- ҰЛАН
- 09 Наурыз, 2021
Саналы әрекетке бастайтын алты қадам
Қоғамда әр адам ғаламшар алдындағы жауапкершілігін сезіну арқылы қоршаған ортаға пайда келтірген болар еді. Шын мәнінде әрқайсымыздың тарапымыздан жасалған әр саналы әрекет экологияға орасан зор пайдасын тигізетінін естен шығармауымыз қажет. Олай болса, назарларыңызға экология мен ғаламшарға тиіп жатқан залалдың мөлшерін азайтып немесе жоюға болатын бірнеше кеңесті ұсынамыз. Былайша айтқанда, саналы әрекетке бастайтын алғашқы 6 қадамға әрекет жасап көріңіз.
Үлестіріңіз
Күртеңіз қысқарып, джинсы шалбарыңыз сізге тар болып қалды делік. Қоқысқа тастамас бұрын бұл заттарды кімге беруге болатынын ойланып көріңіз. Айналаңыздағы қоқыс мөлшерін көбейтуге үлес қосқанша, өзгелерді киім немесе өзіңізге қажетсіз заттармен қуантып, экологияға келетін зиян мөлшерін азайтыңыз.
Жалға алыңыз
Бір реттік қолданатын заттарды сатып алған дұрыс па? Егер жылына бір-ақ мәрте шаңғы тебуге баратын болсаңыз, шаңғыны сатып алу қаншалықты тиімді? Кейде бір затты «керек» деп сатып алып, артынша қажет еместігін түсініп, қоқысқа тастап жатамыз. Бұл дұрыс емес.
Пластикті азайтыңыз
Бір реттік қолдануға арналған пластик ыдыстардың қоршаған ортаға келтіріп жатқан зияны аз емес. Мұнан бөлек пластиктің жүздеген жыл бойы жер бетінен жойылмайтынын тағы ескеріңіз. Кәдуілгі целлофан пакет орнына экосөмке, бір реттік ыдыс орнына көп рет қолдануға болатын ыдыс түрін тұтынуды әдетке айналдырыңыз.
Қоқысты бөліңіз
Қоқысты бөліп тастау анау айтқандай қиындық тудырмайды. Бар болғаны қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, өз тара-пыңыздан сәл ғана қоршаған ортаға қолдау білдірсеңіз бол-ғаны. Қағаз, металл, пластик сынды қоқыстың барлығын жік-жіктеп, пластикті үйіңізге жақын маңдағы өңдеуге апарып өткізуге болады. Бір қызығы, дамыған елдерде қоқысты бөліп тастамағаныңыз үшін айыппұл салады.
Ресурстарды үнемдеңіз
Суды аққан, жарықты қосулы күйде қалдырмаңыз. Қарапайым ереже десек те, кей-кейде ұмытып кетіп жататынымыз бар.
Денсаулыққа көңіл бөліңіз
Саналы әрекет тек қоршаған ортаға деген қамқорлықпен ғана өлшенбейді. Саналы әрекеттің тағы бір белгісі өзгемен қатар өзіңе де көрсеткен қамқорлығың. Жылына бір мәрте емханаға барып, толық тексеруден өтіп тұрыңыз. Бұл арқылы денсаулығыңызды бақылауда ұстап, ағзаңыздағы әр өзгерісті назарға ала аласыз. Басқаша айтқанда, ауру асқынуға таяғанда жүгіретіндердің қатарынан болмаңыз. Бұл – саналы әрекетке бастар алғашқы алты қадам. Әрі қарайғы қадамыңызға ақ жол тілейміз. Ғаламшарды сақта, өзіңді сақта!
Назерке Әсетова,
СДУ-дың 4-курс студенті.
«Ұлан» газеті, №10
9 наурыз 2021 жыл
456 рет
көрсетілді0
пікір