- Толағай
- 16 Тамыз, 2021
Төрт дүркін чемпион
Грек-рим күресінен кубалық балуан Михаин Лопес Нуньес төртінші рет Олимпиада чемпионы атанды.
Биыл 39 жасқа толатын кубалық балуан 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін көрінбей кеткен еді. Тек аймақтық деңгейде бір-екі жарысқа қатысумен шектелді. Жолдаманы да басқа балуан жеңіп алды. Ол Олимпиадаға арнайы дайындалған. Сөйтіп, Токиоға бар ынта-жігерімен келген. Мақсат біреу, төртінші рет Олимпиада чемпионы атану. Бұған аздап күмән келтіргендер болған. Алайда оның бәрін жоққа шығарып, 40 жасқа жақындаған Лопес жолында кездескеннің бәрін оңай жеңді.
Алдымен румыниялық Алин Киурариудың осал тұсын тапты. Сосын Ираннан келген Амин Мирзазадені 8:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда ежелгі қарсыласы, әккі балуан түрік Рыза Каяалпты дұрыс тактиканың арқасында жолынан ығыстырды. Олимпиада қарсаңында бас жүлдеге осы екеуі таласады деген. Бірақ жеребе бойынша жартылай финалда кездесті. Тағы да Михаин Лопестің бағы жанды. Ал финалда грузиялық Якоб Каджаяны 5:0 есебімен жеңді. Сөйтіп, спорттық карьерасында төртінші рет Олимп шыңын бағындырып отыр.
Михаин Лопес – грек-рим күресінен төрт бірдей Олимпиада ойындарында алтын медаль алған алғашқы балуан. Бұған дейін бұл рекорд ресейлік Александр Карелинге тиесілі болатын. Ол үш рет чемпион атанып, бір рет күміс жүлдегер атанған.
Ал жалпы күрес түрлерінен төрт рет Олимпиада ойынында топ жарған алғашқы балуан жапониялық Каори Итё (2004, 2008, 2012, 2016 жылдары). Енді сол қатарға Лопес те қосылып отыр. Осы салмақта Токиода қола жүлде Сергей Семенов (Ресей) пен Рыза Каяалпқа (Түркия) бұйырды. Финалдан кейін тілшілер кубалықтан Александр Карелин туралы сұрады.
– Карелин жайлы не айтасыз? Сіз оның жетістігінен асып түстіңіз.
– Карелин жайлы айтарым жоқ. Тек оған денсаулық тілеймін. Аңыз спортшы. Бірақ бүгін одан асып түсу бақыты маған бұйырды. Мен оны құрметтеймін. Бала кезімізде оған еліктедік. Күресін көріп өстік. Ол нағыз аю, жастарға үлгі болатын спортшы. Оның күресін тамашалап, соған ұқсауға тырыстық. Алайда қазір мен үздікпін. Дегенмен Александр құрметімнің жоғары екенін және оны мойындай-тынымды айтқым келеді.
Бек ТӨЛЕУОВ
«Ұлан» газеті, №33
17 тамыз 2021 жыл
523 рет
көрсетілді0
пікір