• ІТ және инновация
  • 26 Сәуір, 2021

Атыраудағы кибертехника, робототехника және шахмат мектебі

Бұрын робот құрастыру, кибертехника, ІТ саласы өте күрделі боп көрінетін. Қазір бұл саланы меңгеру, қосымша білім алу аса қиын емес. Егер робот құрастырғың келсе – робототехника курсына, ойын немесе сайт жасағың келсе – кибертехника курсына жазылуға болады. Осылайша қызығушылықты хоббиге, хоббиді кәсіпке айналдырып жүргендер бар. Ол үшін мегаполисте тұрудың, көп қаражат жұмсаудың, дипломы бар маман немесе ересек адам болудың қажеті жоқ. Атырау қаласындағы робототехника, кибертехника және шахмат курсы – сөзіміздің дәлелі. 

Аталған үш мектептің де негізін салған – Дюсеманов Серікбай Бисенбайұлы. Ол Атыраудағы робототехника курсын 20 жасында ашқан. Кейін бұл қатарға кибертехника мен шахмат мектебін қосқан. Шағын қаладан үш бірдей оқу орталығын қалай ашты, курсқа қатысқандар қандай дағды меңгеріп шығады? Бұл туралы Серікбай бізге былай әңгімелеп берді.

Salem Robo 1000 балаға робот жасауды үйретті

1998 жылы 22 шілдеде Атырау қаласында өмірге келдім. Балалық шағым Атырау қаласынан бес шақырым жердегі Тұмарлы ауы-лында өтті. Кішкентайымнан кәсіпке жақын болдым. Бала кезімде үйдің ауласына бау-бақша егіп, көкөніс, жеміс-жидек сататынмын. Есейе келе арманыңды ақиқат-қа айналдыру үшін көп ізденіп, оқып, еңбектену керегін түсіндім. Орта мектепті бітіріп, колледжге оқуға түстім. Автоматтандыру және оны басқару мамандығында оқыдым. Колледж бітірген соң университетке оқуға түсіп, мамандығым бойынша терең білім алдым. Студент кезімде ІТ сала-сына қызықтым. 

Өскенде кәсіпкер боламын деп армандадым. Бірақ нақты қандай кәсіппен айналысатынымды ойламаппын. Әйтеуір кеңседе жұмыс істеймін, жеке кабинетім болады дегенім есімде. Қазір туған қаламда үш курс аштым, шағын жеке компаниямның дирек-торымын. Армандарым орындалып жатыр деп айтуға болады. 

Ұлан: Робототехника курсын ашу туралы идея қашан, қалай пайда болды? 

Серікбай Бисенбайұлы: Робототехника мектебін ашу туралы идея 2019 жылы пайда болды. Сол кезде Қазақстанда LEGO конструкторлары кеңінен таныла бастады. «Ұланның» оқырмандары білетін де шығар, білмесе, айта кетейін, LEGO жиынтықта түрлі электр қозғалтқыш, датчик сияқты бөлшектер бар. Оның көмегімен ұшақ, автомобиль, кеме, ғимарат, түрлі робот құрастыруға болады.

Алғаш көргенде LEGO ерекше әсер қалдырды. Атыраудағы балаларға робот құрастыруды үйреткім келді. Робототехника мектебін ашу туралы идея осылай пайда болды. Сөйтіп, 2019 жылы 2 наурызда Атырау қаласында Salem Robo мектебі ашылды. Salem Robo екі жылда 1000-ға жуық шәкірт дайындады. Қазір 400 оқушымыз бар.

Кибертехника ойын жасауды үйретеді

Ұлан: Ал кибертехника мектебін ашуға не себеп болды? Кибертехника курсында оқушылар қандай дағдыларды меңгереді?

Серікбай Бисенбайұлы: Кибертехника мектебін ашу туралы ой 2020 жылы карантиннен кейін пайда болды. Робот құрастыру үшін тек робототехника бойынша білім беру жеткіліксіз екенін түсіндік. Дайын бөлшектерді құрастырып қана қоймай, әр бөлшектің жұмыс істеу барысы мен міндетін түсіндіру терең білім беру маңызды болды. Кибертехника курсын балалардың логикасын, техникалық дағдыларын дамыту үшін аштық.

Кибертехника курсында ойын дизайны, ойын әзірлеу және талдау дағдысына (гейм разработка) үйретеміз. Яғни, курсқа қатысушылар ойын ойнауды емес, өз ойынын жасауды үйренеді. Бұл курстың ашылғанына көп бола қоймады. Курсты ашпай тұрып алдын ала бағдарлама, кабинет, жоспар дайындадық. 2021 жылдың ақпан айында ашылған кибертехника курсында қазір 15 оқушы бар.

Робототехника мен кибертехника жаңа сала, жаңа мамандық, тіпті заман талабы деуге болады. Кондуктор, көлік жүргізушісі, есепші сияқты қарапайым маман-дарға сұраныс азайып, оның орнын роботтар  мен жасанды интеллект, автоматтандырылған жүйе басып жатқанын күнделікті өмірде жиі көріп жүрміз. 

Ғалымдар 2030 жылға қарай көптеген жаңа мамандық пайда болатынын және олардың барлығы дерлік техникалық білім мен дағдыны қажет ететінін айтып жүр. Алдағы онжылдықты біз бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге жұмсауымыз керек.

Ұлан: Робототехника мен кибертехника бір-бірін толықтыратын сала екенін түсіндік. Ал шахмат мектебін қалай аштыңыз? 

Серікбай Бисенбайұлы: Үшінші жобамыз – Salem Chess шахмат мектебі балаларды техникалық дағдыға ғана емес, стратегия, сыни ойлау, жоспар құруға үйреткіміз келді. Шахмат логиканы, сыни ойлау қабілеті мен аналитиканы дамытуға көмектеседі. Менің туысым – шахматтан спорт шеберлігіне үміткер. Ол біздің ұсынысымызға бірден келісіп, командамызға қосылды. Осылайша компания-мыздың үшінші мектебі – Salem Chess ашылды. 

Ұлан: Курсқа неше жастан бастап қабылдайсыздар? Ересектер де қатыса ала ма? 

Серікбай Бисенбайұлы: Робототехникаға 4 жастан бастап, кибертехника курсына 6-7 жастан бастап қабылдаймыз. Курста ересектер де бар. Бірақ олар жұмыс уақытына, басқа да жағдайларға байланысты топпен оқымайды. Жеке сабақ алады. Менің ойымша, кез келген дағдыны үйрену кеш емес.

Ұлан: Курсқа қатысқан шәкірттер қандай нәтижеге қол жеткізді?

Серікбай Бисенбайұлы: Балалар түрлі байқауға қатысады. Мысалы, шахмат курсының оқушылары Атырау облысы бойынша турнирде І орын алды. Разрядтарын сәтті орындап жүр. Балалардың білімі мен дағдысын тексеру үшін, бір жағынан мотивация беру үшін ішкі турнир өткізіп тұрамыз. Робототехника бойынша да түрлі байқауға қатысып жүрміз. Ал кибертехника курсының ашылғанына көп бола қоймады. Сондықтан әлі жарысқа қатысатын деңгейге жетпедік. Бірақ оқушы-лардың қарқыны көңіл қуантады. 

Ұлан: Атырау халқы жаңа жобаларды қалай қабылдады? Курстар қаншалықты сұранысқа ие?

Серікбай Бисенбайұлы: Үш жобамызды да Атырау халқы жақсы қабылдады. Ата-аналар тарапынан сұраныс жоғары. Қазір ата-аналар балаға капитал құю керек екенін жақсы түсінеді. Біздің курстар баланың инженерлік қабілеті мен сыни ойлау, эмоционалды тұрақтылық қасиет-терін дамытады. Ардуино курсы электротехникалық қабілетін дамытады. 

Ұлан: Кәсіпті сәтті жүргізіп кету үшін не істеу керек деп ойлайсыз? 

Серікбай Бисенбайұлы: Сәтті бизнес үшін жақсы идея мен жоғары сұраныс керек. Бір орында тұрып қалмай, үнемі дамып, жаңалықтан қалыспай, ұстанымды өзгертіп отыру керек деп ойлаймын. Біздің команда да мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бүкіл Қазақстан аймағында робототехника, кибертехника және шахмат курстарын ашуды жоспарлап отыр.

P.S. Пандемия, қашықтан оқу да технологияның маңызын түсіндіргендей болды. Жаңа білімді меңгеріп, технологиядан хабардар болу уақыт өте келе қызығушылық емес, қажеттілікке айналып келеді. Сондықтан Серікбай Бисенбайұлы айтып отырған дағдыларды меңгеру бәріміз үшін маңызды.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл

5512 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор