• ҰЛАН
  • 01 Наурыз, 2021

Қазақша үйреніп жүрген америкалық ару

Қазақ тілінің кеңістігі біз ойлағаннан да жылдам өрістеп келеді. Қазақ тілін өз еркімен, қызығып үйренетін шетелдік азаматтардың саны күннен-күнге өсіп жатыр. Тілімізді зор ынтамен үйреніп қана қоймай, зерттеу жүргізіп жүрген кейіпкеріміздің аты-жөні – Лиора Айзенберг. Ол Америка азаматы. Лиораның қазақ тілін үйрене бастағанына аз уақыт болғанына қарамастан, жақсы сөйлейді. Қазақ тілін зерттеу мақсатында қазақстандықтармен онлайн сұқбат та жүргізіп жүр.

– Сәлем, Лиора! Сіз секілді қазақ тілін үйреніп, Қазақстанға қызығушылық танытып жүрген шетелдік-тердің бар екеніне және сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Өзіңіз жайлы көбірек білсек дейміз... Отбасыңыз, оқу орныңыз, қызығушылығыңыз туралы аз-кем сыр шертсек... 

– Айдана, сәлем! Менімен сұқбат жүргізгеніңізге көп рақмет! Мен  Лиора Айзенбергпін. АҚШ-та туып-өстім және де осында білім алып жатырмын. Бірақ менің отбасым Ресейден. Сол себепті біз үйде отбасымызбен орыс тілінде сөйлесеміз. Мен – тарихшымын, негізгі мамандығым – КСРО тарихы. Америкадағы Принстон университетін тәмамдадым, ал биыл PhD бағдарламасы бойынша оқуым басталды. Қызығушылығыма келер болсам, тарихты, соның ішінде КСРО тарихын ерекше қатты жақсы көремін. Кейде бос уақытымда Кеңес үкіметі жайында жазылған кітаптарды оқимын, Кеңес құрамында болған мемлекеттерге арнайы саяхат жасаймын және де сол елдердің тілін оқып, толық меңгеруге тырысамын. Сонымен қатар, йогамен, тангомен айналысамын.  

– Неліктен қазақ тілін таңдадыңыз? Тілді қанша уақытта үйреніп алдыңыз?

– Негізгі мамандығым – КСРО тарихы, ал оның ішінде Орталық Азияның кеңестік тарихы. Оқу орнында үш жыл бойы тәжік және парсы тілдерін оқығанмын. Әрине, бұл мен үшін өте пайдалы болды. Алайда мені «тіл тарихы» қатты қызықтырды. Қазақстанның тілі және оның құрылымы өте қызық. Сол себепті қазақ тілін үйренуім керек деп түйдім. Қазақ тілін үйренуді қолға алғаныма шамамен 8-9 ай болды.

– Қанша тілді толық білесіз? Алдағы уақытта қандай тіл үйрену ойыңызда бар?

– Бес тілді толық білемін. Менің ана тілім – орыс және ағылшын тілдері. Қазіргі уақытта иврит, француз, парсы тілдерін толық білемін және еркін сөйлеймін. Сонымен қоса, неміс, украин, тәжік тілдерін меңгергенмін, сөйлей аламын, дегенмен жетік білемін деп айта алмаймын. Украин тілін диплом жұмысым үшін үйренген болатынмын.

– Қазақ тілін үйрену қиын болды ма? Қазақша еркін сөйлеу үшін қандай тәсілдерді қолдандыңыз? Кино көрдіңіз бе, әлде кітап оқыдыңыз ба? 

– Иә, қазақ тілін үйрену оңай болған жоқ. Себебі қазақ тілінің грамматикасы, құрылымы өте қиын әрі күр-делі. Соның ішінде мен үшін етістіктер өте қиын. Оны орынды әрі дұрыс қолдану керек. Өкінішке қарай, қазақша кітап оқу маған сәл қиындау. Бірақ күнде қазақша жаңалықтар оқимын, сериалдар көре-мін. Бұл тілді жаттықтыруға шынымен көмектеседі. Маған жақында жарық көрген «Волонтер», «Бір тоқсан», «Тағы бір тоқсан» деген сериалдар қатты ұнап қалды. Тіл үйренуде практика өте маңызды. Сондықтан мен аптасына 4-5 рет қазақ тілінде практика жасап, сөйлеу қабілетімді жетілдіруге тырысамын. 

– Достарыңызға Қазақстан жайлы жиі айтасыз ба?

– Достарыммен Қазақстан жайлы жиі сөйлесіп, талқылап, ақпарат алмасып отырамын. Мысалы, жігітім Қазақстан тарихымен жақын таныс. Әкем де кейбір қазақ сөздерін біледі. «Сәлем», «Қалың қалай?» деген сөздермен таныс. Бірақ әкемнің ең сүйікті сөзі – шәйнек. 

– Қазақстанға алғаш келгендегі әсеріңіз қандай болды?

– Ең алғаш Қазақстанға 2018 жылы тәжірибеден өтуге келдім. Шынымды айтсам, алғашында маған ыңғайсыз болды. Себебі адамдар маған суық қарайтын секілді болып көрінді. Екі аптадан кейін барлығына үйреніп кеттім. Бірге тұратын қыздармен, әріптестеріммен жақын танысып, дос болып кеттік. Осыдан кейін қазақ халқының өте қонақжай әрі жылы екеніне көзім жетті. 

– Қазақстанның қай жерлері сізге ерекше ұнайды? Шетелдіктерге қандай тағам-дарын жеп көруге кеңес бересіз?

– Мен Алматыны қатты жақсы көремін. Осы қалада ең жақын достарымның бірі тұрады, ол да тарихшы. Қаланың атмосферасы өте ерекше! Мен сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазір Алматыны қатты сағындым. Қала табиғатымен, тауымен өте әдемі көрінеді. Бауырсақ өте дәмді. Палау – ең сүйікті тағамым. Ең дәмді палауды Шымкентте жеп көрдім. Сонымен қоса, мантының дәмін татып көруге кеңес беремін. 

– Пандемия біткеннен кейін Қазақстанға келу ойыңызда бар ма?

– Әрине. 2018, 2019 жыл-дары Қазақстанда болдым, 2020 жылы Қазақстанды қатты сағындым, ал 2021 жылы Қазақстанға барамын деп үміттенемін. 

– Қазір қазақ тілін терең зерттеу үшін қазақстандықтармен мектептегі қазақ тілін үйрету жайында сұқбат жүргізіп жүр екенсіз. Сұқбат барысында Америка мен Қазақстан мектептері арасындағы айырмашылықтарды байқадыңыз ба? 

– Бұл – өте күрделі сауал. Мен тек тіл үйрету жүйесіне қатысты жауап бере аламын. Қазақстанда тіл үйрету өте маңызды. Қазақ тілінің грамматикасы қиын болғандықтан, оны тереңірек үйретеді. Ал Америкада тіл үйрету процесі басқаша жүреді. 

– Тілді үйрену кезінде қазақстандық достар таптыңыз ба? Олармен әлі де достық қарым-қатынастасыз ба?

– Иә, таптым. Қазақ тілін карантин кезінде үйрене бастағандықтан, қазақстандық достар табу қиын болған жоқ. Қай тілді үйренгің келсе, сол елдің азаматымен сөйлесу – өте тиімді практика. Мен көп дос таптым, алайда қазір барлығымен хат алмасып тұрамын дей алмаймын. Үш-төрт қазақстандық досыммен жиі  хабарласып тұрамын.

– Парақшаңызда КСРО жайлы көптеген қызықты мәлімет, жазба кездеседі. КСРО-ны зерттеуіңізге не себеп болды?

– Өте орынды сұрақ. Отбасым Ресейден болғандықтан, КСРО тарихы мен үшін әрдайым қызықты әрі өзгеше. Бастапқыда КСРО тарихына қатысты курстарға, сабақтарға ғана қатысумен шектелдім. Бірақ бұл мені қатты қызық-тырып, тақырып өзіне баурап алды. 2017 жылы Тәжікстанға барып, парсы тілін үйренуді бастадым. Тәжікстан ерекше әсер қалдырды. Осы сапарымнан соң Орталық Азияның кеңестік тарихы мен үшін өзгеше дүние екенін түсіндім. 

– Отбасыңыз Қазақстан жайлы не ойлайды? 

– Отбасым Қазақстанды жақсы көреді. Мысалы, 2018 жылы Қазақстанға келген кезімде әкем бір аптаға осында келді. Бұл менің өмірімдегі керемет саяхат болды. Біз Нұр-Сұлтанға (Астанаға) барып, аралап көрдік. Әкем тағы да Қазақстанға барғысы келеді. 

– Америкада қазақтарды кездестіріп, олармен әңгімелесіп  көрдіңіз бе?

– Иә, университетте екі қазақты жолықтырып, олармен таныстым. Олар жақсы адамдар болып шықты. Қазақстан жайлы қойған сұрақтарымның барлығына жауап беріп, көмектесіп отырды. 

– Әңгімеңізге көп рақмет, Лиора! Қазақ тілін жетік меңгеріп кетуіңізді және тағы да Қазақстанға саяхаттап келуіңізді тілейміз!

Айдана ШАЛҚАРОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №9
2 наурыз 2021 жы

939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор