• ҰЛАН
  • 20 Шілде, 2021

Арманым – ізгі қоғам құру

Әлемнің көрікті жерлерін аралауды армандамайтын адам аз. Ал сол арманын жүзеге асырған, өмір сүрудің әдемі нұсқасын насихаттап жүрген Динара Болатты ерекше атап өтуге болады. Әлемнің 40-қа жуық елінде болған жиhанкез блогер, «Өмірге шексіз ғашық» кітабының авторы, @ditravel_tour жетекшісі Динара әпкемізден алар үлгі-өнегеміз мол.

– Көптеген елде болдыңыз. Сондағы сізді таңғалдырған нәрсе, басыңыздан өткен қызық оқиға...

– Әр ел өзінше таңғалды-рады, өзінше әсер етеді, үйретері көп. Әртүрлі қоғамды көресің. Бір елдерде көшедегі тәртіп, кейбір елде қоғамдық көліктерде ерекшелік болуы мүмкін. Әр ел өзінше сабақ! Мәселен, ең алғаш ініммен Еуропаға саяхатқа барар кезде, Ютубтан қалай тиімді саяхат жасауға болатынын, соған қатысты лайфхактарды қараған болатынбыз. Ол кезде біздің ақшамыз көп емес еді. Сонда Ютубтан көрген блогымызда «Италияның кішкентай қалаларының арасында билет алмай-ақ қоюға болады, ешкім тексермейді» деп айтқан болатын. Біз сөйтіп Италияның қалаларының арасында бір жерге ғана билет алмай пойызға мінгенбіз. Дәл сол кезде бізді полиция ұстап алды және үлкен сомада айыппұл салды. Айтайын дегенім, кез келген елдің өздерінің ішкі тәртібі бар және ол сақталуы керек. Мысалы, қазір Грузияда «Барғаннан кейін үшінші күні ПЦР тест міндетті түрде тапсырылуы керек» деген заң бар. Кейбір барып-келген адамдар «тапсырмай-ақ қоюға болады, оны ешкім тексермейді» деп жатыр. Дегенмен, біз Грузияға бардық. Ол тест үшінші күні міндетті түрде тапсырылуы керек. Оны сізді көшеде біреу ұстап алып тексермегенімен, базада тіркеледі және шекарадан шығар кезде үлкен проблема болуы мүмкін.

– Карантин, пандемия саяхатыңызға қалай әсер етті?

– Пандемия кезінде саяхаттарым күрт азайды. Дегенмен, пандемияның басында және ортасында Америка мен Африкаға саяхаттап келдім. Биыл жағдай сәл де болса жақсарғандықтан, турларым қайта жандана бастады. ПЦР тестпен, вакцинамен кіргізіп жатқан елдерге саяхат жасап жүрміз.

– Көп адам шетелге баруды қалайды, армандайды. Бірақ барлығы бірдей сол қалауына жете бермейді. Оған тосқауыл болатын кедергілерді қалай жеңуге болады?

– Иә, көп адам саяхаттағы-сы келеді. Бірақ бара алмайды. Себебі ең бірінші мәселе – «саяхат қымбатқа түседі», «мүмкін емес» деген сияқты стереотип бар. Екінші – «тіл білу керек» деген стереотип. Меніңше, саяхатқа біреуге ілесіп шығу үшін де мақсатты түрде ақша жинау керек, жоспар құрып, сол бойынша жұмыс істей бастау керек. Әйтпесе, әне-міне деп жүргенде уақыт өтіп кетеді.

– Әр елге барғанда сол елдің тілін білу міндетті ме, әлде ағылшын тілін білу жеткілікті ме?

– Әр елге барғанда, дәл сол елдің тілін білу міндетті емес. Ағылшын, орыс тілдерін білу жеткілікті. Ағылшын тілі жүретін жерлер бар, орыс тілінде сөйлейтін елдер бар. Ағылшын тілін мектеп деңгейінде білсеңіз де, кез келген сұрайтын нәрсені сұрап, жететін жеріңізге жетуге болады.

– Тур ұйымдастыру табыс көзі бола ала ма? Тур ұйымдастырудағы мақсатыңыз қандай?

– Тур ұйымдастыру оқыр-мандарымның өтінішінен бастау алды. Негізгі мақсатым –  табыспен қатар, қазақтарды саяхатқа баулу, әдемі саяхаттаудың не екенін көрсету, талғам қалыптастыру, елдерге ғашық қылу. Әрине, бұл жерде табыс бар. Дегенмен, мен сонымен қатар қазақ қыз-келіншектерінің отбасынан бөлек шығып, бір мезгіл өздеріне уақыт арнап, шетелде демалуды, шетелді тануды үйретіп келе жатырмын деп өзіме риза боламын.

– Турыңызға қатысушыларға қандай талаптар қоясыз?

– Турыма қатысушыларға қойылатын талап: ең бірінші – позитив көңіл-күй, қарапайымдылық. Топ болып жүретін болған соң, ол жерде әркім бір тәкаппарланып, өзінше шарт қойып, мінез көрсетуіне жол жоқ. Топта бірнеше адам болғандықтан, бір ұжым, бір отбасы секілді ауызбіршілігіміз мықты болып, әдемі саяхаттап, елге аман-есен оралу мақсаты тұрады. Оның іске асуы үшін әркімнен жауапкершілікті талап етемін.

– Тағы қандай елдерге барғыңыз келеді немесе бару жоспарда бар?

– Менің әлі аяғым жетпеген жер – Латын Америкасы. Жапонияда болдым, қатты ұнағандықтан, тағы да барғым келеді. Одан бөлек Оңтүстік Корея тұр. Барғым келетін ел көп. Пандемия жұмсарып, жағдай реттелсе, шетінен жалғасын табады деп ойлаймын.

– Ең қауіпсіз, тұруға қолайлы деп қай жақты айтар едіңіз?

–  Туристер үшін ең қауіпсіз елдер ондығы бар. Тұруға қолайлы дегеніміз – бағасы қолжетімді, табиғаты жұмсақ жер болуы керек деп есептеймін. Мен өзім Индонезияда, Бали аралында тұрғанды ұнатамын. Ол жерде жемістер де, табиғат та, ауа райы да жанға жағымды. Ең бастысы – жетіп алу, өйткені билет қымбатқа түседі. Жалпы, тұрғым келетін жер көп. 

– Шетелде жүргенде қандай кедергілерге тап болуымыз мүмкін? Алғаш шетелге шығар адамға не айтасыз?

– Адам өзі сақ болуы керек. Туристер көп болатын елде бәрібір ұрлық-қарлық, алдап кету болады. Ол базарда, саудаласқан кезде, валюта ауыстырғанда болуы мүмкін. Сөмкеңізге, ақшаңызға мұқият болу керек. Белгілі бір ережелер бар, сол қарапайым сақтық шараларын сақтап жүрсе жеткілікті. Сақтық, алданып қалмау деген нәрсе-лер бәрібір тәжірибемен келеді. Бір-екі рет алданып көріп барып, сабақ аласыз. Сондықтан бастаған кезде алдану бәрібір болады.

– Өмірлік миссияңыз қандай?

– Өмірлік миссиям – айна-ламдағы адамдарға өзімнің жеке тұлғалық үлгім ретінде мәнді, әдемі өмір сүруді насихаттау.

– Жастарға берер ақыл-кеңесіңіз...

– Жастарға берер ақылым: өзін аямай, жас кезінде білім жиып,  тәжірибе жинап, көп саяхаттап, әдемі естеліктер жинауы керек!

– Көп рақмет! Саяхатыңыз таусылмасын! 

Гүлнұр САПАРОВА, 
«Ұланның» жас тілшісі.

Бейнеу ауданы
Маңғыстау облысы

«Ұлан» газеті, №29
20 шілде 2021 жыл

855 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор