• Күншуақ
  • 26 Сәуір, 2021

Аманның арманы орындалған күн

Біраз уақыт бұрын аудандық «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетіне тілшілік қызметке орналастым. Тұп-тура бір жыл бұрын ақ бантик таққан оқушы қыз едім. Енді, міне, алғашқы жұмысқа орналасып, қызметтік мансабымды бастадым. Еңбекке ерте араласқасын ба, жаңа ортаға үйренісе алмау, қатты сөзге жылап  қалу сияқты біртүрлі сезімдерді бастан кешірдім. Бірақ мұның бәрі уақытша екен. Күндер өте ақырындап үйренісе бастадым. Бір байқағаным, мен жұмыс істейтін редакция аудандық ақпарат құралы ғана емес, қайырымды істердің бастамашысы екен. Қаңтар айы-нан бастап газет бетіне «Асар» қайырымдылық эстафетасының басталғаны жөнінде жазыла бастады. Алғашында көзбен шолып шығатынмын. Афишадағы сөзге онша мән бермейтінмін. Арада бір айға жетер-жетпес уақыттан соң жаңа ұжымға, жаңа ортаға кенеттен топ ете қалдым. Әлгіндегі қайырымдылық іс-шарасының қандай екенін, кімнің көмек сұрағанын сонда барып түсіндім. Бұл жәй ғана Kaspi Gold картасынан ақша аударып, «бәрі жақсылығымен болсын» дей салатын қарапайым қайырымдылық емес. Аудандық басылымның қолға алған игі бастамасы – шағын ғана «кухнясы»  бар ұйымшыл ұжымның үлкен бастамасы. «Ауыл айнасы» газеті – «Асар» қайырымдылық іс-шарасын қолға алып, қамкөңіл жандарға көмектесіп жүрген аудандағы бірден-бір ұжым. 

Иә, рас, жұмысым оңай емес. Студенттік өмірдің шынайы «дәмін» татып көрмеген мен үшін бірден қызметтік жолдың басталуы оңайға соқпады. Сондайда қарапайым тұрғындардан келген әртүрлі мазмұндағы хаттар, үлкен кісілердің өзгеше әңгімесі рухани қуат береді. Бүгінгі кейіпкерімнің жазған хаты да жүректі жібітіп, жақсылыққа шақырып тұрғандай...

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайын... Редакциямызға Аман есімді балақай хат жолдаған болатын. Арманы бөлек Аман редакциямызға баспана сұрап, өтініш айтыпты. Әкеден ерте көз жазып қалған баланың анасы мен бауырларына алаңдап, уайымдап жазған хатын оқыған кезде жүрек шіркін елжіреп кетеді. Әріптес ағамыз Тұрарбек Ақмурзиннің ұлы Аманның тілегін елемеу – «Ауыл айнасы» ұжымы үшін өтелмеген парызбен тең.

«Құрметті редакция! Мен Аманмын. Сіздер менің әкешімнің әріптесісіздер. Сондықтан қолыма қалам алып, сіздерге хат жазып отырмын. Кішкентай болсам да, арманым таудай. Осыдан екі жыл бұрын асқар таудай әкемізді жоғалтып алдық. Көңіл-күйім түскен сәтте әкеме хат жазамын. Біз әкеміз қайтып келеді деп ойлайтынбыз. Бірде анам әкеміздің енді біздің қасымызда болмайтынын айтты. Айналамдағы әкесі бар достарыма қызыға қараймын. Анам да оның суретіне қарап жылайды. Кішкентай қарындасым Інжу мен сыңарым Есеннің және менің арманым – баспаналы болу. Бәріміз бір жылы үйде тұрсақ дейміз. Өзіміздің баспанамыз болса деп армандаймыз. Әкеміз жоқ болса да, атамыз барынша бізге қамқор. Бірақ біз әкемізді қатты сағынамыз. Сіздер біздің арманымызды орындауға көмектесесіздер ме? Біз сіздерден жақсы жаңалық күтеміз. Сәлеммен, Аман Тұрарбекұлы».

Мына сөздерден кейін қалай ойланбайсың? Рас, редакциямызға ай сайын әртүрлі хат кеп жатады. Біреу бас қайғысын жазса, ал енді біреу көмек сұрап хат жазады. Базынасын айтып, өтінішін білдірген адамдардың дені – жасы үлкен кісілер. Мүмкіндігі шектеулі жандардың, аталар мен әжелердің тағдырының ауыр екенін, шыны-мен көмекке мұқтаж екенін көргенде «әттең, қолымнан келсе...» деп мың толғанасың. Бірақ бар өтінішті бір сәтте орындау мүмкін емес қой. Қолдан келгенше халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Біздің редакция қайырымдылық қоры емес. Десе де, шамамыз келгенше көмек сұрап келген әрбір жанның бетін қайтармай, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бірақ жеткіншек Аманның хатын оқып отырып, бей-жай қарай алмадық. Аман басылымнан қолдау күтіп, көмек сұрап хат жазған алғашқы жасы кіші бала. Сол себепті қанатсыз періштенің тілегін елемей қойғанымыз жөн болмас деп кезекті «Асар» қайырымдылық эстафетасын бастап кеттік...

...Осыдан екі жыл бұрын газетімізде ерекше қолтаңбасы бар журналист ағамыз Тұрарбек Қайырғалиұлынан қапыда көз жазып қалдық. Ағамыздың артында жолдасы Гүлзат апай мен Аман, Есен деген егіз ұлдары, Інжу деген кішкентай қызы қалды. Отбасының тірегі кеткесін барлық жүк Гүлзат апайдың мойнына артылды. Ауруханада тазалықшы боп қызмет атқаратын жалғызбасты ана балаларын асырау үшін қиындыққа төзе білді. Дегенмен, мардымсыз жалақы, қамқор болар азаматының жоқтығы Гүлзат апайға расымен де ауыр тиді. Ең өкініштісі –Тұрарбек ағаның артында қалған отбасына тиесілі жеке баспанасы болмады. Балалары үшін шырыл-даған ананың азғантай айлығы пәтерақысын төлеу мен ұл-қызының керек-жарағын өтеп беруге ғана жететін. Уақыт өте келе егіздің сыңары Аман жиі сырқаттанып қалатынды шығарды. Аман бірне-ше күндеп ауылдық, қалалық ауруханаларда ем қабылдап жүрді. Сондай сәттерде, жалғыз қалған кездерде балақай қалың ойға берілетін. Жүрегі нәзік Аман бір күні қолына қалам алып хат жазады. Ойын баласы смартфон мен планшетке қызықпады. Отбасының қамын ойлаған жас ұлан жеке баспанасы болғанын қалады. Анасының балалары үшін қиналғанын көргісі келмеді. Әкеге деген сағыныш, ана мен бауырға деген қамқорлық Аманды хат жазуға итермеледі. Хатты марқұм әкесінің жұмыс орнына, әріптестеріне жазады. Жүректен шыққан хат жүректерге жетіп, «Асар» қайырымдылық эстафетасы екінші мәрте жалғасын табады.

Жаңа жыл басталып, күнтізбенің жаңа парақтары ашылған уақытта «Асар» эстафетасын ұйымдастырушылар да кезекті миссиясын орындауды бастап кетті. Әріптес әпкем Жұлдыз Асқарқызы Аманның арманын орындау үшін үлкен тәуекелге бел буып, қайырымдылық іс-шарасын бастады. Осыған дейін де түрлі қайырымдылық кеш ұйымдастырып, қаншама қамкөңіл жаннан алғыс алып жүрген үлкен жүректі әпкем бұл жолы да қарап қалмады. Бас-аяғы бірер күннің ішінде арнайы есепшот ашылып, періште қиялындағы арманды орындау үшін қаражат жинала бастады. Игі бастаманы теріске шығарып, кері резонанс тудырғандар да болды. Бірақ қайырымды істі қарапайым халық алып шықты. Тек Қазталов ауданынан ғана емес, күллі облыс, тұтас елден де көмек қолын созды. Небәрі 3-4 айдың ішінде миллион теңгеден астам қаржы жиналып, Аманның арманы орындалды!

Қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде Жалпақтал ауылының тура ортасынан жаңа үй алынып, әріптесіміздің отбасына баспана кілті табыс етілді. Ауыз сумен, жылумен, жарықпен толықтай қамтамасыз етілген жаңа үйдің ішкі құрылысы қалалық тұрғын үймен пара-пар. Халықтың қолдауымен алынған баспана кілтін Жалпақталдың аяулы перзенті, дәстүрлі әнші, білікті ұстаз Баян Қабиева табыстады. Тұрарбек ағаның жазған материалдарын жібермей оқып, танысып отыратын Баян Қапиетқызы салтанатты лентаны кесу барысында ерекше тебіреніп, әсерлі естелік айтты.  Бәрінен бұрын отанасы Гүлзат апайдың көзіне жас алып, қуаныштан жылағаны ерекше әсер қалдырады екен. Ал кішкентайлардың көңіл-күйі тіпті керемет. Қуаныштан жүзі балбұл жанған балдырғандардың эмоциясын сөзбен жеткізу қиын шығар. Бәрінен де Аманның қуанғаны есте қалыпты. Қараторы баланың тұп-тұнық көздерінен бақыттың нышанын аңғармау мүмкін емес. Өзі кішкентай болса да, жүрегі үлкен жеткіншек пен оның сүйкімді бауырлары, қиындыққа қасқайып төтеп берген қайсар ананың жүзі, көңілі тоқ. Бұның бәрі ең бірінші Жаратқанның, екінші кең пейіл халықтың, үшінші ақ жүрек Жұлдыз Асқарқызының арқасында болды. Шырайы келісіп, шаттығы тасыған шаңырақтың іргесі енді қайтып сөгілмесе екен. Бақытқа бөленген балалар қайтадан жыламасыншы! Перзенттері үшін шырылдаған ана ауыр қайғымен қайта сыналмасын. Отбасында тура бүгінгі көңіл-күй мәңгі жалғасын тапсын.

Аман-Есен Тұрарбекұлы:

Әкеміз болса, ештеңеден тарықпас едік

Тай құлындай тебісіп өсіп келе жатқан егіз ұл Аман мен Есеннің арманы алып, мақсаты биік. Екеуінің мінез-құлқы, талғамы, көзқарасы әртүрлі. Аман ашық-жарқын, ширақ бала болса, Есен тұйық, көп сөзге жоқ екен. Баспаналы болып, тілектері қабыл болған балдырғандардың екеуі де халыққа, жерлестеріне, қайырымды адамдарға дән риза. Есен де, Аман да көп сөзге жоқ екен. Бірақ қос періштенің мөлдіреген көзі барлығын айтып тұрғандай.

Аман:

– Бізге қолдау білдіріп, көмек көрсеткен жақсы адамдарға ерекше ризамыз. Көңіл-күйіміз керемет. Жаңа баспанамыз қатты ұнады. Жарық, жаңа үйде қызықты күндеріміз көп болады деп сенеміз. Тек осындай сәтте әкеміздің жоқ болғаны өкінішті. Әрине, әкемнің достары, әріптестері бізге қарайласып, қал-жағдайымызды сұрап тұрады. Бірақ, әкенің орны қашан да бөлек екен. Қорғанымыз тірі болса, ештеңеден тарықпас едік. Әкеміздің арқасында талай концертке, цирк қойылымдарына баратынбыз. Отбасыңның бір мүшесі тілші болса күшті ғой. Журналистің балалары болғасын, әкеміз бізді мәдени орындарға жиі апаратын. Ол күндерді ешқашан ұмытпаймын. 

Кейде, расымен де, әкемді қатты сағынып кетемін. Анамның жылағаны да жанға батады. Анашымның біз үшін күн-түн демей еңбектеніп жүргенін көргенде, шаршағанын байқағанда, көңілім құлазып кетеді. Бүгіннен бастап анам тек қуаныштан жылайды деп сенемін. Болашақта бизнесмен болғым келеді. Жақсы кәсіпкер болсам, мен де қайырымдылықпен белсенді түрде айналысатын боламын. Қамкөңіл жандарға көмектесіп, жәрдем беру – басты арманым.

Есен:

– Сыңарым Аман екеуіміз жеке баспанамыз болса деп жиі армандайтынбыз. Бір күні Аман баспана сұрап, хат жазды. Екеуіміз хатты анамызға көрсеткенде, анашым еріксіз жылап жіберді. Сосын Аманның жазған хаты аудандық газеттің бетіне шықты. Бұны көргенде қатты қуандық. Жұлдыз апатай бастаған қайырымдылық іс-шарасынан көп көлемде қаражат жиналды. Бізге қолдау көрсеткен жақсы адамдардың баршасына алғысымыз шексіз. Әкесі бар достарыма қатты қызығамын. «Әттең, әкем тірі болса» деп жиі ойлаймын. Бірақ әкемізбен өткізген қызықты сәттерді еске алғанда аз да болса, сағынышым басылғандай болады. Әкетайым маған өлең жазуды үйретті. Шағын тақпақтарым аудандық, облыстық газеттерге шығып тұратын. Әкем өмірден өткен соң, өлеңге деген қызығушылығым төмендеп кетті. Қазір анам мен қарындасыма қамқор болып, сабағымды жақсы оқуға тырысамын.

Бұл әкесіз ержетіп келе жатқан егіздердің сөзі. Болмысы бір-біріне ұқсамайтын Аман мен Есеннің әлемі бөлек болса да, арманы бір, тілегі ортақ. Тағдырдың сынағын ерте көрген қос жеткіншек келешекте қайырымды азаматтарға айналып, еліне пайдасын тигізеріне кәміл сенеміз.

Гүлзат Қалиматқызы, Тұрарбек ағаның зайыбы:

Жолдасым бұл күнді көре алмай кетті

– Тұрарбек баспаналы болуды қатты қалады. Сол үшін тірнектеп тер төгетін. Бірақ отағасына қазіргідей сәтті көруді жазбаған екен. Жолдасымның дүние салғанын естігенде қайғыдан қан жұттым. Кішкентай балапандарымды қалай жеткіземін, әкенің орнын қалай басамын деп сарыуайымға салындым. Ағайын-туыс, бауырдың арқасында әупірімдеп аяққа тұрдым. Балаларым үшін барымды саламын деп уәде бердім. Бірақ жалғызбасты ана үшін отбасын асырау оңай емес екен. Азғантай жалақым жарытып ештеңеге жетпейтін. Бәрінен бұрын пәтер ақысын төлеу қиынға соқты.

Бір күні Аманым маған бір жапырақ қағаз ұстатты. Оқып қарасам, сол әлгі хат екен. Хатты оқыған бойда, шыдай алмай жылап жібердім. Аманның жазғанын Жұлдыз сіңліме жібердім. Журналист сіңлім өтінішімді жерге тастамады. Бірінші Алланың қолдауымен, одан кейін халық пен Жұлдыздың арқасында баспаналы болдық. Жүрегі жомарт жақсы адамдарға айтар алғысым шексіз. Балаларымның қуанышында шек жоқ. Кішкентайларымның жадыраған жүзін көріп, бақытты күлкісін естігеннен артық не бар?!

Жұлдыз АСҚАРҚЫЗЫ, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырушы, «Ауыл айнасы» газетінің I санатты тілшісі:

Аманның хатындағы әр сөз қуат берді

Мұндай үлкен көлемдегі бастаманы қолға алу оңай шаруа емес. Бірақ осындай маңызды істі орындау, соңына дейін жеткізу Жұлдыз әпкеміздің қолынан келді. Қайырымдылықты ұйымдастыруда Жұлдыз Асқарқызының төзімділігіне, ерік-жігерінің мықтылығына таңғалмасқа шара жоқ. Күн-түн демей жанын салып, балаларға баспана сыйлаймын деген қайырымды жанның еңбегі мақтауға әбден лайық.

– Аманның хатын оқығанда шыдай алмадым. Жан дүнием тебіреніп, жүрегім елжіреп кетті. Хатты оқып тұрып егіліп жыладым. Өзімді ұстай алмадым. Бейкүнә баланың аманатын оқыған сәтте Жаратқанның қайырымдылық жасауға берген келесі мүмкіндігі екенін ұқтым. Еңсемді дереу тіктеп, Аманның арманын орындаймын деп белімді бекем будым. 

Екінші мәрте «Асар» қайырымдылық бастамасын қолға алдық. Осыған дейін бірнеше рет қайырымдылық іс-шарасын өткіздік. Барлық бастамамыз сәтті аяқталып, нәтижесін берді. Бұның алдында асар дәстүрін негізге алып, қамкөңіл тұрғынға баспана сыйлаған болатынбыз. Әріптес ағамның балалары көмек сұрап өтініп тұрғанда, бас тарта алмадым. Бұл істі қолға алған сәттен бастап, аманат дейтін ауыр жүкті арқалап, межелі нүктесіне дейін жеткізу керек екенін ұқтым. Жұмысым мен қайырымдылықты қатар алып жүру оңайға соқпады. Бірақ қайтсем де балалардың тілегін жерге тастамайын, босқа үміттендірмейін деп қанша қиналсам да, алған бетімнен қайтпадым. Осы істі біржақты етем деп жүріп, талай мәрте көзіме жас алдым. Ұйқысыз түндерді бастан кешірдім. Соған қарамастан миымда «үміт үзбеу керек» деген қағида жазылып тұрды. Аманның хатындағы әр сөйлем, әр сөз маған қуат беретін. 

Ақыры Алланың қолдауымен, халықтың жомарттығының арқасында 1 615 438 теңге қаражат жиналып, Жалпақтал ауылының орталығынан жаңа баспана алу бұйырды. «Қазталов-Жәрдем» қорына, Қазталов мектеп-лицейі мен К.Меңдәлиев мектебінің ұжымына, Қазталов әйелдер жамағатына, Абзал Насиолла  ағама және Айгүл Айтқұловаға ерекше алғысымды айтамын. Одан бөлек, рухани қолдау көрсеткен барлық жақсы адамға шын жүректен ризамын. Бақыттың кілтін қолға алған сәтте арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Балалардың есіктен аттаған сәтте қалай қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл – тіл жетпейтін керемет сезім. Үйдің кілті табысталып, нағыз бақытты сәттің куәгері болдық. Алдағы уақытта осы қарқынды жоғалтпай, қайырым-дылықпен айналысуды жалғастыра беремін. Белгіленген жоспар көп. Қамкөңіл жандардың разылығын алып, қуантқанға не жетсін

Баян Қабиева, дәстүрлі әнші, Қазталов ауданының құрметті өнерпазы:

Тұрарбекті «бауырым» деп жақсы көрдім

– Тұрарбектің анасы – менің құрбым. Сондықтан Тұрарбек бауырымдай боп кетті. Шәкірттерім биіктен көрінсе, «сүйіншілеп» алдымен жазатын. Тұрарбек Жалпақтал ауылының жаңалық жаршысы бола білді. Ауылда не өтті, кім не істеді, бәрін-бәрін үнемі бақылап, жазып жүретін. Халық Тұрарбектің мақаласын асыға күтетін. Туған бауырымдай боп кеткен азаматтың қазасын естігенде, қабырғам қайысты. Гүлзаттың балалары үшін шырылдап жүргенін көргенде жаным ашитын. 

Енді, міне, керемет сәттің куәсі болып отырмыз. Жұлдыз сіңлімнің арқасында Тұрарбектің артында қалған отбасы баспаналы болды. Гүлзат пен балалары жаңа қонысты болады дегенде төбем көкке жетті. Жап-жаңа үйдің лентасын қиып жатып Тұрарбекті ойладым. Егер осы сәтте бауырым ортамызда болса, қалай қуанар еді. Дегенмен, кеткен адам қайтып келмейді. Есесіне, Тұрарбектің артында асылдың сынығындай ұлдары мен періштедей қызы қалды. Балапандар қазірден-ақ әке аманатын жақсы түсінеді. Болашақта олардан нағыз елінің адамы шығарына күмәнім жоқ.

P.S: Жап-жарық, сәні келіскен қонақ бөлменің төргі қабырғасында Тұрарбек ағаның портреті ілулі тұр. Терезенің алдында отбасы мүшелерімен бірге түскен суреттер өткен бақытты күндерден сыр шертеді. Әттең, осындай қуанышты күнде ең маңызды адамның жанымызда еместігі, тек суреттері ғана бізге қарап тұрғаны жанға батады...

Аяжан ҒАППАР, 
«Ұланның» жас тілшісі. 

Қазталов ауданы
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл
 

12551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор