• Күншуақ
  • 26 Қаңтар, 2021

«Менің арманым» жобасын білесіз бе?

Олжас Еспанов – Арыс қаласының тумасы. «Менің арманым» деген жобаның басы-қасында жүрген азамат. Жоба не туралы, мақсаты қандай? Оны Олжастың өзі әңгімелеп берген еді.

– Бұл жоба басында жәй ғана қарапайым адамдардың арманын орындайтын еді. Уақыт өте келе ойланып, онкологиялық аурумен ауыратын балалардың арманын орындаймыз деп шештік.

– Жобаны бастар алдында қандай да бір қорқыныш болды ма?

– Әрине, қорқыныш болды. Өйткені бұл моральдық тұрғыда ауыр жоба. Қанша дегенмен біз арманын орындайтын балалардың өмірі шектеулі. Яғни, көбі аз ғана өмірі қалған балалар. Сондықтан бізге қазір де ауыр тиіп жатыр. Ол баланы білесің, арманын орындайсың. Өкініштісі, жарты жылда ол бала өмірде болмауы да мүмкін... Баланың қуанғаннан жылаған сәті де бізге ауыр тиеді.

Жобаның басты мақсаты – Қазақстандағы онкологиямен ауыратын балалардың арманын орындау. Әзірге тек осы аурумен ауыратын  балалардың арманын орындауды мақсат еттік. Алдағы уақытта басқа да диагноздармен ауыратын балаларды тізімге қосамыз.

– Балалардың арманын орындау үшін қандай да бір тәуекелге бардыңыздар ма?

– Атқарып жатқан барлық жұмысымызды тәуекел деуге болатын шығар. Мысалы, бір бала ұшақпен ұшқысы келді, аман-есен ұшырып келдік. Тағы да бір баланы тауға, Көлсайға апарып келдік. Әрине, мұндай тәуекелге барғанда қорқыныш болады. Бірақ әрбір арманда өзіңдік тәуекел болатынын да ұмытпауымыз керек.

– Жобаларыңызға қолдау білдіретін демеушілер бар ма?

– Әрине, демеушілеріміз бар. Бірақ қазір өзіміздің қорымызға түсіп жатқан ақшаға сүйеніп отырмыз.

– Осы уақытқа дейін қанша баланың арманы орындалды?

– Біздің ашылғанымызға екі ай ғана болды. Жылдың соңына дейін он баланың арманын орындаймыз деп мақсат қойған болатынбыз. Осыған дейін он баланың арманын орындадық. Әрі қарай да жұмысымызды жалғастырамыз.

– Олармен әрқашан байла-ныстасыздар ма? Қазіргі жағ-дайлары қандай?

– Баланың арманын орындағаннан кейін байланысты үзіп, қоштаспаймыз. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Ем қабылдағаннан кейін өз қалаларына кетеді. Үнемі хал-жағдайын біліп, байланыс жасап отырамыз. Бірақ қазір арамызда хал-жағдайы мәз емес балалар бар.

– Сіздер таныстырған белгілі жандармен жақын араласып кеткен балалар бар ма?

– Қатты араласып кеткен балалар жоқ. Балада мүлде уақыт болмайды... Бала кемінде жарты жыл ем қабылдайды.

– Келіп түскен өтініштерді өздеріңіз таңдап аласыздар ма? Әлде бәрін кезекпен қарастырасыздар ма?

– Барлық өтінішті қабыл-даймыз. Бізде арнайы база бар. Қаншалықты рас ақпарат, соны зерттейміз, емделіп жатқан ауруханасына хабарласамыз, психологпен сөйлестіреміз. Рас болып шықса, баланың арманын орындауға көшеміз.

– Жобаңызға қалай өтініш беруге болады? Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

– Meninarmanym.kz деген арнайы сайтымыз бар. Сол жерге өтініш қалдыруға болады. Инстаграм, Телеграм арнамыз, Call center бар, сонда хабарласуға болады. 

– Бұл жобаны жұрт қалай қабылдап жатыр? Қоғамның пікірі қандай?

– Қоғам өте жақсы қабылдап жатыр. Бастысы, халықтың батасын алу. Халық жақсы пікірде. Әзірге ешқандай сын айтылған жоқ. Сын пікірлер айтылса да дайынбыз.

– Бұрын-сонды осыған ұқсас жобаларды жүзеге асырып көрдіңіз бе? Бұл жоба несімен ерекше?

– Жоқ, бұл біздің алғашқы жобамыз. Ерекшелігі – телеви-зиялық жоба емес, әлеуметтік жоба. Инстаграм, Ютуб, Фейс-бук, Тик-ток секілді желілерді пайдаланамыз. Басты назар Инстаграмда.

– Жобаның болашақ жоспары туралы айтып берсеңіз...

– Қазақстанның 14 облысы-нан «Менің арманымның» бөлімшелерін ашу жоспарда бар.

– Сіздің Инстаграм парақшаңызды қарап шықтым. Қыздарға арналған парақша екен. Не себепті осындай контентті жүргізуді қолға алдыңыз?

– Парақшамды оқитындардың 85%-ы – қыздар қауымы. Сондықтан қыздарға пайдалы жазбалар жазу керек деп шештім. 

– Алдағы уақытта «Ол – жас махаббат» тақырыбында кітабыңызды шығарғалы жатыр екенсіз. Негізгі мазмұны қандай? Қысқаша айтып бер-сеңіз. Неліктен бұл кітапты оқырман оқуы керек?

– Иә, алдағы уақытта «Ол – жас махаббат» деген кітабым шыққалы жатыр. Негізгі мазмұны – басымнан өткен махаббат оқиғасы. «Қызға қырық үйден тыйым», «Ер балаға елу үйден тыйым» секілді тақырыптар қамтылған. Қыздарға арналған кітап болады. Ол кітапқа жазған өлеңдерім де кіреді. Неліктен бұл кітапты оқу керек десеңіз, қазір жастар үйленіп, тез ажырасып кетіп жатыр. Оны бәріміз көріп-біліп, естіп жүрміз. Жақын достарымның арасында да осындай жағдайлар болды. «Бақытты, мінсіз әйел болу үшін 10 кеңес», «Бақытты әйел қыламын десеңіз, 30 кеңес» сияқты тақырыптар қамтылған. Сол себепті оқырман оқуы керек деп ойлаймын.

– Сұқбатыңызға рақмет! Ісіңіз алға баса берсін!

Аяулым МИРХАНҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ақтөбе облысы

«Ұлан» газеті, №4
26 қаңтар 2021 жыл 

7423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор