• ҰЛАН
  • 09 Тамыз, 2021

EduNavigator – мамандық таңдауға көмектесетін қазақстандық жоба

Мектеп оқушыларынан «Мамандық таңдай алмай жүрмін», «Кім болам?», «Қай оқуға барсам екен?» деген сөздерді жиі естимін. Иә, мамандықты дұрыс таңдау біздің болашағымызға тікелей әсер етеді. Оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар бермегеннен көбі талғамына сай емес, таңдау пәндері оңай немесе ата-анасы айтқан мамандықты таңдай салады. Өзі қаламаған мамандыққа тапсырып, жұмыс істей алмай, уақытын босқа өткізіп жүргендер қаншама?! Ал бұл өзімізге ғана емес, еліміздің дамуына да кері әсерін тигізеді. Осындай жағдайдың алдын алу үшін BTS Education компаниясы 2020 жылы EduNavigator жобасын іске қосты. Жобаның продакт менеджері Тимур Бектұр мырза EduNavigator платформасы туралы айтып берді.

Edunavigator.kz жобасы туралы

Бұл жобаны іске асыруға ЖОО, колледж бітірген студенттердің оқыған мамандығы бойынша жұмыс істей алмауы себеп болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында жыл сайын 21 000 түлек жоғары оқу орнына түсе алмайды деген. Бұл тиісінше жұмыссыздықтың өсуіне алып келеді.

Қазақстандағы жұмыссыздық-тың 17,8 пайызы жастардың үлесінде. Бұның барлығы мамандық таңдауда, оған дайындауда арнайы кәсіби бағдардың болмауынан туындайды. Сол себепті біз Edunavigator.kz  жобасын іске қостық. Edunavigator.kz платформасында қазақ аудиториясы назарға алынған. Бұл тестте адамның жеке тұлғалық сипатына қараймыз. Біздің платформаның өзге тесттерден ерекшелігі де сол. Тест тапсырушы-ның қызығушылығын, икемін ескере отырып, өзіне ұнайтын, болашақта алып кете алатын мамандық түрлерін ұсынамыз. Мәселен, оқушы әлеуметтік ортада өзін жақсы сезінуі мүмкін. Сол себепті оларға жұртшылықпен көбірек қарым-қатынасқа түсетін мамандықтар сәйкес келеді. Ал жеке өзі қалғанды жақсы көретін жандарға зертханада, тыныш ортада жұмыс істейтін мамандықтарды ұсынуға тырысамыз. Одан бөлек, платформа арқылы оқушы өзіне сәйкес келетін сала қай колледжде, ЖОО-да оқытатыны туралы біле алады. Платформадағы ұсынылатын мамандықтардың өміршеңдігіне қатты мән береміз.  

BTS Education компаниясының «Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы» деген кешенді жобасы бар. Бұл жобада Қазақстанның 9 экономикалық секторы бойынша болашақта пайда болатын, қазірдің өзінде сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жасалған. Технологиялық дүмпу, жасанды интеллектінің дамуынан кейбір сала жойы-лып кетеді, кейбіреуінің сипаты өзгереді. Біз осы атластағы мамандықтарды негізге ала отырып, тест нәтижесін шығарамыз. Басты мақсатымыз – жұмыссыздықтың алдын алып, еңбек нарығына анализ жасау, мамандыққа сай жұмыс істеуге шақыру.

Тестті қалай тапсыруға болады?

Оқушы мамандық таңдауда қиналып жүрсе, Edunavigator.kz сайтына өтіп, телефон нөмірі арқылы тіркелуі керек. Содан соң «Тесттен өту» тетігін басып, тапсыра алады. Жүйені қолдану өте қарапайым. Қазір кәсіптік бағдарлау тестін тегін тапсыруға мүмкіндік бар. Кез келген жан үшін біздің жүйе ашық тұр. Алдағы уақытта ақылы функцияларды қосуды жоспарлап отырмыз. Тест 96 сұрақтан, үш деңгейден тұрады. Бірінші деңгейде адамның қабілеті мен икемін, екінші деңгейде ұнататын мамандығын анықтап, ал соңғы деңгейде қолданушыға өзіне сәйкес сала бойынша тест ұсынамыз.

Тесттің нәтижесі туралы...

Осыған  дейін Edunavigator.kz жобасында 20 000 адам тест тапсырды. Әрине, ұсынылған мамандықтар бәріне бірдей ұнамайды. Олардың арманы мен мақсатына орай келіспеушілік болуы мүмкін. Бірақ әлеуметтік желіде платформаны қолдап, алғыс айтып хат жазатындар  өте көп. Тесттен кейін оқушылардың алған әсері негізінен жақсы деп айтуға болады. Ал кейбіреуінің  техникалық ақаулардан немесе өзіне ұнамайтын мамандық түсуінен көңілі толмауы мүмкін. Edunavigator. kz жобасындағы кәсіптік бағдарлау тесті белгілі бір заңдылыққа, формулаға бағынбайды. Бұл жерде адамның көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына, өзін-өзі бағалауына байланысты нәтиже шығады.

P.S. Достар, Инстаграмда edunavigator.kz, atlas_enbek_kz парақшаларына тіркеліп, қызықты әрі маңызды ақпараттардан хабардар болып отырыңдар.

Аружан АБСАТАР,
«Ұлан» газетінің жас тілшісі.

Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №32
10 тамыз 2021 жыл

1543 рет

көрсетілді

35

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор