• ІТ және инновация
  • 01 Ақпан, 2021

Future World жобасын құрастырған Азиза

Азиза Ибрагимова – «Үздік әлеуметтік кәсіпкерлік жоба» байқауының қатысушысы әрі жеңімпазы.  Бұл байқауды «І-SEED: инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасы аясында British Council, «Шеврон» компаниясы және Атырау облысының әкімдігі бірлесе ұйым-дастырды. Кіші топта жеңімпаз болған Азиза – Қ.Сәтбаев атындағы №19 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы. Future World жобасын құрастыру идеясы қайдан келді? Жобаны іске асыру жоспары қандай? Азиза бұл сұрақтарымызға былайша жауап берді:

– Future World жобасы мен үшін үлкен белестерді бағындыруға мүмкіндік берді. Идея SMM саласына, Инстаграм әлеуметтік желісіне қызығудан басталды. Кейін SMM менеджерге арналған курстар мен вебинарларға қатысып, өзіміздің бизнес жоспарымызды құрумен жалғасты. Кәсібімізді  бастауға I-SEED тренингінің жәрдемі үлкен болды. Тренингтен жақсы дең-гейдегі білім алғаным сөзсіз. Өйткені бизнес жоспар құру және сол жоспар бойынша іске асыру, қаржы және бизнес үшін керек материалдар, банкротқа ұшырау салдары, оның алдын алу туралы түсіндім.

– Future World жобасы туралы айтсаңыз...

– Жобаның басты табыс көзі – онлайн курс. Біз Телеграм әлеуметтік желісінде 10 адамнан тұратын топ құрамыз. Әр адамның сұрағына жауап беруге дайынбыз. Біздің басты қызмет – Инстаграм және Телеграм  қолданушыларға SMM бойынша қызмет көрсету әрі оларды үйрету. Мысалы, интерфейс, копирайтинг, фотоконтент, постконтент, бизнес аккаунтқа көшу, таргет жасау, WhatsАpp бот жасау және SMM сабақтар бар. Сонымен қатар, WhatsАpp-қа сілтеме қою мен әдемі пост жазуды үйренесіз. Сториске арналған түрлі қосымша, пайдалы Телеграм боттар, фото өңдеу, Pic's art-пен толық танысып, премиум стикерлер мен жазуларды тегін алу, InShot бағдарламасымен таныса отырып, ақылы эффектілерді тегін алу мен инстамаска жасауды курс барысында үйретеміз. Курсқа қатысушы Инстаграм және Телеграм әлеуметтік желілерін пайдалана білуі керек. Ал қалғанын курс барысында үйретеміз.

– Не себепті Future World деп атадыңыз?

– Future World – болашақ  әлем деген сөз. Әлемдік сараптауларға сенетін болсақ, SMM саласы алдағы 30 жыл ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтың бірі болады. Біздің көзқарасымыз бойынша, әлеуметтік желі алдағы уақытта дами береді. Сондықтан бұл жоба «Болашақ әлем» деген атқа лайық деп ойлаймын.

– Жобаны қорғау барысында қандай да бір қиындықтар болды ма?

– Жоқ, жобаны қорғау барысында қобалжудан басқа қиындықтар тумады. Байқау онлайн режимде Teams бағдарламасы арқылы өтті. Әрине, мықты бәсекелестер де болды. Бірақ бәрі де адал сынға түсе алды. Жобаны жеңіп алғанымызды естігенде төбем көкке жетті. Жүлделі орынға ие болған мектептерді айтқан кезде өте қатты қобалжыдық.

– I-SEED гранты аяқталған соң да жобаны жалғастырасыздар ма?

– Әрине, I-SEED гранты аяқталған соң да жобаны жалғастырамыз. SMM-менеджер – көп қаражатты талап етпейтін мамандық. Ал демеушіліктен түскен табысты айналдырып қайта дамытуға болады. Болашақта осы істі дамытып, әрі қарай табыс табуды көздеймін. Алайда, хирург болуды қатты армандаймын. Замандастарыма айтарым, армандарыңызды мақсатқа айналдырыңыздар. Сол мақсат аяқтарыңыздан тұрғызатын болады және мақсаттарыңызға жету үшін аянбай еңбек етіңіздер. Қаржы жағынан  сылтау айтпай, барлығын өз күштеріңізбен жасай алатындарыңызды дәлелдеңдер! Әрқашан, басқа адамдардың сөзіне қарамастан еш мойымаңыздар. Мақсатқа жету жолында сәттілік тілеймін!

– Арманыңа жет! Әңгімеңе рақмет!

Еске сала кетейік, 2018 жылдан бері «ISEED: инно-вациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім беру» жобасы Атырау қаласында British Council, «Шеврон» компаниясы және Атырау облысының әкімшілігі демеуші болып ұйымдастырып келеді. Басты мақсат – әлеуметтік кәсіпкерлік идеясын көпшілікке таныстыру. Осы уақытқа дейін 1000-нан астам студент пен оқушы қатысып, жобаларын қорғады. Қатысушылар кәсіпкерлік қағидаға сай негіздерді стартаперлер мен кәсібі бар тәжірибелі мамандардың шеберлік сабағынан өтеді. Кәсіпкерлік жоспар құру, саналы шешімдер қабылдау мен тәуекелге бару осының бәрі фестиваль аясындағы дәрістерде айтылады.

Назым Сапарова

«Ұлан» газеті, №5
2 ақпан 2021 жыл 

3887 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор