• ҰЛАН
  • 19 Шілде, 2021

Бір жарым тонна машинаны 20 қадам сүйреген Бекмансұр

Бекмансұр Дәулетбақ – Нұр-Сұлтандағы №50 Райымбек батыр атындағы мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы. Ол алты жасында Тәуелсіздіктің 20 жылдық құрметіне ерекше сый жасаған. Бір жарым тонна машинаны арқанмен беліне байлап, 20 қадам сүйреген. Оның ендігі мақсаты – әлем рекордын жаңарту. Батыр баланың Алматыға келгенін естіп, әңгімелескен едік.

– Бекмансұр, жазғы демалысың қалай өтіп жатыр?

– Өте жақсы. Атам мен әжемнің Бекоштай дегенін сағындым. 

–  Машинаны қалай сүйредің?

– Оп-оңай (күліп). Әкем екеуіміз ақылдасып, шешім қабылдадық. Әкем – белгілі спортшы Темір Спатаев. Нар түйені көтерген адам. Қажымұқан атамыздың ұрпағы батыр болуы керек деп жиі айтады. Машина сүйреген кезде Қазақстанның рекордтар кітабының адамдары болды. Олар есептеп, кітапқа атымды жазды. 

–  Дайындықты қалай бастадың?

– Күнде саябаққа барып, жаттығу жасадым.  Дзюдоға қатысып, бірнеше рет чемпион болдым. Әкем күшімді, жаттығуымды бағалап, салмақты қосып жүрді. 

–  Жарақат алмадың ба?

–  Жоқ, егер жаттығу жасап, күшің көп болса, зиян емес. Анам уайымдайды, бірақ ешкімге айтпайды. Қарындасым бар, ол биге барады.

–  Өзің секілді әлемдегі мықты балаларды білесің бе?

– Әрине, әлемде күшті балалар өте көп. Мысалы, Андрей Косташ алты жасында бір орында тұрып, бірнеше мың рет жерден серпіле көтерілетін болған. 2 сағат 29 минутта 4000 рет көтеріліп, Украинада рекорд жаңартқан. Алайда, Андрейдің бұл көрсеткішке көңілі толмапты. Оның айтуынша, 6000 рет көтерілуге күші жетеді екен. Сосын қытайлық Янгтің салмағы 7 жасында 50 келі болған. Денесі май емес, бұлшықет! Ата-анасы ерекше болатынын сәби кезінен байқапты. 9 айлығында бес литр майды ойланбай көтеріпті.

Қазір әкесін оп-оңай көтеріп, жүз келі ауыр жүкті жүгіріп тасиды. Елді таңғалдырғаны – екі тонналық жүк көлігін арқанмен ойнап жүріп тартқаны. Қыздар арасында Кутин мықты. Ол 9 жасында ауыр атлетикадан әлем рекордын жаңартты. Зілтемірді жатып көтеруден чемпион. 10 жасында 97,5 келі зілтемірді көтеріп, өзінен 4 жас үлкен спортшының рекордын бұзды. Кейін жарақат алып, демалысқа шығыпты.  

– Ал елімізде қандай балалар бар?

– Әкем талантты балалар ауылда, оларды жарыққа шығару керек дейді. Мен де осы пікірдемін. Балуан Қажымұқан атамыздың ауылында туған Әмір Махметті үлгі тұтамын. Ол Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабында 5 рет рекорд орнатқан. Денесін бір қалыпта 1 сағат ұстап тұрып, әлем рекордын жаңартқан. Мықты спортшы ең ұзақ дегенде он минутқа шыдай алады екен. Сосын шөлмектерге аяқ-қолын тіреп тұрып, жаттығу жасап, тағы рекорд орнатқан. Машина сүйреген кезде маған қолдау көрсетіп, ағалық ақылын айтты. Әмірге спорттағы жолың ашық болсын деп тілеймін. 

– Өзің қандай баласың?

– Сабақты жақсы оқимын, тәртіптімін. Мектепте Әліби деген досым бар. Ұстаздарымды жақсы көремін. Кейде бұзық болатыным бар. Ондай сәтте әкем мұның дұрыс емес екенін айтады. Каникулда Бауыржан Момышұлы жайлы кітап оқыдым. Атамыз мықты, күші көп болған. Болашақта бай болғым келеді. Әкем айтқандай олимпиада чемпионы боламын.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №29
20 шілде 2021 жыл

951 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор