• ҰЛАН
  • 13 Қазан, 2020

«Алтын» бала Асылбек

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Асылбек Олжабаев «Туймаада» халықаралық олимпиадасының биылғы алтын жүлдегері атанды. Жетістікке жеткен өрендер туралы естігенде, оның ақыл-парасатын, арман-мақсатын да білгіміз келетіні жасырын емес. Замандастары да олар туралы көбірек мәлімет білгісі келеді. Сондықтан Асылбекті жеңісімен құттықтап, сөзге тартып көрген едік.

– Асылбек, алтын медалің құтты болсын! Осы олимпиадаға қатысуың жайлы толығырақ білсек дейміз...

– Құттықтауларыңызға рақмет! Мен бұл олимпиадаға екінші рет қатысып отырмын. Біріншісі 2017 жылы Якутияда дәстүрлі түрде өтті. Кез келген олимпиада – екі күндік есеп шығару ғана емес, сонымен қатар жаңа таныстар арттырып, қызықты экскурсиялар жасау. Туймаада өзінің жайлы атмосферасымен және жылы қабылдауымен ерекше танымал. Әрине, биыл біз Якутияға бара алмадық. Бірақ бәсекелестік тұрғысынан олимпиада мықты өтті. Бірінші жылы қатысқанда медаль ала алмадым, алайда осы жолы лайықты нәтиже көрсете алдым.

– Биыл олимпиада тек қана математика пәнінен болыпты. Оның себебі неде?

– Олимпиада әдетте төрт пән бойынша өтеді. Пандемияға байланысты биыл олимпиада қашықтан өткізілді. Сондықтан физика мен химиядан зертханалық жұмыстар жүргізу мүмкін болмады. Ал математика үшін ешқандай жабдық қажет емес.

– Өзің жайлы көбірек білгіміз келеді. Бұған дейін басқа олимпиадалардан жүлделі болған екенсің. Жетістіктерің туралы айтып берші...

– Олимпиада математикасымен 6-сыныптан бастап айналысамын, яғни олимпиадаға қатысуым 2014 жылдан бастау алады. Осы уақытқа дейін республикалық олимпиадада алтын және 2018 жылы жасөспірімдер Балқан олимпиадасында күміс, биыл Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада күміс медаль алдым.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсу үлкен дайындықты қажет етеді. Өзің мектепке қалай түстің, қалай дайындалдың?

– Иә, қазір біздің мектепке оқуға түсу өте қиын. Мүмкін мен қабылданған кезде бәсекелестік төмен болған шығар, өйткені мен тек бір пән – қазақ тілі пәніне ғана арнайы дайындалғанмын. Ол кезде, меніңше, білім беру орталықтары көп болған жоқ. Қазір НЗМ-ға дайындайтын орталықтар көбейгендіктен, бәсеке де артты. Сондықтан мен тәрбиешімен жұмыс істедім, қарапайым тілдік дағдыларымды жетілдірдім.

– Хоббиің бар ма?

– Қызығушылығым тек рахат әкеліп қана қоймай, сабағыма да көмектесетіні үшін өте бақытты шығармын. Әрине, математика мен олимпиадалар туралы айтып отырмын. Бұрын мен көп нәрсемен айналысатынмын: жүзу, фортепианода ойнау деген секілді. Содан кейін оқу және түрлі емтихандар көп уақытты талап ете бастады. Маған хоббиден бас тартуға тура келді. Бірақ, бақытымызға орай, бұл олимпиадалық математикаға әсер етпеді. Хоббиім есеп шығару десем де болады.

– Өмірде кімді үлгі тұтасың?

– Кумирім – математика пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Хаджимуратов. Олимпиадалардағы жетістігіме көмектескені үшін ғана кумир тұтпаймын. Ол кісі әрқашан адам ретінде жетілуге, өсуге ​​шабыттандырды және мен де сондай күшті адам бола аламын деп сенемін.

– Олимпиадаға дайындықты қалай бастаған жөн? Өзіңнің құпияңды, сабақ оқу режиміңді замандастарыңа айтып берсең...

– Меніңше, ерекше құпия жоқ. Иә, әрқашан белгілі бір жұмыс, дайындық керек. Мен үшін ерекше бақытты екі фактор бар. Біріншіден, маған тәжірибелі және жанашыр мұғаліммен бірге оқу бақыты бұйырды. Екіншіден, біздің мектепте математиктер арасында бәсеке зор. Бұл дамуға, мықты болуға тамаша стимул береді.

– Болашақта кім болғың келеді?

– Болашақта ғалым, математик болғым келетіні таңғаларлық емес шығар. Бұл менің мектепте алған дағдыларымды қолданудың ең жақсы тәсілі болар. Тек математикалық есептерді шығару дағдылары туралы емес, мысалы, аралық сәтсіздіктерге қарамастан мақсатқа жету мүмкіндігі туралы айтып отырмын. Оның үстіне, хоббиді өзіңіздің жұмысыңыз ету – үлкен мәртебе.

– Әдетте Назарбаев мектебінің оқушылары бірнеше тілді меңгеріп шығады. Тіл игеру деңгейің қандай?

– Иә, біздің мектепте үш, төрт және одан да көп тілде сөйлейтін оқушылар жетерлік. Мен солардың бірімін деп айта алмаймын. Ағылшын тілінен TOEFL емтиханында жақсы ұпаймен мақтана алатыныма қарамастан, өкінішке қарай, қазақ тілінен кереметпін деп айта алмаймын. Біздің мектебімізде неміс, француз және корей тілдерін көп бала екінші шет тілі ретінде оқиды. 7-сыныптан бастап неміс тілін үйреніп жүрмін.

– Өмірде, қоғамда қандай өзгеріс болғанын қалайсың? Егер өзгеріс жасауға мүмкіндігің болса, неден бастар едің?

– Білесіз бе, мен ауқатты отбасында дүниеге келгендіктен, әлеуметтік теңсіздіктерге тап болған жоқпын. Бірақ білім алу және денсаулық сақтау ісінде барлық адамның мүмкіндігі теңдей емес екенін жақсы түсінемін. Қазір бұл туралы көпшілік айтып жатыр, бірақ бұл бағыттағы прогресс біз күткендей емес. Бұл мәселені қалай шешер едім? Білмеймін. Менің ойымша, әркім өз жұмысын адал атқарса, бұл мәселе онша өткір болмас еді.

– Математик ретінде Қазақстанның қай бағытта дамығанын қалайсың?

– Қазақстаннан көшіп кететін ел емес, басқа елдердің интеллектуалдық элитасы осында көшіп келуге ұмтылатын ел болғанын қалаймын. Иә, бұл клише. Бірақ, меніңше, көп адамның жүрегінде патриоттық сезім болмағандықтан, өз елінде қанағаттанарлық жұмыс таба алмағандықтан көшіп кетеді. Барлық адам осы елмен бақытын, болашағын байланыстыратын ел болса деймін.

– Отбасында білімге талап қатал ма?

– Жоқ, өте қатал емес. Кез келген қысым ұзақ мерзімді пайда әкелуі мүмкін емес және менің ата-анам мұны түсінеді деп ойлаймын.

– Әңгімең рақмет! Тек биіктен көрін.

Жадыра Нармаханова

«Ұлан» газеті, №41
13 қазан 2020 жыл

350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор