• Сырсандық
  • 09 Наурыз, 2021

Аягүл МАНТАЕВА. «Маргарита»

Жаңбырлы көктем едi. Күнi-түнi жауған жаңбыр бір-біріне егiз қозыдай ұқсайтын ауылдағы қоржын үйлердiң адамдарына көп қиыншылық тудырды. Қырық жылдық тарихы бар үйлердiң ескi шатырлары толассыз жауған жаңбырға төтеп бере алмай жарылып, сынып жатты. Сол кезде бiздiң үйге қонақ болып келген адам төрт бөлмеден жаңбыр суына арнап қойылған шылапшын, шелек, қазандарды көрер едi. Бiздiң қонақ бөлмеде төселген қып-қызыл иран кiлемдерi шылқыған су болған. Су болды дегенiм жай сөз ғой, мамамның  мақтанышына айналған екi иран кiлемi адам көргiсiз балшық. Сол кездегi мамамның түрiне қарау аянышты, әшейiнде күлiмдеп тұратын көк көзi мұңдана қалған. Құдды жаңбырды жауғызып, әдейiлеп тоқтатпай жатқандай ашуын бiзден алған. Үйде әкем барда мамам бiзге дауыс көтере бермейтiн. Мен де, бауырларым да әкемдi күндiз де үйде болса екен деп армандайтынбыз. Әкеме оңашада бұл арманымды жеткiзгенiмде күлiп: «Өздерiң мамаларыңның айтқанын тыңдамайсыңдар, мен үйде отырсам, сендердi кiм асырайды?» – деп көзімнен жас аққанша құлағымнан тартатын. Әдетте тентектiк жасасақ жасаған шығармыз, түсiнбейтiнiм, иран кiлемдерiне балшықты әдейiлеп бiз жаққамыз жоқ қой.   

– Ертелi-кеш ойыннан басқа ойларыңа түк те кiрiп шықпайды. Жаңбыр суының бөлмеге аға бастағанын көрдiңдер, сол сәтте шылапшынды қоя салсаңдар, қолдарың сынып қалатын ба едi?! Әй-әй, есiл кiлемдер бүлiндi-ау. Еһ, қандай кілемдер едi! Тәлпiш абысын: «Күйген дүние күйiп кетсiн, осындай кiлем аламын» деп қызғанып едi. Бәтима да қызығып едi. 

Мамамның сөзiне сенсеңiз, бiздiң кiлемге ауылда қызықпаған әйел қалмаған. Кеше ғана көздiң жауын алатын әдемi қызыл кiлемге қарай алмайсың, ал мамама қарау одан да қиын. 

Жол шетiнде жиналған кiшкентай көлшiк су әр түске бөленiп, кемпiрқосақша көзiңдi арбайды. Аяқкиiмiмдi шешiп алып, жып-жылы шалшық суды  кешемiн. «Мамам неге маған көп ұрсады? Мен ертең мама болсам, балаларымды ұрыспай тәрбиелейтiн боламын» деп өзiме серт беремiн. Сосын тағы қиялға берiлемiн: «Шiркiн-ай, бiздiң қонақ бөлменің үстiнен кемпiрқосақ сияқты әртүске бөленген осы су аққанда, кiлем-дерiмiз баяғыдан да әдемi болып құлпырып,  мамам қандай қуанар едi».

Сондай жаңбырлы күндердiң бiрiнде бiзбен қоралас екi бөлмелi ескi үйге немiс отбасы көшiп келдi. Мамам жаңа көршiміз, ұзын бойлы, әдемi сары жас әйелге «қоныс құтты болсын» айтып: 

–  Жаңбырдың тоқтауын күте тұрмадыңыздар ма? Бiрақ, әй, қайдам, мына жаңбыр таяу күндерi тоқтай қоймас. Аспанның бiр жерi тесiлiп қалған шығар. Ой, көршi, сiз менiң иран кiлемдерiмнiң жаңбырдан қалай былғанғанын көрсеңiз ғой, – деп сөйлей алмай булығып қалды. 

Немiс келiншек маржандай аппақ тiстерiн көрсетiп, әдемi күлiмсiреп: 

–  Көршi-ау, мына жаңбырда мал емес, жан қайғы болып тұр ғой.  Қазақтарда осындай ұлағатты сөз бар емес пе? – дедi. 

– Сұлулықты жоғары баға-лайтын әйел заты емеспiз бе?! Сұлулықты бағалай тұрып, қызғанамыз. Қызғансақ та, сұлулықты сұлу қалпында қалса екен деп армандаймыз. Бiр кiтап-тан «Әйелдiң сұлулыққа деген құштарлығын жоғалтуы – өмiрге деген құштарлығын жоғалтуы» дегендi оқып едiм. 

– Әдемi сөйлейдi екенсiз. Шамасы, кiтапты көп оқисыз-ау деймiн.

Мамамның үйде кiтап оқып отырғанын көрген емеспiн. Не деп жауап берер екен деп құлағымды түрiп тұрмын. 

–  Кiтап оқуға күнделiктi қайталанатын күйбең тiршiлiктен ауыл әйелiнiң қолы тие бере ме? Жас кезiмде кiтапты көп оқушы едiм, – деп мамам жеңiл күрсiнді.  

– Қызыңыз неше жаста? Сiздiң қызыңызбен  жасы шамалас жалғыз қызымыз бар. Суық тиiп қалар деп Маргаританы әдейiлеп әкелмедiк. 

–  Айкамыз – жетіде. 

Немiс келiншек көкшiл көздерiмен маған мейiрлене қарап: 

–  Айналайын, Маргаритадан бiр жас кiшi екенсiң. Екеуiң бiрге ойнайтын болдыңдар, – деп шашымнан сипады. 
Екi күннен соң жаңа көршiлердi ерулiкке шақыра барған мамам: 

–  Көршi Артурдың пысықтығын айтам, бiздiң үйден он жыл бұрын салынған үйiнiң төбесiнен бiр тамшы су өтпейдi. Ол, шiркiн, күндiз-түнi жауып жатқан жаңбырда үйiнiң шатырын қалай бүтiндеп алды екен? – деп мамам разы болып, әрi қапаланды. Кiмге ренжiгенi түсiнiктi. Әрине, әкеме. Сосын әкемнiң үй шатырын ауыстырмай жүргенiне құдды iнiм екеумiз кiнәлiдей: – Сендердiң жалқау әкелерiң құдайдың жазында шатырды түгел ауыстырмақ тұрмақ, жамап-жасқауды бiлмейдi. Не деген бейғам жан екенiн түсiнбеймiн. «Балалар суық тиiп, ауырып қалмаса болар едi» деп  уайымдағанын естiсем, құлағым тас керең болсын, – деп күңкілдеді.   

Мамам әкем туралы әңгiменi бiр бастамасын, бастаса аяқтауы қиын. Аудан орталығындағы  педучилищеге құжаттарын тапсырып, оқуға түсейiн деп жүрген жерiнен әкемнiң алып қашып кеткенiн, күйеуге тиiп, қор болғанын, күйеуiнiң ауру атасы мен әжесiн баққанын жыр етiп айтып барып тоқтайды. Үйден сытылып шығып кеттiм. Көршi үйдiң шатырына көзiм түскенде таңғалдым. Мамамның қызыл иран кiлемдерiнiң түсi секiлдi қызыл шатыр көздi арбайды. Көргенімді айтпақ болып, Құрбангүлдің үйiне барып едiм, оның мамасы да Артур ағайдың пысықтығын айтып, Жақсылық көкеме ренжіп отыр екен.  Құрбангүл екеумiз терезеден қарап тұрып, көршi үйдiң қызыл шатырына қызыға қараймыз. «Бiздiң үйдiң де шатыры  осындай болса екен» деп армандаймыз. Iшiмнен ол үйде бiз емес, әлi өзiмiз көрмеген кiшкентай немiс қызының тұратынын ойлап  қызғанып қоямын. «Ертең Маргарита келсе, сен менi тастап, онымен дос болып кетпейсiң бе?» – дейдi Құрбангүл. «Маргарита тез келсе екен» деп жүрген мен сыр мiнез досымның көңілiне қарап «жоқ-е» деймiн. 

Бiздiң ауылдың тұрғындарының тiлегенi көкке жеттi ме, екi жетi үздiксiз жауған жаңбыр тоқтаған. Сол көктемде біздің жоңышқа алқабына қып-қызыл қызғалдақтар қаулап шықты. Ешкiм қызғалдақтарды күзетудi мiндетiме бермесе де өздiгiмнен даланың жабайы ерке гүлдерiн күзетудi мiндетiм деп санадым. Түске таяу ұйқымнан оянып, шайымды асығыс iше салып, жоңышқа алқабына қарай жүгiремiн. Бiр күнi аппақ көйлек киген сары шашты қыздың бiздiң жоңышқа алқабын еркiн аралап жүргенiн көргенде ызадан жарылып кетейiн дедiм. Қолындағы бiр құшақ қызғалдақты көргенде көзiмнен жас ыршып кеттi. 

–  Табаныңды жалтырат, әйтпесе, менен көретiнiңдi көресiң, – деп айғай салдым. Кекiлдi қыз менi көрдi де баяғыдан танитын адамдай күлiмсiреп:

– Өзiң қызғаншақ қыз екенсiң ғой. Мен сенiң көршiң Маргарита боламын. Сен Айкасың ба? Мамам сенi «жақсы қыз, екеуiң дос болып кетесiңдер» деп мақтап едi. Жақсы қыз деген менiмен таныспай  жатып ұрса ма екен, – дедi. 

–  Қызғалдақтарымды неге ұрлайсың? 

–  Қызғалдақ теруiме мамаңның өзi рұқсат берген. 

–  Әкел берi қызғалдақтарымды.

Маргарита қызғалдақтарды бермей, үйiне қарай қаша жөнелетiн шығар деп ойлағам. «Қуып жете аламын ба, қалай жүгiредi екен, жақсы жүгiретiн шығар, немiс қой, әрi менен бойы да, жасы да үлкен. Жетсем, ұруым керек пе, жоқ па?» деген ойлар басымды шырмап алды. 

– Қызғалдақтарыңды ала бер. Өзің  жақсы қыз емес екенсiң, – дедi көзi жасқа толып.

–  Жұлынған қызғалдақтарды қайтем, ала бер. 

–  Рақмет! 

Беттерi қуаныштан албырап, жүзi бал-бұл жанды. Айка, сен бiлсең ғой, мамам «жаңа көршiлерiмiздiң сенiмен жасты қызы бар екен» дегенде мен қандай қуандым. 

Сол күннен кейiн Маргарита екеуімiз достасып кеттiк. Құрбангүл алғашында Маргаританы тосырқап жүрдi. Көп ұзамай Маргаританың ашық-жарқын мiнезi оны да баурап алды. Құрбангүл екеумiз ұйқыдан ояна салысымен бетi-қолымызды жуар-жумас Маргаританың үйiне қарай жүгiремiз. Екеумiз де түскi асты үйден iшу дегендi ұмыттық. Эльвира апай түскi асқа әртүрлі тәтті тағамдар дайындайтын. Ең алғаш котлет, бифштекс, саңырауқұлақтан дайындалатын тағамдарды Эльвира апайдың қолынан жедiм. Эльвира апай үшеумiздi «ескi мектеп жақта саңырауқұлақ көп» деп қолымызға себет ұстатып,  бiздiң ауылда сирек өсетiн осы өсiмдiктi терiп келуге жұмсайтын. Маргарита әке-шешесiмен  Алматыға бiр жетiге қонаққа кеткенде Құрбангүл екеумiз немiс қызын да, оның мамасының тәттi пирогы мен саңырауқұлақтан дайындайтын дәмді тағамдарды да кәдiмгiдей сағындық. Екеумiз ескi мектеп жақтан бiр-бiр кiшкентай шелекпен саңырауқұлақ терiп әкелдiк. Мамам: «Үйдің бәрін сасыттың» деп ұрсып, қоқысқа аударып тастады. Бiз жеуге болмайтын, иісi жаман жабайы  саңырауқұлақ терiппiз. Қасымызда қандай саңырауқұлақты теруге болатынын бiлетiн Маргаританың жоқтығы ғой. Құрбангүлдің аңқаулау шешесi   «Эльвираға беремiн» деп мұздатқышқа салып, сақтап қойып, Маруся апай рақметiн айтып, күлiп алған. Бiр күнi Эльвира апай менiң мамам мен Құрбангүлдің мамасын түскi асқа саңырауқұлақ жеуге шақырды. Бiз әдеттегiдей түскi аста сонда болдық. Саңы-рауқұлақтан ауыз тиген мамам бiр жетi бет-аузына ұшық қаптап, ауырып жүрдi. Тағы да кiнәлi менмiн. 

– Сен қайта-қайта «Эльвира апайдың саңырауқұлақтан жасаған асының тәттісін-ай» деп тамсанып қоймадың. Анауың адам жейтiн нәрсе емес қой. Екiншi рет жеушi болма! – деп ұрысты.

Қайдағы, түскi аста мамам менi үйге артымнан шақыртуға адам жiберiп, келтiре алмайтын. Өз үйімізде түсте ұйықтамайтын Құрбангүл екеумiзге Эльвира апайдың қатаң тәртібіне бағынуға тура келетін. Жалаңаяқ жүретін Құрбангүл екеумiздiң кiр-қожа-лақ аяғымызға Эльвира апай шошына қарайтын. Кешкiсiн Маргариталардың кiр жаятын сөрелерiнде аппақ екi жайма жайылып тұратын. Құрбангүлдің мамасы Гүлзат тәте: 

–  Эльвира күнде екеуiңнің кiрлерiңдi жуып шаршайтын болды. Түсте үйге келiп ұйықтасаңдаршы. Әлде, аппақ жаймасыз ұйықтай алмайсыңдар ма? – деп күлетiн. 

Маргаританың алтындай жарқыраған сары шашы, тұп-тұнық көгiлдiр көзi әдемi. Қараған адамды өзiне баурап алатын оның көзінің бір сиқыры болатын.  Басыма жара шығып, әкем шашымды тақырлап алып тастаған. Әке-шешемнің «басыңа кептерлер қонады» дегенiне сенiп, «кептерлерiмдi» күтiп жүрген кезде Маргарита шашын екiге жарып, қос бұрым етiп, өрiп жүретiн. Кейде күйiнiп мамама: 

–  Неге менiң көзiм Маргаританың көзi секiлдi жасыл емес, неге шашым сары емес,– деп жылаймын ғой. 

–  Сәл күн шыда, сенiң шашың қап-қара болып өседi, – дейдi мамам шашымның жоғын есiме салып. Сол сәтте сары шаш емес, басымда шаштың болуы арманға айналады.

–  «Шашыңды алып тастап, тақыр бас болып жүрсең, басыңа кептер қонады» деп мені алдадың. Әлі кептер қонбады, – деп әкеме ренжіп, көзiмнiң тостағанын жуамын. 

– Сенiң қара шашың Маргаританың сары шашынан әлдеқайда әдемі. Ал көзiң онсызда көк қой, қызғалдағым, –  деп мамам жұбата бастайды. 

Өзiммен тете iнiммен ұрсысып қалсам: 

–  Көк көз, қарашы, көзiң жабайы мысықтың көзiнен аумай қалған. Ол да сенiмен шамасы ұқсастығын бiлетiн болар, түнде үнемi сенiң аяғыңның астына келiп жатады, –  деп мазақтайтын. Үйдегi бала мысықтың көзiне қарап тұрып, өз көзiммен шынында да ұқсастық көргендей қорқамын. Байғұс мысықтың еш жазығы жоқ болса да, қуып жүрiп, шыбықпен ұрамын. 

Мамам: 

– Мына қызды жын ұрған шығар. Мысықтың қарғысы жаман болады, – деп айғайға салып, мысықты арашалап алатын.    

Қуыршақпен ойнап жүрiп, Маргаританың бойжетiп кеткенiн байқамай да қалыппыз. Құрбангүл екеумiз алтыншыға өткен жазда Маргарита жетiншiге көштi. Ол сол жазда бiзбен бiрге арықтың суына түсiп, күнге қыздырынбайтын болды. Көрші үйдің бағынан бізге қосылып алма да ұрламайды. Бұрынғыдай бізбен қосылып, Жексен атаға ән салып беріп, балмұздаққа ақша да алмайды. Сол жазда ол тобығына түсетiн ұзын шашын мамасының рұқсатынсыз қидырып тастады. Мойны ұзын, бетi аппақ оған қысқа шашы да көрiк берiп тұратын. Бiрде ас үйде мамама Эльвира апайдың: «Маргарита балалығымен тез қоштасты. Бiздiң немiс қыздары тез бойжетедi», – деп ренжiп отырғанын құлағым шалды.

Сол жылдың күзiнде Маргарита мектепке баяғыдай Құрбангүл екеумiзбен емес, менiң Жеңiс ағаммен бiрге баратын болды. Бiз қастарына қосылсақ, екеуi тез жүрiп кететiн, не артта  қалып қоятын. Маргарита кешкiсiн бiздiң үйге жиi келетiн. 

–  Папам футбол көрiп жатыр, сендердiкiне кино көруге келдiм, –  дейтiн құпия күлiмсiреп. Менiң қасымда он-он бес минут отырып: 

–  Мамама айтпай кеткен едiм, iздеп жатқан шығар, –  дейтін. 

–  Жүр, екеумiз барып, мамаңа айтып келейiк, –  десем: 

–  Сабағымды да дайындамап едiм, – дейтiн тағы да құпия жымиып. 

Бір күнi сабақтан келсем, мамам мен Эльвира апай бiр нәрсеге келiспей, қатты сөзге келiп жатыр екен. 

Мамам: 

–  Сенiң қызың қыз емес, сайтан. Жуас баламның басын айналдырып жүр. Сайтаныңды секеңдетпей, аяғын тұсаулап ұста. Баланың менің ұлымдікі екенiне сенбеймiн, –  деді даусы ащы шығып. 

Бойымды үрей биледi. Кеше ғана өзiммен қуыршақ ойнап жүрген Маргаританың бойына шынымен бала бiткенi ме? Құрбангүл екеумiз қуыршақ ойнамасақ та, резеңкеден секiрiп, доп қуып жүрміз. Сол күннен кейiн бiздiң үймен Эльвира апай да, Маргарита да араласпайтын болды.  Колхоз жұмысына ерте кетiп, үйiне кеш оралатын құрылысшы Артур ағай сирек те болса, үйге бас сұғып тұратын. Екеуi шарап iшкен күндерi «Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым» деп ән салатын. Артур ағай Шәмшiнiң әндерiн бұзбай, қоңыр даусымен жақсы айтушы еді. Ол кiсi ауылда өтетiн тойларда да жұрттың өтiнiшiмен Шәмшiнiң әндерiн орындап беретiн. 

–  Шәмшi немiстiң компози-торы болсыншы, әлемге танымал болар едi. Әттең, ол аз ғана ұлттың перзентi, –  дейтiн кәдiмгiдей қапаланып. 

Жаз айларында Артур ағайдың үйінің қақпасының қасынан Оқпан шалдың кенжесi, түрмеде екi жыл отырып келгеннен кейiн Кенжебек есiмi ұмытылып, Коля атанған қара сұр жiгiттi жиi көретiнбіз. Оларды бiр-екi рет Құрбангүл  екеумiз аңдығанбыз. Екеуi бiр-бiрiне жақындап, бiр адамға айналғанда үйге қарай апыр-тапыр тұра жүгiргенде Маргаританың «көршiнiң кiшкентай қыздары ғой» деген сызылып даусы шыққан. 

Таңғы бесте үйiне аппақ бетi, ұзын мойны шылымның шоғымен күйдiрiлiп, көзi көгерiп, жылаудан жанары iсiнiп келген жалғыз қызының түрiн көрген Артур ағайдың қаны басына шауып, Оқпан шалдың үйiне барады. Сол жерде айғай-шу шығып, түрме көрiп, қаны қарайып келген Коля Артур ағайдың жүрегiне пышақ сұғып алады. Сот Коляны жиырма бес жылға бас бостандығынан айырды. Әкесiн жерлегеннен кейiн Маргарита мамасының Алматыда тұратын туыс сіңлісінің үйіне кетті. 

Эльвира апай: 

–  Байғұс қызды өзiне қол жұмсап қоя ма деп қорқамын. Жалғыз қызымнан басқа менің кімім бар? – деп қатты уайымдайтын. 

Үш айдан соң ауылға келген Маргарита өзiмен бiрге тағы бір қайғы әкелді. 

–  Біздің немістің қыздарында намыс болсайшы. Әкесін өлтірген қанішердің баласын туамын деп, сайқал, безеріп отыр. Қайтейiн, ендi. Ақыл қосшы, құрбым-ау, – деп Эльвира апай үйге жылап келдi.

Мамам: 

–  Байғұсым-ай, тағдырға соншалықты не жазып едiң, – деп қосылып жылады.  

Маргарита үш-төрт күннен соң Алматыға қайтып кеттi. Бiр күнi кешкiсiн Эльвира апай келiп, Германияға көшетiндерiн айтқанда, үстiмiзден жай оты түскендей, бәрiмiз үрпиiстiк те қалдық.  

–  Құдайы көршiлерiм-ау, өздерiң отбасымыздың ойраны шыққанын көрiп отырсыңдар ғой. Артур жалғыз қызының намысын қорғаймын деп өлдi, қыздың жайы анау. Әлгi қанышер түрмеден тiрi шықса, «баламды көремiн» деп Маргаритаға маза бермей ме деп қорқамын. Ата-қонысқа немiстер көшiп жатыр ғой, бiз де елмен бiрге жетiп алайық. Есiмiз барда, елiмiздi табайық. Қазаққа күлкi болдық,  –  деп күрсiнді.  

–  Эльвира-ау, бұл не дегенiң. Бұл қазақ сендерден жақсылық көрмесе, ешқандай жамандық көрген емес. Осы ауылда Артурдың шебер қолы тимеген үй жоқ шығар. Артур марқұм қандай жан еді. Қайтесiң, тiрi адам сүлдерiн сүйретiп жүре бередi екен ғой,  –  деп мамам орамалының шетiмен көзіне іркілген жасын сүрттi. 

–  Осы күнде түсiме қара басып, ұйықтап қалып, екi айлығында  өзiм жаншып өлтiрiп қойған қызым жиi кiретiн болып жүр. Балапаным... түсiме екi айлық емес, он-он екi жасар қыз болып кiредi. Қасыма жақындамай, алыста үнсіз ғана бетiме мүсiркеп қарап тұрады. Артур қанша мас болып келсе де, осы қателігімді бетiме басқан емес. Өзімді кешіре алмаймын-ау, кешіре алмаймын, –  деп Эльвира апай көз жасына ерiк бердi.

***

Эльвира апай мен мамам сирек те болса хат жазысып тұрады. Таяуда тағы да хат алдық. Бiздi отбасымызбен Германияға қонаққа шақырыпты. Маргарита әлi тұрмыс құрмаған. Баласы Жеңiс екiншi сыныпта оқып жүр екен. «Қазақтың қаны жiберсiн бе, Қазақстанды жиi сұрайды. Бұл баланы өмiрде құшырланып сүймейтiн шығармын деп ойлаушы едiм. Алғаш дүниеге келген кезiнде бетiне де қарамайтынмын. Тiлi шығып, «әже» деп қолын созғанда шыдап тұра алмадым. Сәби кезiнде өзiнiң тiлi сондай тәттi болатын. Бүгiнде өмiрiмдi немерем Жеңiссiз елестете алмаймын. ...Маргарита сенің ұлың Жеңісті әлі сүйеді» деп жазады хатында Эльвира апай.  Германиядан хат алған күнi Артур ағайды, Эльвира апайды, Маргаританы сағынып, өткен күннiң қызықты оқиғаларын еске алып, күлiп, бiр жасап қаламыз. Жеңiс Семей медициналық институтын бiтiрiп, үйленiп, сол қалада қалып қойды. Оңтүстіктегі біздің ауылдан Семей әлдеқайда қашық. Отбасымен бірге ауылға жылда бiр келiп тұрады. Мамам: «Жеңiс пен Маргаританы ажыратып, байғұс қыздың обалына қалдым-ау. Жеңiс Маргаритаға үйленсе ауылда не аудан орталығында тұрар ма едi. Маргарита ақкөңіл, жақсы қыз болатын. Жеңiс бiзден қашықта тұрып,  жат болып барады», –  деп мұңаяды.

«Ұлан» газеті, №10
9 наурыз 2021 жыл

981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор