• Сенің замандасың
  • 17 Мамыр, 2021

Тәтті тоқаш сатып, қайырымдылықпен айналысатын Мариям

EcoLine экокосметика сататын дүкеніме барғанмын. Бет пен шаш күтіміне қажет өнімдерді алып, кассаға жақындағанда себеттегі тəтті тоқаштарға көзім түсті. Сатушыдан сұрап едім, қайырымдылық жобасы екенін айтты. Əлеуметтік желіден тоқаш пісірушінің парақшасын тауып алып, бірден тіркелдім. Қайырымдылық үшін екі тəтті тоқаш сатып алдым. Жобаның негізін қалаған 16 жастағы оқушы Мариям Асхатқызы екен. Идея қалай пайда болғанын Мариямның өзінен сұрадық.

– Алматы қаласының тумасымын. Тəтті тоқаш əзірлеуден өзге əн айту, сурет салу, билеу ұнайды. Оқу үздігімін. Химия-биология бағытындағы мектепте оқимын. Аса көп фильм көре бермесем де, кітап оқығанды жақсы көремін. Чарльз Диккенстің «Оливер Твист» жəне Харпер Лидің «Убить пересменщика» кітаптарын оқуға ұсынамын. Өйткені бұл кітаптар шынымен көп нəрсені ойлауға мəжбүрлейді. Адам өмірінің мəні, өмірдегі жақсы нəрсеге деген құлшыныс, үміт, жалпы адамгершілік жəне басқа құндылықтар туралы ойлауға мүмкіндік беріп, ерекше əсер қалдырады. Тəтті тоқаштар əзірлеуді 13 жасымнан бастап үйрендім. Ал кəсіби түрде айналысуым 15 жасымнан басталды. Бұл істі коммерциялық бағыттағы кəсіптен гөрі хобби деп қабылдаймын. Бірақ болашақта тəтті тоқаш əзірлеу мамандығым, жалпы айналысатын негізгі жұмысым болғанын қалаймын.

Тəтті тоқаштарды сата бастаған кезде ақшасын қайырымдылыққа жұмсағым келді. Сол кезде ата-анаммен бірге «Домики – Я с тобой» жобасын тауып алдым. Бұл – қоғамдық бастама. Мақсаты – онкологиялық аурумен ауыратын балаларға жəне олардың жақындарына көмек көрсету. Маған бұл ұйымның балалардың суреттерін жүктемейтіні, сол арқылы эмоционалдық бопсалаумен айналыспайтыны ұнайды.

– Қайырымдылық жобасын іске асыру əрекеті қалай болып жатыр?

– Адамдардың мейірімді жəне қайырымды болғанын бəріміз қалаймыз. Адам шынымен де көмекке мұқтаж жандарға көмектесуі үшін өзі əлеуметтік тұрғыдан дамыған болуы керек. Егер салыстыратын болсақ, менің бір тəтті тоқашым 500 теңге тұрады. 500 000 теңге жинау үшін 1000 адам бір печеньеден сатып алуы керек. Былай қарасаңыз, бұл жүзеге асу мүмкіндігі жоғары дүние. Бірақ селқос қарайтындар бар. Мен адамдардың бəрін білетін білімді, алайда жүрегі жоқ роботтарға айналғанын қаламаймын. Əр адам өзіне ғана емес, басқаларға да қамқорлық жасауы керек. Меніңше, сонда ғана олар бақытты өмір сүре алады.

Жобамның мақсаты – бір тəтті тоқаш сатып алу арқылы шынымен де мұқтаж жанға көмек көрсетуге болатынын дəлелдеу. Мен жобаны өте қарапайым түрде жүзеге асырамын. Қызығушылық танытқан жəне көмектескісі келетін адамдар маған жазады. Соған орай, белгілі бір мөлшерде тəтті тоқаш сатып алады. Мен тоқашты тек тапсырыс бойынша əзірлеймін. Көп уақыт тұрып қалмайтындықтан тоқаштар өте дəмді болады.

– Болашаққа жоспарың қандай?

– Технолог болғым келеді. Өйткені бұл мамандық хоббиіме тікелей қатысты. Технолог – өнімнің үрдісін жəне сапасын бақылайды. Сондықтан бұл мамандық маған сəйкес келетін сияқты.

– Талабыңа нұр жаусын! Сұқбатыңа рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №20
18 мамыр 2021 жыл

2776 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор