттің жайы

Қызым Аянаға 1-сыныпқа барғанында «Саба-ғыңды жақсы оқысаң, қалағаныңды әпереміз»  деп уәде бергенбіз. 1-сыныпты үздік оқушы болып бітірген соң күшік сұрады. Біз қарсы болмай қалауын орындадық. Аяна күшігіне Арчи деп ат қойды. Арчиды алған кезде он күндік қана болатын. Астына жаялық төсеп, түнімен екі сағат сайын шприцпен жылы сүт беріп күттік. Бір-екі айдан кейін күшіктерге арналған арнайы тамақ бердік. Күшік өте ақылды болды. Үйдің ішін былғайды деп уайымдамадық. Тұқымы – хаски. Әдетте бұл иттерді ақылды, мейірімді дейді ғой, шынымен көзіміз жетті. Арчи өскесін қаладан ауылға әкелдік. Кейін Арчидың алты баласы болды. Күшіктері тамақ ішіп, тоймайынша өзі нәр татпайтын. Бір күшігін көршіге бергенбіз, күн сайын көрші үйдегі баласына сүт беріп, үйдегі балаларына өзі жемей даладан сүйек алып келетін. Содан асыл тұқымды иттердің сана-сезімі болатынын түсіндік.

Айгерім АБЫЛҚАСОВА:

Тасбақаны қалай күтеміз?

– Балам Альтаир жануарларды кішкентай кезінен қызықтап, ұнатып жүретін. Туған күніне әпкем тосынсый жасап, тасбақа сыйлады. Оның аты – Рюк. Басқа жануарларды қалалық үйде асырау қиындық тудыруы мүмкін, бірақ тасбақа тыныштық пен жайлылықты ұнататындықтан, аквариумда өз бетімен отырады, көбінесе ұйықтайды. Аптасына бір рет астындағы жаңқасын ауыстырып, аквариумды жуамыз. Ауа райы жақсы болғанда Альтаир далаға серуендеуге шығарады. Даладан келген соң міндетті түрде жуындырамыз. Рюк салат жапырағын, сырты тазаланған қияр жейді. Тасбақамыз кішкентай, бес жаста. Тісі қатты өтпейді, сол үшін қиярдың сыртын тазалап береміз. Қызанақ, құлпынай, қырыққабат беріп көргенбіз, бірақ жемеді. Негізі тасбақаларға асқабақ беру керек дейді. Асқабақтың құрамында кальций көп, ол арқасындағы тасының қатаюына жақсы әсер етеді екен. Біздің тасбақа асқабақты да жемеді.

Айзада САҒИДОЛЛА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №33
17 тамыз 2021 жыл

598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор