• ІТ және инновация
  • 21 Маусым, 2021

ISEN – отбасылық қосымша

Нұр Құтты – өнертапқыш инженер. Көптеген патент пен авторлық құқықтың иесі. Нұр Құттының идеясынан туған тамаша жобаның бірі – ISEN қосымшасы. ISEN – қысқарған сөз. International Social and Education Network деген сөздерден құралған. Яғни, Халықаралық әлеуметтік және білім беру желісі.

ISEN-ді отбасылық қосым-ша деуге болады. Мұнда балаға да, мұғалімге де, ата-анаға да пайдалы әрі қажетті дүние молынан. Қосымшадағы ең негізгі қызметтің бірі – білім беру бағытындағы пайдалы курстар. Мұнда бала физика, математика, химия немесе басқа да пәндерден қосымша материал таба алады. Сонымен қатар, домбыра үйренуге, ІТ және дизайн курсын оқуға мүмкіндік бар. Ағылшын тілін үйренудің жан-жақты мүмкіндігі қарастырылған.

Ең бастысы, мұның барлығы – тегін. Жобаны ЮНИСЕФ қолдап отыр. Сонымен бірге, Нұр АҚШ елшілігіне, Сауд Арабиясына, Түркия басшыларына арнайы хат жазған. Қазір олардан жауап та келіп жатыр екен. Қосымшаның мақсаты – балаларын қосымша ақылы курстарға апаруға мүмкіндік жоқ отбасыларға көмек беру. Нұр мырзадан мұндай қосымша жасауға түрткі болған не жағдай екенін сұраған едік.  

«Ұлым қосымша оқу орталығына баратын. Бір күні баламды алып кетуге келсем, бір баланың анасы оқудың ақысын кейінірек төлеуге рұқсат сұрап отыр екен. «Жалақым түсе салысымен төлеймін» деген әйелге оқу орталығының өкілі онша бір ыңғай таныта қоймады. Егер Алматы қаласының өзінде, тұрақты жұмыс істейтін ата-ана баласының қосымша оқу ақысын уақы-тымен төлей алмай жатса, аймақтардағы жағдай қандай екен деген ойға қалдым. Сондай отбасының балаларына көмектескім келді. ISEN қосымшасын жасау жөніндегі идея осылай пайда болды», – дейді өнертапқыш.

Осы бір оқиғадан кейін команда жинай бастаған. Жоспар құрып, 9000 беттен тұратын бағдарлама жасаған. Авторлық құқық алған. Жобаның авторлық құқығы 193 елде жарамды. Қазір бұл қосымшаны Қазақстаннан бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасының балалар үйлері пайдаланып отыр екен.

«Дизайн курсының нарықтағы бағасы – 100 мың теңгеден жоғары. Біз мұны тегін ұсынамыз. Екі ай оқығаннан кейін бала дизайн жасап, интернетте біртіндеп ақша табуына болады. Әдетте бізде балаға балық береді ғой, біз сол балықты өзі ұстасын деп, қармақ ұсынып отырмыз», – дейді Нұр.

Курстар үнемі жаңарып, толықтырылып отырады. Мәселен, фото және видео монтаж жасау курсы бар. Бүгінгідей әлеуметтік желі онлайн сауданың көзі болып отырған заманда бұл аса қажетті дүние. Әрі бұл курсты ISEN қосымшасын жасаушылар америкалық белгілі режиссерден сатып алған. «Ол режиссердің өзі бұл курсты 8 000 АҚШ долларына сатады. Біз оны тегін ұсынамыз. Қазір аударып, бейімдеп жатырмыз. Бұл бір реттік акция емес, үнемі тегін болып қалады. Өйткені ЮНИСЕФ бізді тізімге қосқан кезде талаптарын қатаң ескертті. Сондықтан ешқашан ақылы болмайды», – дейді Нұр.

Қосымша тек Қазақстанға арналмаған, оны әлемнің кез келген түкпірінде қолдануға болады. Қызметі жан-жақты. Қатаң цензура бар. Ересектерге арналған ақпарат, фото мен видео салынбайды. Нұр мырза мұны ондай контенттің онсыз да жеткілікті екенімен түсіндіреді. Экстремизмді, терроризмді насихаттайтын, саяси мақсатты көздейтін және идеология жүргізгісі келетін жазбаларға қатаң тыйым салынады. Әлеуметтік желі сияқты пайдалануға болады. 

Былтыр бірнеше мектепте сынақтан өткіздік. Мұғалімдер мұнда чат ашуына болады. Бұл чаттың артықшылығы, әр мұғалім өзі чат ашады, онда сұрақ-жауап бар. Уотсаптағыдай қиындық жоқ. Сол чатта баға қоюға болады. 

«Қосымша екі жыл бойы жасалды. Оны АҚШ, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Ресей және Қазақ-станның мамандары бірігіп жасады. Қазір тұрақты түрде 16 программист отыр. Екі серверіміз бар. Уотсап мессенджерінде мыңнан аса программист отырады. Ол тек қана мессенджер. Ал біздің қосымшада әлеуметтік желі де, мессенджер де, оқыту да бар. Модуль көп. Соны бар-жоғы 16 маман жасап отыр», – дейді Нұр.

Жобаны жасауға бір жарым миллион АҚШ долларына жуық қаржы жұмсалыпты. Нұр мырза мұны бизнес серіктесімен бірге жасап отыр. Олар ешкімнен ақша сұрамайды. Бар, жасалған дүниеге қолдау болса дейді. Бірақ, Нұр мырзаның айтуынша, біздегі ресми органдар мен салалық мекемелер тегіннен-тегін ұсынып отырған дүниені өздерінің платформасында орналастырудың өзіне құлықсыз екен. «Кәсіпкерлікті дамыту басқармаларына жаздым. Өте салғырт қабылдады. Білім және ғылым министрлігіне жаздым. Онда да солай. Аяғында балалар үйіне өзіміз шығуымызға тура келді. Біз ешкімнен ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Балаларға керек, балаларға пайдалы дүниені тегін ұсынып отырмыз. Қолдау жоқ», – дейді өнертапқыш. 

Қазір ешқандай жарнамасыз қосымшаны тұрақты түрде 10 000-нан аса адам пайдаланып отыр. Қазір ТМД елдерінде тарату жағын қарастыруда. Оның барлығы оқытушыларға байланысты. «Тіл курстарын орналастырудың өз қиындығы бар екен. Оқытушылардың көбінің негізгі жұмысы бар, уақыт бөлуі қиын. Қазір негізінен программалау мен дизайнға қатты күш салып отырмыз. Қазір бұл екі сала өте қажет болғандықтан, бар назарымыз сонда. Болашақта кеңейте береміз», – дейді Нұр. 

Міне, қосымшаны парақтап отырмыз. Алғашқы бетінде қызықты ақпараттар берілген. Мәселен, Финляндияның білім беру саласындағы теңдессіз жетістікке қалай жеткені туралы қысқаша ғана ақпарат беріліпті. Бамбуктың 60-130 жылда бір-ақ рет гүлдейтінін оқып, таңғалдым. Бассейнді таза ұстау үшін дельфиндердің ондағы қоқыстарды жинап шығатынын да бірінші естуім. Көгілдір пингвин болатынын да осы қосымшадан оқып алдым.

Қосымшада өте пайдалы роликтер мен нұсқаулықтар ұсынылыпты. Мәселен, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек екенін білмейтін балалар көп. Өйткені мұны бізде жеткілікті деңгейде оқытпайды. Ал ISEN қосымшасы өрт шыққанда, түтін шыға бастағанда не істеу керегін қадам-қадамымен көрсетіп қойған. Сонымен бірге, халықаралық көмек сұрау белгісі бар. Қиын жағдайға тап болған адам айғайламай-ақ, ақырын қолымен белгі беріп, көмек сұрай алады. Қандай жағдайда және қалай көрсетуге болатынын видеоролик түрінде ұсыну өте сәтті шыққан.  

Сонымен бірге, афоризмдер, психологияға қатысты мәлімет-тер берілген. Тағы бір ұнаған тұсы, чатта қазақ тілінде жазсаң, бірден ағылшынша аудармасы шығып тұрады екен. Бұл – тіл үйренушілерге  үлкен көмек. Ата-аналар бұл қосымша арқылы балаларының қайда жүргенін де бақылап отыра алады. Тағы бір қуанышты жаңалық, бұдай былай «Ұлан» газетін ғана емес, басқа да балалар басылымдарын ISEN қосымшасы арқылы кіріп оқуға да болады. Бұл – балалар үшін ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдер үшін де таптырмас көмекші. Оны тіркеліп, пайдалана бастаған адам бірден аңғарады. 

Жұлдыз ӘБДІЛДА

«Ұлан» газеті, №25
22 маусым 2021 жыл

7465 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор