• Күншуақ
  • 14 Маусым, 2021

«Жас ұлан» қандай ұйым?

Қазіргі кезде көшбасшылар қалыптастыруда «Жас ұлан» ұйымының алар орны ерекше. Жыл сайын «жасұландықтар» саны артып келеді. Осы жолы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Алматы облысы бойынша үйлестірушісі Кулшанова Меруерт Мұратқызымен ұйым жайлы әңгімелестік.

–  «Жас ұлан» қандай ұйым?

– «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы – балалардың әлеуетін ашуға, жан-жақты дамытуға арналған қоғам-дық бірлестік. Алғаш рет 2011 жылы 6 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Биыл ұйымның ашылғанына тура 10 жыл болмақ. Он жылда игі істер атқарылып, балалар мен жасөспірімдердің дамуына жағдай жасалды.

– Ұйымның мақсаты қандай?

– Жас өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттыру, зерде-интеллек-туалдық жағынан дамыту және рухани құндылықтарды дәріптеу, еңбекке баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, табиғатымызға жанашыр тұлға ретінде қалыптастыру. Сонымен қатар заңдарға бағынып, құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу.

– Қалай «жасұландық» қалай болуға болады?

– «Жас ұлан» ұйымына қабылдану үшін ең басты шарт – мектептің ең бел-сенді, озат оқушысы болуы тиіс. «Жас ұлан» екі бағыттан тұрады: 1-4-сынып оқушылары «жасқырандықтар» болып есептеледі, ал 5-11-сынып оқушылары – «жасұландықтар». Жалпы мектеп өміріне белсенді атсалысса, сабағын жақсы оқыса, еңбектенуден жалықпаса, ұйымға мүше болып кіру қиынға соқпайды. Егер «жасұландық» болып жатса, әрбір жасөспірім өзіне жақын бағытты алып, жұмыс жасаса болады. Не болмаса өзін жақсы көрсетіп жатса, әр бағыттың төрайымы болып, бағытты жандандыратын болады.

– Балалар мен жасөспірімдер ұйымының болашағы қандай деп ойлайсыз?

– «Жас ұлан» ұйымы мектеп табалдырығын аттаған балалардан мектеп бітіргенге дейінгі мектептің тыныс-тіршілігінде белсене атсалысатын жасөспірімдер ортасы. Мектеп бітіргеннен кейін бұл тұлғалар «жасотандық» болып есептеледі. Яғни, ол кезде жастарымыз есейіп, әр істі өз бастамасымен қолға алып, жақсартуға үлес қосады. Кейін «Жас Отаннан» қанат қағып шығып, «Нұр Отан» партиясында болашақ көшбасшы болады. Әр ұйым бір-бірімен сатылай сабақтасып, жастардың өсіп-өркендеуіне мүмкіндік береді.

– Ұйымның былтырғы жасаған жұмысы туралы айтсаңыз....

– Былтыр пандемияға байланысты карантин болғандықтан жобаларды онлайн жұмыс істедік, еріктілікті дамыттық. Соның ішінде атап өтсем, «Таза әлем» экологиялық бағыттағы жоба, «Рестарт» медиасауат, онлайн болу мәдениетін дәріптейтін жобалар болды. Егер пандемия болмағанда, бұл сабақтардың барлығы жасөспірімдермен кездесіп, арнайы психолог мамандар жұмыс істер еді. Бірақ, елдегі жағдайға байланысты еш қиындықсыз әп-сәтте онлайн режимге икемделуге тура келді. Алайда еліміздің 17 өңіріндегі оқушыларды қамтитын жобаларда психолог мамандардың арқасында ұтымды жобалар болды деп айтсақ болады. Сондай-ақ жобаға қатысқан балаларға республикалық дәрежедегі сертификаттар табысталды.

– «Жас ұланның» алдағы жоспары қандай? 

– Елбасының туған күніне орай, 6 шілдеде «Жас ұлан» ұйымына кезекті жасөспірімдерді қабылдау жоспарда бар. Қабылдау рәсімі жылына 3 рет – 1 мамыр, 6 шілде, 16 желтоқсан күндері өтеді. Биыл 1 мамыр күні Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының ғимаратында қабылдау рәсімі өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта  «Таза әлем» жобасының кезекті сатысы «Киелі табиғат» балама жобасы жоспарда бар. Мұнда балаларды табиғаттың жанашыры ретінде тәрбиелеу, мейірімге баулу сияқты мақсат көзделген. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы шәкіртақы ұтып алған еді. Соның арқасында бірнеше жоба жыл сайын өтіп тұрады. Әсіресе, «Рестарт» жобасында Халықаралық деңгейдегі IT университетінің сертификаттарына ие болады. Сондықтан «жасұландық» болуға ұмтылыңыз!

– Байқауымша, бұл ұйымда еріктілікке баса назар аударады. Мұның себебі неде?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, «Жас ұлан» ұйымына озат, мектебінің белсенділері мүше болады. Олар әрқашан белсенді, мейірімді, қоғамға жанашыр. Жүрегінде мейірімі ұялаған балалар еріктілікке дайын балалар деп айтуға болады. Біз барлық «жасұландықты» еріктілер қатарында көреміз. Табиғат жанашыры болады, пандемия кезінде өзгелерге көмектесті. «Жас ұлан» ұйымының Алматы облысы бойынша үйлестірушісі болғаннан кейін еріктілер жылының жалғасы ретінде жұмыстар-ды тоқтатпадық. «Киелі табиғат» жобасы аясында өзіміз бастамашы болып, сенбіліктер ұйымдастырамыз. Ғаламшарды қоқыстан тазартуға аямай күш салып жатырмыз. Ешкімнің нұсқаулығынсыз «жасұландықтар» өзен жағалауына, саябақтарға барып, қоқыстан тазартып қана қоймай, оларды сұрыптап, қоқыс жәшіктеріне тастаймыз. Пластик заттар-ды сұрыптап, өткізген ақшаға мұқтаж жандарға көмектесеміз. Өзен жағала-уындағы қоқыстарды тазалауымызға себеп – қоқыстың жанындағы су әркімнің өз үйіне қайтадан айналып баратындықтан, балалардың сана-сезімін, экологиялық мәдениетін қалыптастыру жағынан тәрбиелеу.

Еріктілік те – мұқтаж жандарға көмектесу бағыты. Алайда, біз онымен тоқталмай жануарларға арналған зооеріктілікпен де айналысамыз. Еріктілік тек бір нәрсемен шектелмеу керек. Жақында «Дармарка» деп аталатын жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Үйлеріңізде өздеріңізге қажеті жоқ зат табылады деп ойлаймын. Әркімнің үйінде кітап не киім болсын, керексіз заттарды алып келіп, керекті заттарды алып кететін жоба жүзеге аспақ.

Айгерім ЕСІМХАН, 
№12 мектеп-гимназияның 
10 «Ә» сынып оқушысы.

Талдықорған қаласы

«Ұлан» газеті, №24
15 маусым 2021 жыл

1820 рет

көрсетілді

15

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор