• ҰЛАН
  • 19 Шілде, 2021

«Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан?

«Айқап» пен «Қазақ» – ХХ ғасырдың басында жарық көріп тұрған ұлттың үнін жеткізуші алғашқы басылымдар. «Айқап» баспасөз тарихында ең алғашқы журнал ретінде ел есінде қалса, «Қазақ» газетінің де атап айтарлық ерекшеліктері мен ұлт келешегі үшін жасаған ісі көп. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Сералин, Ғұмар Қараш, Сәбит Дөнентайұлы, Мұстафа Шоқай сынды ұлт зиялыларының осы басылымдарда біршама еңбектері жарық көріп отырғаны белгілі. Алайда, екі басылымның арасында біршама келіспеушілік болып, күрмеуі шешілмей келе жатқан даулы мәселелерді көтергенін біле жүргеніміз абзал. Қоғамдық резонанс тудыратын  бірқатар шешім мен ұсыныс екі басылым арасында екі түрлі көзқарас тудырып, халық арасында маңызды орынға ие болды. Бірақ, екі басылымның ұстанған жолы әрқилы болғанымен, мақсаты бір екенін ескергеніміз жөн болар. Екі басылымда да жұрт десе жүрегін жұлып беруден тайынбайтын, азаматтық рухы биік зиялы қауым өкілдері қызмет етті. Мұхамеджан Сералин мен Ахмет Байтұрсынұлы басшылық еткен екі басылымның арасында расында да келіспеушіліктер болғаны рас. Бұл журналистикада алғашқылардың бірі болып қолтаңбасын қалып-тастырған Мұхамеджан мен «ұлт ұстазы» атанған Ахмет арасы суық болды деген сөз емес.

«Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі». Бейімбет Майлиннің осы бір назар аударарлық сөзі екі басылым арасындағы көзқарастың екі түрлі болғанын дәлелдейді.

«Қазақ» пен «Айқап» не үшін айтысты? Қандай мәселелер себеп болды? Осы турасында мәселені жіпке тізгендей етіп талдап көрелік.

Біріншіден, ел арасы дүрбелең болып тұрған кезеңде отырықшы-лық мәселесі басылым тарапынан басты орынға қойылды. «Айқап» журналы: «Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз. Отырықшы болған ел оқуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруа түрлерін дамытады», – деп өзіндік пікірін ортаға салды.  Журналда жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы» атты мақалада  М.Сералин: «Ау, жұрт! Ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға муафық іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді»,
деп қарапайым қазақтың өз жеріне ие болып қалу қажеттігін халық санасына осылайша сіңіруге тырысып бақты. «Қазақ» та қарап қалған жоқ. Газет бұл жайттың қауіпті екенін алға тартты. Себебі, аз ғана қазаққа он бес десятинадан жер тисе, ұланғайыр даламызда жер артылып қалар еді. Мұның артында отаршыл өкіметтің құйтырқы саясаты жатыр. Олар неғұрлым өздеріне көп жер бөлінгенін қалайды деген пікірлер айтылды. Сонымен қатар, қазақтың кейбір жері егін егуге қолайлы емес. Ертең онсыз да аз қазақ аштыққа ұшырауы мүмкін деген салмақты ой білдірді. Расында, «Қазақтың» бұнысы орынды еді. Осы тұстан бастап екі басылым арасында келіспеушілік оты тұтанды. 

Екіншіден, басылымдардың басқосу мәселесіне қатысты пікілерін ой таразысына салуы. «Айқап» журналының 4-5-сандарында көтерілген мәселелерді шешу үшін съезд шақыру жөнінде бас редактор Мұхамеджан Сералиннің мақаласы жарық көреді. Ең қызығы, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 18-санында  дәл сол мақалаға арналған жауабы жарық көреді. Басқосу қанша керек болғанмен, оған қолайлы кез еместігін алға тартқан Ахмет Байтұрсынұлы мәселелермен күресудің басқа жолын қарас-тыруды тілге тиек етеді.

«Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлей тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазір бір журнал, бір газет бар, сыйғанынша солар арқылы кеңеселік, сыймағанын хатпен сөйлесуге болады. Съезде сөйлесіп, кеңескенмен, түбі барып істеушілерге тіреледі. Ісімізді істеушілер, жоғымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсатқа жан бітіп тірілмекші», – деген Ахаңның пікірі «Айқап» журналының тарапынан негізсіз қалып, ешқандай қолдау таппайды. Алайда, арада біраз уақыт өткен соң Ж.Сейдалиннің Ахмет Байтұрсынұлына қарсы пікірі жарық көреді. Мұнда  «Қазақ» газетінің съезд шақыруға келіспегені халық қамынан гөрі қара басын ойлайды деген пікірге үндес келеді. Әрине, бұл Ахаң басқарған «Қазақтың» шамына тимей қоймайды. Ж.Сейдалиннің сыңаржақ пікірін теріске шығарып, съезд шақыру буынсыз жерге пышақ сұққанмен бірдей деген пікір айтады. «Болатын басқосудан қашпаймын, болмайтын басқосуға арамтер болмаймын. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деген салиқалы ойлар да «Қазақ» газетінде кездеседі. Шындығында, бұл кереғар пікірлер сол кезеңде прогрессивті мәнге ие болғанын атап айтқан жөн болар. 

Үшіншіден, екі басылым арасындағы мәселе қазақ жазуы жайында болды. Нақтырақ айтсақ, әліпби түзу жөнінде пікірлері бір-біріне қарама-қайшы сипатқа ие болды. 

Қалай десек те, екі басылымның арасындағы түсініспеушіліктер қалың ұйқыда жатқан қазақтың көзін ашты, парасат майданына жетеледі. Ұстаным жолында екі түрлі бағытты жолға қойғанымен, мақсаты бір – қазақты өрге сүйреу, сауатты ұрпақ тәрбиелеу, отаршыл халықтың езгісінен аман алып қалу, одан құтылудың жан-жақты мәселелерін қарастыру. Міне, осы тұрғыда екі басылымның да ұстанған қағидаты биік, һәм ел қамын ойлайтын ұлтшыл азаматтардың әрекеті еді...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №29
20 шілде 2021 жыл

994 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор