• Бірінші байлық
  • 21 Шілде, 2021

Балалар вакцинаны қашан алуға болады?

Коронавирустан қорғанудың бір жолы – вакцина. Ғалымдар бір жыл бойы тәжтажалға қарсы ем таппақ болып, бар күшін салды. Мұның нәтижесі, өздерің білетіндей, түрлі мемлекеттер өз вакцинасын ойлап тауып, ақжолтай жаңалығымен бөлісті. Мұның ішінде біздің Қазақстан да бар. 

Вакцина 18 жастан асқан азаматтарға өз қалауы бойынша салына бастады. Қоғамның негізгі қозғаушы күші ересектер болғандықтан, вакцина алдымен соларға жасалды. Ал балалар мен жасөспірімдерге ше? Бұл сұрақ бізді ғана емес, дүниежүзін толғандырып отыр. Карантин шаралары жеңілдесе, мектептер мен оқу орындары ашылса, балаларға да вакцина салдыру қажеттігі туындауы мүмкін бе? Бұл бүгінде қоғамның басты сұрағына айналды. 

Дәл қазір Pfizer (Файзер) – АҚШ-тағы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге рұқсат етілген жалғыз вакцина. 16 жасқа дейінгі балаларға вакцина егу үшін, оның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында мыңдаған ерікті жас клиникалық сынақтан өтуі керек. Нәтижелер толығымен қаралып, содан кейін FDA рұқсат етеді. (Америка Құрама Штаттарының тамақ және дәрі-дәрмектерді басқару ( FDA немесе USFDA) – денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаментінің федералды агенттігі)

«Файзердің» жасөспірімдерге арналған сынақ нәтижесі алдағы апталарда қаралуы керек. Вакцина өндірушісі Moderna да жасөспірімдерге қатысты сынақ жүргізіп жатыр. Johnson & Johnson –  АҚШ-та ересектерге қолдануға рұқсат етілген үшінші вакцинаның өндірушісі. Бұл компания сәуір айының басында жасөспірімдерде сынақ басталғанын мәлімдеді. Олардың вакцинасы қауіпсіз және тиімді екені дәлелденсе және бақылаушылар оларға рұқсат берсе, 12 жастағы және одан жоғары балаларға күзде мектеп басталғанға дейін вакцина егуге болады.

Жасы кішірек балалар вакцинаны күздің аяғына дейін немесе қыс басталғанға дейін ала алмайды. Moderna наурыздың ортасында вакцинасын 6 айдан 11 жасқа дейінгі балаларға тексере бастағанын хабарлады. «Файзер» де кішкентай балаларға тестілеу сынағы көп уақыт алатынын айтып отыр.

Балалар алатын вакцинаның айырмашылығы неде?

Балаларға арналған COVID-19 вакцинасының құрамы ересектердікімен бірдей. Айырмашылығы – дозасы ғана. Вакцина сынақтарының алғашқы қадамы – дұрыс дозаны анықтау. Компаниялар қауіпсіз және мақсатты деңгейдегі антиденелер шығаратын ең төменгі дозаны тапқысы келеді. Мысалы, Moderna ересектерде 100 микрограмм дозаны қолданады. Ол 2 жасқа дейінгі балаларға арналған үш түрлі дозаны – 25, 50 және 100 микрограммды және 2 жастан асқан балаларға арналған екі дозаны – 50 және 100 микрограммға дейін тексерді.

Компания оңтайлы дозаны анықтағаннан кейін, оның тиімділігін тексеру үшін плацебо бақыланатын сынақты бастайды, онда кейбір балалар плацебо алады, ал кейбіреулері вакцина алады.  (Плацебо (лат. placebo – сауығамын) – қандай да бір дәрі деп тағайындалатын анық емдік қасиеті жоқ препарат. Плацебоны ішкізгенде науқастың сол дәрі-дәрмекке деген сенімінің арқасында физиологиялық не психологиялық оң өзгерістер пайда болады. Уикипедиядан).

Педиатриялық вакциналарды сынақтан өткізудің қатаң жүйесі АҚШ-та жақсы жолға қойылған. Бұл сынақтар ересектерден ерекшеленуі мүмкін балаларға арналған вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалаудың кілті болып отыр.

Вирусология және молекулалық биология бойынша PhD Әсел Мұсабекова:

«Әзірге балаларға ковидке қарсы арнайы вакцина жоқ және балаларға салу міндеттелмеген. «Спутник-V» вакцинасы да рұқсат етіл-меген. Алайда, әлемдік тәжірбиеде Pfizer вакцинасын 12 жастан асқандарға Еуропа және АҚШ қолданып жатыр. «Спутник-V» толық зерттелмегендіктен, оны балаларға қолдану әлі ерте деп ойлаймын. Балалар вакцинасына өте мұқият болу керек. Ковидтің вакцинасына деген сенімсіздік балаларға арналған  басқа да вакциналарға күмән келтіруі мүмкін. Мысалы, қызылша сияқты ауруларға қарсы алатын екпелерге күмән тууы мүмкін. Бұл аурулар өте қауіпті, сондықтан ата-аналар бұдан бас тартатын сияқты. Сол үшін асығуға болмайды, толық ақпаратты зерттеп, зерделеп, толық тәжірибеден өткен соң ғана қарастырып көру керек», – дейді.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

Деректер Discover 
журналынан алынды

«Ұлан» газеті, №29
20 шілде 2021 жыл

1048 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор