• Өнертапқыш
  • 26 Сәуір, 2021

Робототехника бойынша тегін курс басталды

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі, Назарбаев университетінің студенті Даниил Филимонов робототехника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты. Курсқа робототехника бойынша үздік қазақстандық тренерлер мен америкалық профессорлардың вебинарлары мен онлайн сабақтары топтастырылған. Оқыту «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының онлайн мектебі базасында өтеді.

– Кішкентай кезімнен бірдеңені құрастыруға қызығатынмын. Сондықтан Назарбаев зияткерлік мектебіне түскен соң робототехника үйірмесіне жазылдым. Біздің жобаларымыз халықаралық деңгейге шығып, Дүниежүзілік WRO робот олимпиадасында ұсынылды. Біраз жеңіске жеттік. Енді робототехниканы оқығысы келетіндерге көмектесу үшін жаңа мақсат қойып отырмын, – дейді Даниил.

Даниил Филимонов World Robot Olympiad-2019 халықаралық кезеңінде «Open Senior» санатында үшінші орын алған. Робототехника бойынша республикалық олимпиаданың алтын медалін екі жыл қатарынан (2018, 2019) жеңіп алған. Ғарышты зерттеу бойынша халықаралық жарыстың бірінші дәрежелі дипломының (2019), «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» Наурыз кездесулерінің екінші дәрежелі дипломының (2019) иегері.

Даниил командасымен бірге робототехника бойынша 10-нан астам тегін онлайн курс, 25 сағаттық сабақ, 6 вебинар әзірледі. Корнелл және Мичиган университеттерінің жүздеген қосымша материалын дайындады. Курсқа кез келген адам жазыла алады. Онда робототехника негіздерінен бастап, нейрондық желілерге дейін үйретіледі. Құрал-жабдықтармен іс жүзінде жұмыс істеуді де үйретеді. Оқытушыларға арналған материалдар бар. Сондай-ақ, платформада прогресті бақылауға арналған үй тапсырмасы мен тест сұрақтары берілген. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде.

Курс Антон Моргунов негізін қалаған «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының қолдауымен жасалды. Антон – Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 2017 жылғы түлегі, химия пәнінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Қазір ол Массачусетс технологиялық институтының Химия және биология факультетінде оқиды.

«Beyond Curriculum» – математика, физика, химия, биология, география пәндерінен тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім беру платформасы.

– Біз «Beyond Robotics» тегін жобасының көмегімен робототехникаға қосылғысы келетіндердің бәріне мүмкіндік бергіміз келеді. Қазір 100-ден астам оқушы білім алып жатыр. Олардың қатарына сен де қосыл, достым! Роботтар әлеміне қош келдіңіздер! – «Beyond Curriculum» қоғамдық қоры Робототехника бөлімінің басшысы Даниил Филимонов осылай дейді. «Beyond Robotics» бойынша оқуды бастау үшін онлайн-мектепте тіркелу жеткілікті.

Перизат Абдашова

«Ұлан» газеті, №17
27 сәуір 2021 жыл
 

196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор