• Күншуақ
  • 16 Қараша, 2020

Үздік баскетболшы, сән әлемінің ханзадасы, құтқарушы болуды армандайды

Елімізде мыңдаған ата-ана мен бала аутизммен күресуге мәжбүр. Мамандар бұл сырқат әр балада әртүрлі болатынын айтады. Сол үшін де оны бірыңғай емдеу жолы жоқ. Әлем қолданатын жалғыз әдіс – баламен үнемі қарым-қатынаста болу. Баланы дамытып, қабілетін шыңдап, қатарға қосу – ата-ананың міндеті. Бойындағы ерекшелігіне қарамастан қатарының алды болып, биік белесті бағындырып жүрген балалар жетерлік. Соның бірі – Амир Алпамыс. Елордадағы №23 мектептің 9-сыныбында оқиды. Үздік баскетболшы. Сән үлгісін көрсетуші. «Аутистің жазбалары» влогының авторы. Әрі қарайғы әңгімені Амир жалғастырсын.

– Мен бас қалада тұрамын. Бассейнге, баскетболға барамын. Отбасымда ата-анам, екі бауырым бар. Арслан – менің інім. Ануар – ағам. Ол Америкада оқиды. Болашақ дәрігер. Спортқа өзім қызығып бардым. Ата-анам қолдады. Алдымен жүзуге, сосын баскетболға жазылдым. «AstanaEagles» балалар мен жасөспірімдер баскетбол командасының ойыншысымын. Баскетбол ойнаған өте қызық. Жаттықтырушым – Индира Темірханқызы. Оны біз жақсы көреміз. Үнемі жеңісімізге қуанып отырады. Ең алғашқы жеңісім де есімде. Ол – баскетболшы деген атақ алған күнім. Мен үшін үлкен жеңіс сол. Менің спортқа келгендегі мақсатым да үздік болу еді. Сол мақсатыма жеттім. Одан кейін бірнеше мәрте баскетбол сақинасына доп салдым. Оның өзі мен үшін жеңіс. Инстаграм парақшамда «Аутист жазбалары» деген влогым бар. Түрлі мотивацияға толы жазба қалдырамын. Мені оқырманның пікірі шабыттандырады. Лүпіл көп басылса, қатты қуанамын. Әртүрлі идея келеді. Жазбамның соңына қалдырылған пікірлерді де оқып отырамын. Қарапайым мектепте білім аламын. Мектепте достарым өте көп. Диас, Даниал деген достарым үнемі қолдап, маған жанкүйер болады. Қазір қосымша модель болып жұмыс істеп жүрмін. Маған сән көрсетіп, суретке түскен ұнап жатыр. Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді. Құтқару саласында қызмет істегенді жақсы көремін. Баскетболшы мен модель болып жүргенім – менің хоббиім. Кәсіби салада еңбек еткен дұрыс. Адамдарға көмектесіп, оларға өмір сыйлағым келеді, – дейді Амир.

Амирдің сұқбатқа дайындалғаны көрініп тұр. Сөзі де, ойы да анық. Тиянақты сөйлеуге дағдыланған. Оған анасының да үлесі зор. Амирдің анасы Әлия ханым да дамуында бұзылысы бар балалардың білім алуындағы ерекшелігі туралы айтып берді.

– Ерекше қажеттілігі бар баланың ата-анасы баласын мектепке апару үшін алдын ала дайындау керек. Амирдің мектебін қолдан инклюзив білім беретін мектепке айналдырып жібердік. Алдымен түзету кабинетінде оқыдық. Амирмен бір партада отырып, сабақ оқыдым. Ол кезде тьютор болмаған еді. Мектеп директорымен кездесіп, ұлыммен бірге отыруға рұқсат сұрадым. Басқа балаларға кедергі келтірмес үшін түзету кабинетінде оқып, бой үйреттік. Ұлыма ғана емес, сол сыныптағы барлық балаға көмектестім. Ол жерде мұғалім емес, әлеуметтік тәрбиеші болдым. Алматыдан астанаға қоныс аударғаннан кейін, басқа мектепке қабылдандық. Сол кезде «Ашық әлем» қорымен бірігіп, эксперимент жүзінде мектепке жоба енгіздік. Балаларды жалғыз оқыту жөнінде түрлі жобаға қатыстық. Әртүрлі пікір болды, мол тәжірибе жинадық. Ақырында балаларды бөліп оқытудың қате екенін түсіндік. Бөлінетін мамандардың жетіспеушілігі де қиындық тудырды. Жарты күндік жұмыс үшін өте аз ақша алатын мамандарды жинау қиынға соқты.

Амир сыныптастарымен бір партада отырып оқиды. Биыл 9-сыныпқа көшті. Заман ағымына қарай білім беру саласы да көшілгері. Шешілмеген мәселе көп. Ерекше балалардың диагнозы да әртүрлі болады. Аутист бала мен Даун синдромы бар балаға екітүрлі көмек керек. Маман да соған лайық машықтануы керек. Аутист балаларды оқытатын мұғалімдерге бөлек семинар мен тренингтер жүргізілуі керек. Қазір оған мүмкіндік болмай тұр. Маманның жалақысы да күн тәртібіндегі мәселе. Ерекше баламен жұмыс істеу психологиялық жағынан да, физикалық тұрғыда да өте күрделі. Аз жалақыға ешкім жұмыс істегісі келмейтіні анық.

Кез келген үйірме ерекше балалар үшін өте пайдалы. Сабақтан тыс уақытта ата-аналар қосымша үйірмелерге бергені жақсы. Спорт секциясын айтатын болсам, аутист балалар үшін спорт үйірмелері жоқ. Амир дені сау балалар қатысатын командада ойнайды. Жүзуге де дені сау балалармен бірге барады. Ерекше балаларға арналғанын таппадық. Түрлі үйірмеге қатысу арқылы Амирдің ортасы пайда болды. Әлеуеті көтеріліп, қоғаммен араласа бастады. Баланың қабілетін анықтағаннан кейін, қалаған үйірмеге кедергісіз жаздыруға болады. Мен соны түсіндім. Ата-аналарға айтар кеңесім – балаңыздың жанында ұзақ болып, онымен әңгімелесіңіз, не қалайтынын сұраңыз. Балаңызбен жиі сырласыңыз. Айғай-лап, жекімеңіз, жүйкеңіздің сыр бергенін білдірмеңіз, жәй ғана түсіндіріңіз, – дейді Амирдің анасы.

Дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №46
17 қараша 2020 жыл

4371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор