• Сенің замандасың
  • 19 Сәуір, 2021

Корей тілін үйренуіме «Ninety One» тобындағы Ace себепші болды

Қазақстандық Ninety One тобының шығармашылығы арқасында өзін дамытып, жаңа белестерді бағындырып жүрген жастар да бар екен. Бүгінгі кейіпкеріміз Айкүміс Мұратова – солардың бірі. Ол Кореяның Сеул  және Пусан қалаларына, Түркияның Измир және Стамбұл қалаларына саяхат жасаған. Бірнеше тілді меңгерген. Ағылшын, корей тілдерін білетін Айкүміс қазір түрік тілін үйреніп жүр. Ол бізге саяхат жасауға әуестігі қалай басталғанын әңгімелеп берді.

– Кореяға барардан бір жыл бұрын менде депрессия болды. Қиын жағдайда жүрдім. Қасымдағы құрбым  Ninety One тобының фанаты еді, маған әндерін тыңдатып, концерттеріне бірге ертіп апарып жүрді.  Сосын мен де Ninety One тобының фанаты болдым. Депрессиядан шығуыма Ninety One тобының әндері, әсіресе Ace себепші болды. Соларға қарап мотивация алатынмын. Ace Кореяға барып, сондағы танымал SM Entertainment-тердің бірінде үш жыл тәжірибеден өткен екен. Оның корей, испан, ағылшын тілдерін жетік меңгергені маған мотивация болды. Ninety One тобының шығармашылығы арқасында өмірге құлшынысым қайта оянып, өзімді жетілдірдім. Дамыдым, шетел көрдім.

Жанкүйерлермен кездесуінде корей тілінде сөйлесіп, жеке сұрақтар қоя алар едім деген ой болды. Корей әндерінің сөздерін жаттай бастадым. Олардың әріптерін үйреніп, тілін меңгердім.  «Кореяға неге барып көрмеске?» деген ой келіп, ойым саяхат жасауға ұласып кетті.

«Ace»-пен кездесуге барғаныммен, корей тілінде сұрақ қоя алмадым. Бірақ, Кореяға баруыма жол ашылды. Миллионер корей азаматымен кездестім. Содан кейін Түркияға бардым. Ninety One тобы жанкүйерлерінің арасында менен басқа да өмірінде көптеген өзгеріс болып, жаңа белестерді бағындырғандар бар деп ойлаймын.

САЯХАТ ЖАСАУ КӨЗҚАРАСЫМДЫ ӨЗГЕРТТІ 

Саяхаттау көптен бергі арманым боламын. Алдымен Кореяға жолыма ғана ақша жинадым. Баруыма төрт ай қалғанда, өмір сүруге ақша жинауды мақсат еттім. Ойлаған нәтижеге жеттім. Шетелге саяхаттау арқылы көзқарасым түбегейлі өзгерді. Мен барған мемлекеттерде азаматтар сыпайы, мейірімді болды. 

Әуежайға келгеннен бастап, жан-жағымда тек корейлер, корей тіліндегі жазулар болды. Әрі әуежай өте үлкен еді. Кішкене қорқыныш болып, абдырап қалдым. Сосын бар батылдығымды жинап, метроны тауып, ары қарай Сеул қаласына баруым керек болды.  Жан-жағымдағы корейлерден сұрастырып жүріп таптым. 

Сеулден қайтар күні киноға бармақшы болдым. Кинотеатрды таппай, адасып кеттім. Жұмыс істеп отырған екі жігіттен сұрадым. Олар тез сөйлегендіктен, не айтқандарын түсіне алмадым. Түсінбегенімді көрген соң бірі жұмысын тастап, кинотеатрға алып барды. Олардың мейірімді, қамқор екені ұнады. Саяхаттау арқылы шетелдік-тердің мәдениетімен таныстым, көзқарасын байқадым. Саяхат керемет сезімге бөледі.

ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ ПАЙДАСЫ

Шетелде жүргенде қосымшалар өте пайдалы болды. Сеулде кез келген автобуста, кафелерде уайфай желісі бар. 
Кореяда саяхатыңызды жеңілдететін телефонға арналған ең керекті бес қосымшаны айта кетейін.

Klook – Кореядағы саябақ, концерт, музей, круиз дегендерге билетті туристерге жеңілдікпен сататын қосымша. Намсандағы музейге және Эверленд саябағына билеттерді осы қосымшаның көмегімен  алдым. Билетті барынша ертерек алған дұрыс.

SubwayKorea – метроға арналған қосымша. Өте ыңғайлы, станциялар картасы бар, қай жерге қанша уақытта баратыныңды көрсетеді. Метроның қай минутта келетінін де көрсетіп тұрады. Жолақының  қанша теңге екенін білуге болады. Оларда біздегідей бір рет 80 теңге төлеп қоя салмайсың, арақашықтыққа қарай және бірінен екіншісіне ауысып отырғанға байланысты ақша қосыла береді.

Kakaobus – автобустарға арналған қосымша. Мұны сирек қолдандым. Автобус метроға қарағанда сәл қымбаттау. Әрі олардың түсі бойынша бөлінетіні де бар. 

KakaoMap – Кореяның картасы. Біздегі 2Гис  сияқты. Қай көшеде не бар екенін түгел көрсетеді. 

CGV – киноны жақсы көретіндерге арналған қосымша. Қалада кинотеатрлардағы сеанстарды көрсетеді. Біздегі kino.kz  сияқты. 

ХОББИ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗЕДІ

Хоббиім – кітап, газет оқу. Әріп танығаннан бастап, қолыма түскен үйдегі барлық газет, журнал, кітапты оқи беретінмін. Сіңлім екеуміз кішкене кезіміз-ден «Ұлан» газетін сүйіп оқитынбыз, газет тігіндісін жинайтынбыз. Балалық шағымда ересектерге арналған «Егемен Қазақстан» сияқты газеттерді де оқи беретінмін. Кітап оқудан әлі жалыққан емеспін. Кітап оқу адамды жақсы жаққа өзгертіп, мүмкіндіктерге жол ашады, санаңды өзгертеді. Кез келген адаммен сөйлесе аласыз, басқаларға сізбен сөйлесу қызықты болады. Жұмысқа тұрғанда да кітап оқудың пайдасы тиеді. Сөздік қорыңыздың жоғары екені бірден байқалады. Іні-сіңлілеріме газет, кітап оқуға кеңес беремін!

Тағы бір хоббиім – блог жүргізу, ютуб каналын жүргізу, тіл үйрену. Көпшілікке пайдасы тиетін әрі өзіме жақын бағытта видеолар салып отырамын. Блог жүргізуді жұмыс ретінде қарауға болады. Ал тіл үйрену өмірімді өзгертті. Тіл білгенімнің арқасында шетел азаматтарымен араластым, сыйлықтар алдым, әлі күнге дейін пайдасы тиіп жатыр. Тіпті, жұмысқа тұруға ұсыныстар түсті.

Тіл үйренуге күніне 15-20 минут уақыт бөлген дұрыс. Тілді сол елге барып үйренген тиімді ме деген ойға келдім. Кореяға олардың тілін біліп барған едім. Бірақ, Корея азаматтарының сөйлеуі басқаша болды. Менің сөйлеуімде қателіктер бар  екенін байқадым.

Шетелге бару жаңа мүмкін-діктерге жол ашады. Мен сияқты саяхаттауды армандап жүрген жандарға көмектескім келеді. Оның ақысы да аса қымбат болмаса деймін. Армандар ниетке байланысты орындалатындықтан, ниетті түзеу керек. Ниетке сай әрекет жасап, қаржы жинаса, менімен бірге шетелге саяхаттауға мүмкіндік бар.

Перизат Шаден, 
Ыбырай Алтынсарин атындағы 
Арқалық институтының 
2-курс студенті.

«Ұлан» газеті, №16
20 сәуір 2021 жыл
 

1764 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор