• Өнертапқыш
  • 11 Мамыр, 2021

Жұмыртқа басатын инкубатор құрастырды

Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Жангерей Зинелов инкубатор жасады. Оның басып шығаратын жұмыртқасы нарықтағы бағадан арзандау болады. Жангерей биыл Пекинде өтетін IESO-2021 халықаралық олимпиадасына қатысады. Өнертапқыш неліктен мұндай жобаны қолға алғаны туралы әңгімелеп берді.

– Біз бірнеше жылдан бері тауық асыраймыз. Үй құсының өмір сүру жағдайын сол кезден бастап зерттей бастадым. Тауықтың құрыққа жатып алып, балапан басып шығару үрдісі мені қатты қызықтырды. Уақыт өте келе тауықтың астындағы жұмыртқаның барлығынан балапан шыға бермейтінін көрдім. Тіпті кейбір балапандардың толық жетіле алмайтынын аңғардым. Содан осы мәселені жетекшім әрі биология пәнінің мұғалімі Салтанат Сұлтанғазықызына айттым. Ұстазыммен бірге біраз өзекті сұраққа жауап табуға тырыстық. Алдымен өңірдегі құс шаруашылығы туралы статистиканы іздестіре бастадық. Қызылорда облысында жұмыртқа өндірісі төмен екенін білдік. Нақтырақ айтсам, 2020 жыл-дың он айында жұмыртқа өндірісі ұлттық нормадан 18,2 есе, ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен физиологиялық нормасынан 31,1 есе төмен екен. Жұмыртқа өндірісін арттыру үшін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жетекшіммен бірге мектеп жағдайында инкубатор жасау туралы идеяны ойластырып, жүзеге асыруға бар күшімізді салдық. Алдымен ақылдаса отырып инкубатордың құрылысын жоспарладық. Әртүрлі әдебиеттен материалдардың қасиеті мен бағалары туралы ақпарат жинадық. Интернеттен инкубаторға қажет материалдарға тапсырыс беріп, бір айдың ішінде құрастырып шықтық.

– Инкубатордың жұмыс істеу механизмі қандай? 

– Алдымен инкубатордың құрылысына тоқталсам, корпусы пеноплэкстен жасалған. 40 ватт, 220 вольттық 2 шам, 
компьютерлік кулер (венти-лятор), автоматты түрде жұмыртқа айналдыратын лоток, сандық таймер, термореттегіш және су құюға арналған ыдыс (лоток) бар. Жұмыртқаның жұмыс істеу механизмі балапандардың тауық басып шыққандай болуы үшін ыңғайлы жағдай қалыптастыруға негізделген. Жұмыртқа айналдыратын автомат лоток олардың дұрыс орналасуы мен ішіндегі заттардың бір бетке жабысып қалмауы үшін екі сағат сайын айналып тұрады. Автомат лотоктың астында су құюға арналған ыдыс бар. Ол балапандарға суды буландырады. Инкубатордың ішкі жоғары бөлігінде компью-терлік кулер әрбір 10 минут сайын 20 секундқа іске қосылып, артық көмірқышқыл газын сыртқа шығарып тұрады. Сандық таймер барлық жүйемен байланыс орнатып, желдеткіш пен автомат лотоктың белгілі бір уақыт бойы жұмыс істеуін толық қамтамасыз етеді. Ал термореттегіш балапандардың дамуы үшін шамнан бөлінетін 38,8 C температураны сақтап тұрады. 

– Тәжірибеден кейінгі нәтиже өзің күткендей болды ма?

– Біз бұл тәжірибені екі жыл бойы іске асырдық. Алдымен жақсы жетілген эмбрионы бар жұмыртқаларды овоском құралы арқылы анықтап алып, іріктеу жасадық. Ғылыми тәжірибе барысында кальций дұрыс таралмаған жұмыртқаларды да алдық. Мысалы, табиғи жолмен тауық балапанды 21 күнде басып шықса, инкубаторға салған 19 жұмыртқадан 12 балапан жұмыртқаны жарып шықты.

– Балапанды жұмырт-қадан жасанды жолмен шығаруға арналған аппарат бұрыннан бар. Ал сен ұсынған жобаның басты ерекшелігі неде? 

– Біріншіден, жоба экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Өйткені инкубаторға қажет материалдар қолжетімді әрі бағасы да арзан. Пеноплэкс материалының артықшылығы – ток көзіне қосылмаса да, екі сағатқа дейін жылуды инкубатордың ішінде сақтап тұрады. Пеноплэкс құрылыста ең жақсы жылу сақтағыш материал болып саналады. Сонымен қатар, оның салмағы да айтарлықтай жеңіл. Мектеп, тіпті үй жағдайында тасып жүруге ыңғайлы. Осындай ерекшеліктері арқылы экономикалық шығынның алдын алып, өнімділікті арттыру мүмкіндігі зор. Мысалы, өндірістегі инкубатор бағасы шамамен 60 000 теңгедей болады. Себебі инкубатордың корпусы металдан жасалған. Сондай-ақ, ол ауыр әрі кез келген жерге бірге алып жүруге немесе тасуға мүлдем қолайсыз екенін ескеріңіз. Бірақ біздің инкубатордың да бір кемшілігі бар. Автомат жұмыртқа айналдыратын лотокқа тек 42 жұмыртқа ғана сыяды.

– Биылғы оқу жылында мектеп президенті болып сайландың. Осы туралы толығырақ айтсаң...

– Мектепте жыл сайын дәстүрлі түрде мектеп президенті сайланады. Оған әр сыныптан үміткер сайлауалды бағдарламасын ұсынады. Мектеп президентінің сайлауында мұғалімдер мен оқушылар дауыс береді. Қазан айында оқушыларға сайлауалды бағдарламамды таныстырып, соның нәтижесінде ең жоғары дауыс жинадым. Осылайша, мектеп президенті атандым. Қазір мектеп президенті ретінде сайлауалды бағдарламамда көрсетілген жобаларды жүзеге асырып жатырмын. Ай сайын іс-шаралар тізімін жазып, өзін-өзі басқару кеңесіне орындалуы қажет әрекеттер жоспарын тапсырамын. Әртүрлі жобаның ережесін құрастырып, мұғалімдермен бірге білім байқауын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, басқа да Назарбаев зияткерлік мектебінің президенттерімен келіссөз жүргізіп, ортақ идеяны жүзеге асыруға тырысамыз. Оқушылардың оқумен байланысты мәселе-лерін шешуге барынша көмектесемін. Бір сөзбен айтқанда, мектеп әкімшілігі мен оқушылар арасындағы байланысты жақсарту мақсатында оқушылар бірлестігі атынан жұмыс істеймін.

– Тағы қандай қызығушылығың бар?

– Мектептен тыс қоғам-дық іс-шаралармен де айналысып, академиялық ғылыми жетістіктерге жетуге тырысамын. Сол бағытта үнемі ізденіп, білім алып жүрмін. Назарбаев зияткерлік мектептері желісіндегі дәстүрлі  пәндік олимпиадаға қатысып, Қазақстан тарихы пәнінен ІІ орын иелендім. Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибе орталығының ұйымдастыруымен өткен химия, биология, Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндерінен жүлделі болдым. Dostyk.kz жастар саясатын дамытуға бағытталған әлеуметтік жобалар байқауында әріптесім Әбілқайыр Ерғалиев екеуіміз «Диабет мектебі» жобасын қорғап, бас жүлдені жеңіп алдық. Сондай-ақ, Гете институты мен неміс театрының ұйымдастыруымен өткен VI жасөспірімдер театр фестиваліне мектеп командасымен қатысып, «Үздік видеоконцепт» номи-нациясымен марапатталдық.

– Талабыңа нұр жаусын! Сұқбатыңа рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №19
11 мамыр 2021 жыл
 

411 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Алина

14 Мамыр, 2021

ай баламысың деген,шыгармайтындары жок екен.Жарайсындар.Уландыктар аман болындар

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор