• Жырақтан білім іздесең
  • 17 Мамыр, 2021

Мәскеуде орыс тілінің лингвистикасын зерттеп жүр

Бакалавр бітірген соң шет елде магистратура оқу әрі ғылым жолын таңдау – көптеген ынталы студенттің арманы. Кейіпкеріміз Назерке Ерғазықызы былтыр Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің бакалавриатын тәмамдап, Мәскеу қаласында Ресей халықтар достығы университетінің магистранты атанды. Назерке орыс лингвистикасын зерттеп, болашақта тіл үйренушілерге арналған әдістеме құрастыруды жоспарлап жүр. Назеркенің ғылым жолындағы таңдауы мен Ресейдегі өмірі туралы әңгімесін ұсынамыз.

Қызылорда облысы, Қорқыт бабамыз қоныстанған киелі Қармақшы ауданының тумасымын. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын қызыл дипломмен аяқтадым. Қазір Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетінің магистратурасында оқимын. Қармақшы ауданындағы Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепті тәмамдаған едім. Білім ордамыздың жанында Сыр бойы мақамындағы жырау, термешілердің мектебі бар. Онда Сыр сүлейлерінің саңлақ жырларын алыс-жақынға паш еткен жырау Бидас Рүстембековтен дәріс алдық. Бала күнімде домбырамен қоса мәнерлеп оқуға, ән сабағына, сурет үйірмесіне, қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі – тоғызқұмалаққа қатыстым. Мен 9-сыныпты бітіргенде өмірдің жаңа бір баспалдағына қадам жасайтын уақыт жеткенін түсіндім және асыға күттім.

Жаңа орта, жаңа таныстық, өзге қала маған көптеген жаңалықты ашарына сендім. Есімізді біліп, етек-жеңімізді жинаған сәтте еліміздің астанасы, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында студент болып, колледжге оқуға түстім. Ауылдың қарапайым қызы үшін бас қала шетелдей болып көрінетін. Күткенімдей-ақ, арман қуып келген қалам үмітімді ақтады.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің сіз үшін ерекшелігі қандай? Тек қыздармен оқу қиын емес пе?

– Студент болып жүргенімде осы сұрақ жиі қойылатын. Тек қыздармен оқу деген мейірім, сұлулық, инабаттылықтың ордасында тәрбиелену деген сөз. Білім нәрімен сусындатып, білгенін қашанда бөлісуге даяр тұратын оқытушылардың да қыздарға қарым-қатынасы ерекше. Мен кез келген жерде университетімді мақтан тұтып, педагогикалық бағытта білім алғысы келетін қыздарға сонда оқуға кеңес беремін. Себебі ол бізге біліммен қоса, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа жетелеген, өмірде тұлға болып қалыптасуымызға көп септігін тигізген алтын ұямыз. Сол үшін де алғысымыз шексіз!

– Магистратураға қалай түстіңіз?

– Ресейге оқуға түсуге арналған бірнеше бағдарлама бар. Мен Open doors студенттерге арналған әлемдік олимпиадасы арқылы түстім. Жоба талапкердің қоғамдық белсенділігі мен білімін тексеретін 2 кезеңнен тұрады. Сондай-ақ, үміткерлердің көрсеткіш нәтижелерінің негізінде жеңімпаздарды анықтайды.

– Ғылымды саналы түрде таңдадыңыз ба?

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой, менің ілім жолына түсуіме ғылыми жетекшілерім Тоты Жеңісқызы мен Жарқынбике Нуайқызының септігі көп тиді. Өзге жанның ғылымға деген махаббатын ашу, шәкірт даярлау нағыз кәсібиліктің шыңы деп түсінемін. Бірлескен жұмыс нәтижесінде «5-сыныптың қазақ әдебиетіне сатылай кешенді талдау», «Абай Құнанбайұлының шығармашылығына сатылай кешенді талдау» атты әдістемелік нұсқаулықтар мен «Түркі тілдерінің суретті салыстырмалы сөздігі» және бірнеше ғылыми мақала жарық көрді.

– Магистратурада не себепті орыс лингвистикасын таңдадыңыз?

– Магистратураға түсу барысында орыс лингвистикасын таңдау себебім, біріншіден, білімді жетілдіру болса, екіншіден, алынған білімнің нәтижесінде қазақтілді азаматтарға орыс тілін меңгертуге арналған оқу құралын даярлау. Елімізде, әрине, мықты әдіскерлер баршылық. Десе де, оқу құралдары саусақпен санарлық. Болашақта докторантура оқу да ойда бар. Алайда ол Ресей болмауы мүмкін. Небір озық елдерде болсақ та, туған жер бәрібір жанға жылулық сыйлап тұрады. Сондықтан болашақта мен қызметімнің өз елімде болғанын қалаймын.

– Ресейде оқудың жағдайы қандай?

– Жалпы Ресейдегі білім сапасына толықтай көңілім толады. Менің ең алғаш назарымды аудартқаны – оқытушылардың, яғни профессорлардың қарапайымдығы. Көрдім, білдімге салынып, тасып бара жатқан бірде-бір оқытушыны көрмедім, керісінше, студенттің деңгейіне түсіп, қатарласы секілді әңгімесін тыңдап, ақылын айтады. Орыс тілінде жазылған еңбектер, зерттеу жұмыстары өте көп және қолжетімді. Біздің университетте оқу процесі барынша цифрланған. Бұл студенттерге уақытты ұтымды пайдалануға және кез келген сәтте ақпараттарды қолдана алуға мүмкіндік береді.

Тобымда әлемнің әр өңірінен бас қосқан 9 ұлт өкілі бар. Әр сабақ сайын өз еліміздің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ортаға салып, таныстырып отырамыз. Елінен жырақтап, білім іздеп жүрген жандар болғандықтан, бәрі де өте белсенді. Арамызда ең үлкеніміз – кореялық Пак Сан Ил есімді 70 жастағы студент. Сол кісіге қараған сайын ынта-жігеріне тәнті боламыз. Бір жылдың ішінде бәріміз достасып, жақын жандардай болып кеттік.

– Ресейде қоғамдағы қарым-қатынастан не байқадыңыз?

– Біздің қоғамда орыстар ұлтшыл деген жалған стереотип бар. Әр халықтың өзіне тән қасиеті бар. Ол үшін адамдарды айыптау дұрыс емес. Бұл жақта да күйбең тіршіліктің қамымен бір-біріне қарауға шамасы келмей, үнемі асығып жүретін адамдар, қол ұстасып бірін-бірі жетектеп бара жатқан ата-әжелер, отбасы мүшесіндей қабылдайтын итін серуендетіп жүрген отбасылар көзіңізге ілінеді. Маған орыс халқының ұқыптылығы мен мұқияттылығы ұнайды. Барлығы дәл уақытында, әр адам өз міндетін біледі, толық орындайды. Қала тұрғындары ақжарқын, қашан да көмекке даяр тұратын жандар.

– Ресейде қандай тарихи әрі мәдени жерлерде болдыңыз?

– Әзірге тарихи орындардан Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда, Үлкен театрда, Ұлы Отан соғысының жаңартылған форматтағы музейінде, орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкиннің музей-үйінде, мемлекеттік Третьяков галереясында, ұшқыштардың алтын бесігіне айналған Калуга қаласында болдым. Әр жер өзінің тарихымен, сұлулығымен ерекше жадымда қалды.

– Ресейде оқығысы келетін талапкерлерге қандай кеңес бересіз?

– Егер Ресейде оқу туралы шешімге келген болсаңыз, мен сізді құттықтаймын! Себебі сізді тек қызықты студенттік өмір ғана емес, болашағыңыздың темірқазығы болатын біліктілігіңізді де толықтай меңгеріп шығатыныңызға кәміл сенемін. Ешбір кедергіге қарамастан бұрынғы арманыңыз, қазіргі мақсатыңызға қадамыңызды нықтай түсіңіз. Себебі жеңіс жеңілдікпен келмейді.

– Қандай кітап оқуды ұсынасыз?

– Барлық жерде стандартқа айналған көркем әдебиеттер тізімін айтпай-ақ қояйын. Қазір бәріміз қоршаған ортамыздан мотивация іздеп жүретін жанбыз ғой. Сондықтан мына кітаптарды оқуға ұсынамын:

1. Жасампаз жандардың 7 дағдысы (Стивен Р.Кови);

2. Как завоевывать друзей и оказывать влияние на людей (Дейл Карнеги);

3. Көпке ұмтылған жалғыз (Эллиот Аронсон);

4. Любовь к несовершенству: принять себя и других со всеми недостатками (Гемин Суним);

4. Бай әке, кедей әке (Роберт Кийосаки)

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №20
18 мамыр 2021 жыл

547 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор