• Сенің замандасың
  • 17 Мамыр, 2021

Румынияда оқу еркіндік сыйлады

Нұрболған Бүркітова – Ақтау қаласында орналасқан Шахмардан Есенов университетінің 4-курс студенті. Білім және ғылым министрінің грантымен Румынияда білім алған. Түркия, Әзербайжан елдерінде болған. Ағылшын, француз тілдерін меңгерген.

– Білім және ғылым министрлігінің грантын қалай алдыңыз десеңіз, университетте конкурс болды. Оған грантта оқитындар да, ақылы бөлімде білім алып жатқандар да қатысты. Аса қиын талап қойылған жоқ. Ағылшын тілінен деңгейіңіз B2, яғни Intermediate болса, GPA 3,5 балдан кем болмаса, құжаттары дұрыс болса, әр студенттің шетелде оқуға мүмкіндігі бар.

Министрліктің атынан оқудың артықшылығы бар. Шетелге барып-келуіңіз, оқу процесі министрліктің қадағалауында болады. Олар барлығын өз жауапкершілігіне алады. Қиындық туындаса, оны да шешеді. Егер өзіңіз барсаңыз, қандай да бір қиындыққа тап болсаңыз, елшілікке барып айтуыңыз керек.

Қазақстанда бакалавр төрт жыл болса, Еуропаның көп мемлекетінде үш жыл оқиды. Қазақстанда бірінші семестр қыркүйек айында басталса, оларда қазанның аяғында немесе қарашада басталады. Оқу деңгейі жағынан бізден ілгері. Қазақстанда білім сапасына қарағанда, оқушылар мен студенттердің сабаққа қатысуына көбірек мән береді. Сабаққа қатыспасаңыз, оқу үлгеріміңіз төмендейді, ұрыс естисіз. Шетелде ондай түсінік жоқ. Оқу орнына барасың ба, бармайсыз ба, өз еркіңізде. Сабаққа қатыспай жүрген оқушының да үлгерімі жақсы болуы мүмкін. Сабаққа қатыспаса, нашар балл алу деген жоқ. Ең бастысы, біліміңіз жоғары болуы керек.

Емтихан тапсыру ережесінде де айырмашылық бар. Мен оқыған университетте емтихан түрлі форматта болады. Жазбаша, ауызша тест тапсырамыз. Ал Румынияда емтиханды барлығы жазбаша түрде әділ, ешкімнің қыспағынсыз тапсырады, пара беру болмайды. Әр студент өзінің білім деңгейін көрсетеді.

Румыния мен Қазақстан арасындағы уақыт айырмашылығы шамамен төрт сағаттай болғандықтан, алғаш барғанда ұйқымыз қанбай, мазасызданып жүрдік. Жаңа ортаға келген соң, әр адамда бейімделу процесі болады. Бізде біраз уақыт сондай жағдай болды. Аса қиындық көрмедік. Бухарестің халқы өте мейірімді, көмектесуге дайын тұрады. Қала тұрғындары ағылшын тілін біледі. Бұл бізге қолайлы болды. Біздің теңгенің құнсыз екенін сол жақта көрдік. Румынияның ақшасымен есептегенде, тамақ салыстырмалы түрде қымбат болды. Министрліктің гранты болғандықтан, барлық шығынымызды өтеп берді. Сондықтан қаржы жағынан қиындық көрген жоқпыз.

Визаның бірнеше түрі бар. Біз студенттік виза алдық. Кей мемлекеттерге визасыз да баруға болады. Ал Румынияға виза керек. Визаға бірінші рет тапсырып тұрсаңыз, қиынырақ болады. Виза жасауға көмектесетін компания арқылы алуды ұсынамын. Олар бәрін біледі, барлық мәселені шешіп береді. Визаға құжат жинау – шаршататын процесс. Барлық құжатты, оның көшірмесін жинақтап, туғаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі мәліметтерді жинақтап бересіз. «Қандай мақсатта барасыз? Қанша уақыт боласыз, шотыңызда қанша ақша бар?» деген сияқты сұрақтарға жауап бересіз. Заңсыз іс-әрекетпен айналыспауыңыз керек.

Виза алудың екінші кезеңі – тілдік деңгейді тексеру. Бетпе-бет кездесіп, мамандығыңызға қатысты сұрақтар қойып, білім деңгейіңізді көреді. Сенімді жауап беріп, не себепті баратыныңызды нақтылайсыз. Барлық сұраққа дайын болу керек. Тіл үйрену үшін үнемі тәжірибе керек. Қазір тілді біліп тұрсаңыз да, үздіксіз тіл меңгеру болмаса, бір-екі жылдан соң білетін тіліңізді ұмытасыз. Тілдегі бар нәрсені жоқ қылатын, жоқ нәрсені бар қылатын нәрсе – практикада қолдану. Аз-аздан үздіксіз оқу керек.

Шетелде оқу маған не берді?.. Ой мен сөз, іс-қимыл еркіндігін берді. Бұрын байлар, білімді адамдар ғана бара алады деп ойлайтынмын. Шетелге тегін барып келгенімнің арқасында ой еркіндігі пайда болды. Толеранттылықты жақсырақ түсіндім. Өзге ұлт пен дін өкілдеріне, жалпы адам баласына толерантты қарауды үйретті. Кейбіреулер адамды ұлтына, дініне, тіпті, ой-өрісіне қарай бөліп-жарады. Ойыңды жоққа шығарады. Ол адам санасының төмендігін көрсетеді.

Мектепте барлық мүмкіндікті пайдаланғанымда, бәлкім, шетелде төрт жыл білім алар ма едім деп ойланам. Университетке барғанда ғана мүмкіндіктің көп екенін білдім. Мектеп оқушыларына айтарым, қазірден бастап ізденсе екен. Қорықпауға, тіл үйренуге кеңес беремін. Неғұрлым ерте бастасаңыз, соғұрлым жақсы. Барлық мүмкіндікті іздеп, ертерек қамданыңыз.

Жазып алған Перизат ШАДЕН

«Ұлан» газеті, №20
18 мамыр 2021 жыл

2596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор