• Күншуақ
  • 30 Қараша, 2020

«Ел-Назы» мектеп-интернатқа айналса...

Жанболат – «Ел-Назы» арт-терапия орталығының оқушысы. Алғаш келгенінде сөйлеуі де қиын болыпты. Қазір сурет те салады, ойын анық жеткізеді.

– Жанболат, сабағың қалай? Мектепті сағындың ба?
– Иә, достарымды, апайымды сағындым.
– Тағы кімді сағындың?
– «Ел-Назы» мектебін.
Жанболат еркелеп, тұтқаны анасына берді.
– Балам достарын, ұстаздарын сағынып жүр. Біз «Ел-Назы» орталығына ашылғалы бері барамыз. Өзім күтпеген жетістікке жетті. №9 тіл дамыту мектебіне оқуға түсті. Суретке, әнге де қызығады. Көп дос тапты, мінезі өзгерді. Балабақшадан шығып, орталыққа асығамыз. Жолдан гүл теріп алатын. Гүлді Іңкәр деген қызға беруге асығады екен. Тізесін бүгіп, гүлді ұсынғанда жүрегім елжіреп кетеді. Басқа орталыққа барсақ, бізді бір жылда екі-ақ рет қабылдайды. Ең ұзағанда 10-14 күн оқытады. «Ел-Назының» ерекшелігі – қанша күн барсақ та шектеу жоқ. Қай күнге, қай уақытта барсақ та, есік ашық. «Сіз бұл күні келмеңіз!» – деп ешқашан айтқан емес. Бір қиыны, бөлме жетіспейді... Демеушілер табылып, үлкен орталық ашылса деген үмітіміз бар, – деді анасы Әдемі.

Екі айда әріп таныды...

Бекнұрдың анасы Жаннат:

Жамбыл облысының Құлан ауылында тұрамыз. Былтыр жазда арнайы іздеп келдік. Кохлеарлы имплант аппаратын қойғанына екі жыл болған. Өз бетімше дыбысты үйретіп жүргенмін. Сөйтсем, мұндай балаларға тыңдауды, естіген дыбыстарды ажыратуды үйрету керек екен. Ол менің қолымнан келмеді. Мектепке баратын уақыты келді. Әріпті, онға дейін санауды білсе, арнайы мектепке бармаса деп ойладым. Бірақ қайда барсам да, «сөйлемейтін баланы алмаймыз, арнайы мектепке барсын» деп есікті тарс жапты.

Әйгерім апай бізді тыңдап: «Баламен жұмыс істеу керек. Арнайы мектепке беруге міндетті емессіз. Баланың барлығы бірдей», – деді. Осы сөзге жүрегім жылып, құлшыныс арта түсті. Екі айда әріпті танып шықты.

Карантинде бос жатпадық. Тапсырма беріп, орындадық. Ұстаздар баланың деңгейіне қарай тапсырма беретін. Үйде отырып, баламен қалай жұмыс істеуге болатынын үйретті. 1-сыныпты жақсы аяқтадық. Оқып отырып, тақпақ жаттайтын дәрежеге жет-тік. Төрт жол тақпақты бір айда әрең жаттайтынбыз. Қазір он күнде жаттап аламыз. Әйгерім апай бір сөздің мағынасын толық түсінгенше басқа сөзді түсіндірмейді. Орталықта жүріп сурет салуды үйренді. Ауылдағы апайлар сурет байқауы өтіп жатқанын айтты. Байқауға қатысып, жүлделі орын алдық. Ауылда мұндай балаларға арналған орталық жоқ. Жазғы каникулды асыға күтеді. Орталық мектеп-интернат болса, жақсы болар еді.

Нұрасылдың анасы Арай:

– Балам үш жаста. Аллаға шүкір, ақырындап сөйлеп келеміз. Карантин кезінде мұғалімдер онлайн тапсырма беріп отырды. Орталықты ашқан Кенжебекке алғыс
айтамын. Арманы-мыз – орталық кеңейіп, балаларды күнде оқытса екен. Бала ғой, оқығанын ұмытып қалады. Кейде бөлме жетпейді.

Айшаның анасы Әйгерім:

– Қызым КИ аппаратын екі жасында тақты. Мұндай балалармен қалай жұмыс істеу керегін білмедік. «Ел-Назына» келгелі баламмен қатар өзім де көп нәрсені білдім. Баламен сөйлесу, тәрбиелеуді осы орталықтан тәжірибе жүзінде көрдім. Қызым сөйлеп үйренді. Ойнай отырып, баланы дамытуға болады екен.

Іңкәр Думанқызының анасы:

– Орталыққа барғанда сөйлеп, жаза алмайтынбыз. Әріптерге тіліміз келмейтін. Әйгерім, Алтынгүл, Қарлығаш апайларға зор алғыс. Қызыма ерінбей, бар мейірімін төгіп үйретті. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Керегін айтады, алады, жеткізеді. Өзгеріс өте көп. Суретке, фортепианоға барады. Жарыстарға қатысып үлгермедік. Мұндай үйірмелер көп жерде жоқ. Болса да, бағасы қымбат. Қызымның орталыққа бармаймын деген кезі болған емес. Мінезі қырсық. Кейде апайларына еркелеп кетеді.

Әйгерім апайы КИ аппаратын тақса да, барлық іске үлгеріп жүр. Ән айтады, сабақ та береді. Апайына қарап, қуат аламыз. Әйгерім Польшада өткен «Ритми улитки» байқауында жеңімпаз атанған. Үздік он орындаушының қатарына кірген. Әйгерімді тыңдаған жұрт таңдай қағыпты. Себебі КИ аппаратымен ән айту емес, дұрыс сөйлеудің өзі қиын екен. Қызыма апайын мақтап отырамын. Адам жеңбейтін қиындық болмайды. Ол үшін тек еңбек, ықылас керек деймін.

Оқу тегін

«Ел-Назы» – есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арт-терапия. Орталық «МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбіловтың бастамасымен ашылған. Сурдопеда-гог, логопед, суретші, биші және музыканттар сабақ береді.

Арт-терапия туралы сурдопедагог Әйгерім Тутова былай дейді:

– «Ел-Назының» жұмыс істегеніне үш жыл болды. Жүзге жуық бала қосымша білім алып жатыр. Орталық Кохлеарлы импланты (КИ) бар балаларды ғана оқуға қабылдайды. Оқу тегін. Басқа диагнозы бар балаларды оқыту жоспарда бар. Талқылап жатырмыз. Әрине, балалармен жұмыс істеу оңай емес. Өз ісін, балаларды жақсы көретін ұстаздар жұмыс істейді. Алтынгүл Самғатқызы, Ақжарқын Сансызбаева, Қарлығаш Боданова, Мақсат ағай.

Бізге барлық ауыл, ауданның балалары келеді. Жол шығынын орталық төлейді. Оқушылардың дені – мектеп жасындағы балалар. Домбыра тартатын, фортепианода ойнайтын оқушылар бар.

Менің міндетім – баланы сөйлету. Өз ісімді, балаларды жақсы көремін. Балақайлардың үмітін оятып, дем бергім келеді. Өмірлік мақсатым да сол. Тұрмысқа шықтым. Ән салу сүйікті ісім болып қала береді.

Жылдан жылға жағдай жақсарып келеді. Аналарға тек сабыр тілеймін. Күресті, бақытты да сабырмен бастау керек. Жүзден аса балаға сабақ бердім. Қажетті құжатты толтырса, мектепке қабылдай береміз.

Дайындаған
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №48
1 желтоқсан 2020 жыл

4752 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор