• Күншуақ
  • 03 Мамыр, 2021

Иттерге арналған үйшіктер қойылып жатыр

Шет мемлекеттерде панасыз қалған жануарларға ерекше көңіл бөлінеді. Жабайы жануарларды баспанамен қамтамасыз етеді. Осындай игі істер Талдықорғанда да бастау алып жатыр. Талдықорған жастары құстарға ғана емес, жабайы иттерге де қамқорлық жасап, үйшіктер жасап көмектесуді қолға алыпты.

Қазір қаланың кейбір көшелеріне панасыз иттерге арналған үйшіктер орнатылған. Бұл – мектеп оқушысының бастамасымен жүзеге асқан жоба. Анастасия Логвиненко қатарластарымен бірігіп, еріктілер тобын құрып, сауап іспен айналысып жатыр.

– Мен халықаралық жаңалықтардан үйшік жайлы айтып жатқанын естіп қалдым. Бірақ ол мысықтарға арналған болатын. Ойлана келе неге иттерге арнап осындай үйшіктер жасамасқа деп шештім. Бізге азық-түлік дүкендері ағаш қалдықтарын беріп отырды. Міне, осылай жұмысты бастап кеттік. 

Жоба Home dog деп аталады. Ақпан айында ғана бастасақ та, панасыз иттерге 10 үйшігіміз дайын. Біздің командада 32 қатысушы бар. Бұлардың көпшілігі – мектебіміздің оқушылары. Ең басында бізге ағаш ұстасы мен үйлестіруші үйшікті құрастыру жолын үйретті. Содан өзіміз жақсы меңгеріп, ісімізді ары қарай дамыттық. Біз қаламыздағы зооклуб еріктілерімен бірге жұмыс істейміз. Олар бізге үйшіктің көлемі қандай болатынын және қайда орналастыру керектігін айтады. Енді еріктілер клубы панасыз жануарларды тамақтандырып, бақылауда ұстайды.

Бұл жобада балалар қазір болып жатқан өзекті мәселелердің шешімін табуға тырысады. Жас ұйым болса да, өзге де еріктілер топтарын ынталандырып, игі істерге насихаттайды.

– Жұмыстарымызды суретке, видеоға түсіріп салып отырамыз. Сол арқылы қала тұрғындарынан бізге ерекше кері байланыс болады. Алғыс білдіріп жатады. Соны көріп, ағаш тауып береді, не болмаса өздері біздің қатарға қосылғысы келеді.

Жоба ашылмас бұрын көшеден баспанасыз иттерді көріп көмектескім келетін. Соны көріп, достарыма айтып, біз осыған ұқсас бір жоба ашқанбыз. Бірақ ол иттерге емес, мысықтарға арналған еді. Бір қызығы, Қырғызстанда осыған ұқсас жоба бар екен. Ол жобаның мақсаты – жабайы мысықтарға көмек көрсету. Қазір біз жасаған үйшіктерде иттеріміз алаңсыз өмір сүріп жатыр. Ең бастысы, жоба аясында көптеген жан панасыз қалған жануардың мәселесіне бей-жай қарамай, үлес қосып жатыр. Жобамыз әлі жалғасып, игі іс жасауын тоқтатпайды. Жабайы иттердің нақты санын білмесек те, әлі талай үйшік жасауымыз қажет. Осы жобам арқылы панасыз иттерге көмектескеніме қуаныштымын!

Олар алғашында үйшіктерді көше жиегінде орналастырып көріпті. Кейін адамдардың көп жүруінен, көліктердің гуілдеген дыбысынан жабайы иттер баспанадан қорыққан екен. Содан кейін олардың қай жерде шоғырланатынын іздеп тауып, сол жерге орналастыратын болыпты.

Бұл үйшіктер қаңғыбас иттердің қатарын азайта қоймас, алайда баспаналы жануарлардың артуына себепші болып, адамдардың бойында жақсылық жасау қасиетінің артуына себепкер болмақ.

Әйгерім ЕСІМХАН, 
№12 мектеп-гимназияның 
10 «Ә» сынып оқушысы.

Талдықорған қаласы

«Ұлан» газеті, №18
4 мамыр 2021 жыл
 

12513 рет

көрсетілді

10

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор