• Featured
  • 17 Тамыз, 2020

Күнді көре аласың ба? (деректі әңгіме)

Ақтөбеден ақын Бауыржан Бабажанұлы хабарласты. «Бір әңгіме жібердім, оқып көрші», – дейді. Бауыржан ағамыздың жастарға қамқор болып жүретінін жақсы білеміз. Студенттерінің бірі шығар деп ойладым. Сөйтсем, өзі де танымайтын, Ақтөбедегі гуманитарлық колледждің студенті Айнұр Әділгерейдің әңгімесі екен. Оқыдық. Деректі шығарма екен. Ұнады. Балаларға да, ата-анаға танымдық әрі жігер беретін дүние екен деп газетімізге жариялауды жөн көрдік.

Ғажайып түс

1866 жыл. Семей облысы. Қарқаралы уезі. Тоқырауын болысының жетінші ауылы. Көктем енді келіп, дала жайнап, ағаштар бүршік ата бастаған кез. Сондай жаймашуақ күндердің бірінде Нұрмұхамед ғажайып бір түс көрді. Түсінде төбесінде күн, қолында жұлдыз жарқырап тұр екен. Ертемен оянған Нұрмұхамед әйелі Бегімнің ошақ басында жүргенін көреді. Нұрмұхамед орнынан тұрып, кең жазира далаға көз тастайды. Таң енді атып келеді екен. Күн ұясынан көтеріліп, шуағы айналаға таралып жатыр. Өте әдемі. Таңғы шәйін ішіп отырып, манағы көрген түсін айтады. Анасы: «Бәрекелді, бұл жақсылықтың нышаны ғой. Қолыңда жұлдыз жарқыраса – перзентің ақылды, білімді бола-ды. Келіншегіңнің аяғы ауыр ғой. Өмірге келетін сәби ақылды әрі парасатты болмақ. Күндей жарқырап, мәртебесі жоғары болмақ» деп болжайды. Бұны естіп Нұрмұхамед мәз-мейрам болады. Осы оқиғадан бір жұмадан кейін сәресі кезінде келіншегі Бегім дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелгені туралы сүйінші хабар тарады. Баланың есімін азан шақырып, Әлихан деп қойды. Әлихан дүниеге келісімен табиғат ерекше жылып, айнала ғажайып түстерге боялды. Әлихан өзінің әулетіне құт-береке мен қуаныш ала келді. Арада біраз уақыт өтті. Бегім ана әр кеш сайын баласын бесікке бөлеп, бесік жырын айтып ұйықтататын. Оның әсем үніне сайын дала да елітіп, тым-тырыс болатын. Бейне бір барлық әлем бесік жырымен ғажайып әлемге сапар шеккендей. Әр кеш сайын шаңырақтан әлди әні естіліп тұратын. Бүгін де шырқалып жатыр: Әлди-әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Байқұтанның құйрығын Жіпке тағып берейін-ай. Әлди-әлди, шырағым, Көлге біткен құрағым. Жапанға біткен терегім, Жаман күнде керегім-ай! Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Таңдайларың тақылдап, Сөйлегенде сөз бермей, Шешен болар ма екенсің-ай? Айналайын, шырағым! Көлге біткен құрағым! Маңдайдағы құндызым, Аспандағы жұлдызым. Әлди, балам, ақ балам! Айналайын, балам-ай! Айналсын сенен анаң-ай! Әлдилеп сені сүйгенде, Атаңның көңілі болар жай-ай!

6 жылдан соң...

Алты жыл уақыт өтті. Бегім ана ас-ауқатты әзірлеп, баласын шақырды. – Әлихан, әу Әлихан! Құлыным, кел, тамақтанып ал, – деді. Тап-тұйнақтай боп киінген, жайдары жүзді бала анасына жүгіріп келді де, жанына отырды. Бұл – Әлихан еді. Жасы алтыда. Бірақ ол сөйлемейді. Айналасын тыныш қана көзбен шолып жүреді. Айналасындағы барлық зат оған өте қызықты, алуан сырлы болып көрінеді. Ол бәрін де қалт жібермей бақылап жүреді. Әрбір құбылыс, бұйым туралы өзіндік түйген ойы бар. Бірақ оны ешкім білмейді. Алысқа көз тастап, «Кең даланың тағы қандай ғажайыбы бар?» дегендей айналасын көзімен шолып жүреді. Әлихан сөйлемегендіктен көбіне өзімен-өзі жүретін. Мед-реседен қайтып келе жатқан балаларға қызыға қарайтын. Ол әкесімен бірге жүргенді ұнатады. Әкесі де, анасы да оқу-білімге жақын, парасатты адамдар. Ол ел көшкенде түйеге мінгенді, әкесімен бірге аңға шыққанды ұнататын. Өзінің де оқуға талпынысы ерекше еді. Кешке үнемі аспандағы жұлдыздарды бақылауды әдетке айналдырған. Аспан денелеріне қызыға қарайтын. Байқағыштығы сондай, жаңадан аспан денелері көрінсе, бірден байқайтын. Аспандағы жұлдыздарға көз тастап, санап, олардың құрылысы туралы, қалай орналасқаны туралы ойланып жатып ұйықтап кеткен күндері де аз емес.

Намыстың күші немесе күтпеген өзгеріс

Әлихан айналасын бақылап жүргенді ұнататын. Бүгін де ауыл ішімен үнсіз ғана серуендеп келе жатыр еді. Бір уақытта ойнап жүрген балалардың төбелесіп жатқанын байқады. Бірнеше бала топтасып бір баланы ұрып жатқан көрінеді. Қазақ балаларының ойын кезінде асыққа таласып, бәрі бір баланы ұрып жатқанына шыдамай, жандарына қалай тез жеткенін өзі де байқамай қалды. Жанары жалын шашып, көзі оттай жанып тұрды. Оны көрген балалар тып-тыныш бола қалды. – Сендер не істеп жатқандарыңды түсініп тұрсыңдар ма? Бұл да өздеріңдей қазақтың баласы ғой. Бәріміздің түбіміз бір – Алаш. Бәріміз бір атадан тарағанбыз. Олай болса, бұл да сендердің бауырларың. Егер біз бір-бірімізді аяқтан шала беретін болсақ, бір-бірімізді ұруға дайын тұрсақ, сонда қазақты кім қорғайды? – деп ересек балалардың бетіне айтып салды. Бәрі аң-таң. Балалар бұндай зілді дауыс пен отты көзді алғаш көрді. Және таңғаларлығы, Әлихан сөйледі. Жәй ғана сөйлеп қойған жоқ, мағынасы терең сөздерімен балалардың қателігін ұғындыра білді. Ең қиын жағдайда ол қаймықпай шындықты айтты. Соққыға жығылған балаға қарап: – Жылама. Жылай берсең, көзіңнің отын өшіріп аласың. Еңсеңді тік ұста! – деді де, кетіп қалды. Бұл оқиға ауыл адамдарына тез тарады. Ауыл адамдары Әлиханның кішкентай болса да, ой-өрісінің зор екеніне таң-тамаша болды.

Жылан да өз бауырын шақпайды

Әлиханмен болған жайтты естіген ата-анасы баласының бұл әрекетіне риза болды. Әлиханның сөйлегеніне қатты қуанды. Әкесі баласының әдемі дауысын көбірек есту үшін оның ойын сұрауды ұнататын. Кешкі уақыт. Мал өрістен келіп, ел енді жайланып, кешкі шәйін ішіп отырған кез еді. Нұрмұхамед дастарқан басында балаларына жаңылтпаш, тақпақ үйретіп, түрлі қисса-ертегілерді айтып отыратын. – Бүгін мен сендерге «Нұх пайғамбардың қиссасын» айтып беремін, – деді Нұрмұхамед. Әкесінің қиссаларын ұнататын Әлихан мен Смахан зейін қойып, тыңдап отыр. – Ертеде жер бетін топан су басқанда Нұх пайғамбар кемесіне тіршілік атаулының әрбір түрінен тек бір жұпты ғана кіргізіп, жолға шыққан екен. Осы кемеде үш түрлі мақұлық жаңадан пайда болған екен дейді. Олар – мысық, тышқан, доңыз. Нұх кемесі тар болғандықтан, аз күннің ішінде тез былғанып, ластана бастайды. Сол кезде Нұх: – Иә, Алла, кеме нәжіске толды. Не істемек керек? – дейді. Сонда Ұлық Алла: – Пілдің арқасын сипа, – дейді. Пілді сипағанда оның ұзын мұрнынан доңыз түседі. Шошқа нәжісті жеп, тап-тұйнақтай қылады. Ібіліс доңызды арбап: – Менің қолым тиген жануар қасиетті болады. Кел, арқаңды сипат, – дейді. Доңыз Ібіліске жонын тосады. Арқасын сипағанда доңыздың танауынан екі тышқан атып шығады. Піл тышқанды көріп, шошып кетеді. Пілдің тышқаннан қорқатыны осыдан екен. Ібілістің қолы тигендіктен, доңыздың еті арам болып саналады. Тышқандар кемені кеміре бастайды. Кемеге су кіріп, жан-жануар әуре-сарсаңға түседі. Нұх: – Иә, Алла, енді не қылдым? – деп жалынады. Ұлық Алла: – Дереу жолбарыстың арқа-сын сипа, – деді. Жолбарысты сипағанда, оның мұрнынан мысық атып түседі. Ол жалма-жан тышқандарды қуалай жө-нелді. Нұх оған риза болып «Мысықжан, жауырының жерге тимесін» деп арқасын сипайды. Нұхтың батасын алғандықтан, мысық құлағанда жон арқасын жерге тигізбей, төрттағандап түседі екен. Тесіктен кемеге сыздықтап су кіре берді. Су түбіне кету қаупі төнді. Сонда жылан: – Тесікті бітесем, ақысына не бересің? – дейді. Нұх: – Қалағаныңды ал! – дейді. – Дүниедегі ең қаны тәтті мақұлықты қорек еткім келеді, – деді. – Дегенің болсын! – деп келіседі. Жылан құйрығымен тесікті бітеп, жатып алады. Жарты денесі суық теңізде ұзақ тұрғандықтан, оның тәні мұздай болыпты. Қиссаны зейін қойып тыңдап отырған Әлихан: – Сонда жылан жиырылып тесікті бекітпесе тіршілік атау-лыдан ешкім қалмайтын ба еді? – деп сауал қойды. Әкесі: – Дұрыс айтасың. Көрдіңдер ме, ең қиын кезде жылан да өз жақынын жұтпайды. Жылан да өз бауырын шақпайды. Сендер де әрдайым бір-біріңе бауырмал болыңдар. Қиын сәтте көмектеріңді аямаңдар, – деп өсиет етіп, қиссаны аяқтайды.

Ой түбінде жатқан сөз

Әлихан өте ерте тұратын. Бәрінен бұрын тұрып, көтеріліп келе жатқан күнге, шексіз ұлан-ғайыр далаға көз тастап тұрып, мынадай ой түйді: «Қазағымның кең жазира даласы қандай әдемі! Жер – Отан. Бұл жер үшін қаншама ата-бабамыздың қаны төгілген. Қанша батырымыз осы жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен. Жеріміздің асты мен үстіндегі барлық игілік қазақ үшін қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың киіміне түйме болып қадалуы тиіс. Осы жерде өндірілген бір уыс жүн әр қазақтың үстіне киім болып киілуі керек. Отанды сату – ұлтты сатумен бірдей. Басыма қандай күн туса да, елім үшін күресуге ант етемін. Мен елім үшін қызмет етуге барымды саламын. Осы ұлан-ғайыр даламызды көркейтуге қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Еліме пайдамды келтіруге бар күш-жігерімді жұмсаймын. Мен сені жақсы көремін, кең далам». «Ерте тұрған еркектің бір ісі артық» деген сөз тегін айтылған емес. Ерте тұрғандықтан бүгін белгіленген барлық жұмыстарды толық әрі тиянақты аяқтады. Түстен кейін әкесі Нұрмұхамед оны медресеге алып барды. Нұрмұхамед баласының оқу-білімге деген құштарлығын аңғарған болатын. Сондықтан ертеңнен бастап Әлихан медресеге оқуға келетін болып келісілді. Әлихан бұл хабарды естігенде жүзі бал-бұл жайнап шыға келді. Әкесіне алғысын айтып, тезірек ертеңгі күнді күтті.

99 түрлі түс

Әлихан бүгін бірінші рет сабаққа барады. Ол медресеге өте ұқыпты дайындалды. Дәріске қажетті құрал-жабдығын мұқият салып алды. Сабаққа барғанда киетін киімі тап-тұйнақтай болуын қадағалады. Таңсәріден тұрып, сабаққа баруға жиналды. Таңғы асын ішіп, құралдарын алып, шығып бара жатқанда анасы ұлына мейірлене қарап тұрып: – Балам, зейінің ашылсын! Ілім алуда мұқият бол! – деп ұлын шығарып салды. Алғашқылардың бірі болып медресеге келді. Ұстазы Зуфар деген кісі екен. Зуфар ұстаз сабақты ақырын, байыппен бастады. Әлихан сабақты мұқият тыңдады. Ұстазының айтып жатқан әрбір сөзінен жүрегіне нұр құйылып жатқандай болды. Сабақтан қайтып келе жатқан ағасын көрген Смахан алдынан жүгіріп шықты. Ағасына жеткен бойда оны құшақтап, медреседе сабақ қалай өткенін сұрады. Әлихан: – Смахан, айтшы, сен қандай түстерді білесің? – деп сұрақ қойды. – Жасыл, қызыл, сұр, ақ, қара, сары, көк, тағы... – деп Смахан түстерді есіне түсіргісі кеп, ойланып қалды. – Сен маған 99 түсті атап бере аласың ба? – деп Әлихан інісіне сауал қойды. – 99 түс дейсің бе? Ол тым көп қой. Оны мен қанша ойлансам да, айта алмайтын шығармын, – деп жауап берді інісі. – Мінеки, көрдің бе, білім үйренуде де солай. Сен білімді үйренбеген кезіңде тек онға жуық түсті білген секілді боласың. Ал білімді үйрене бастағанда 99 түрлі түсті аша түсесің. Әр білімді игерген сайын, жаңа бір түсті ашқан секілді боласың. Ойлашы, сенің қолыңда 99 түс болса, сенің өмірің де түрлі-түске боялып, әдемі бола түспей ме?! Осы сөздерден кейін Смаханның да білімге құштарлығы оянып, жаңа нәрсе үйренуге ықыласы артты.

Жүрегіңді таза ұста

Зуфар ұстаздың бүгінгі сабағы жүрек жайында болмақ. Балалардың бар зейінін аударып, ұстаз сабақты «Жүрек – теңіз, тіл – оның жағалауы» деп баста-ды. Балалар бұл сөздің мәнісін түсінбей абдырап қалды. Сонда ұстаз: – Мысалы, теңіз толқыған кезде, оның ортасынан бастап теңіз бетінде толқын пайда болады. Толқын толқынды қуып-қуып, үлкен боп бірігіп жағаға жетеді де жайылып кетеді. Сол сияқты, жүректе не бар, тілі арқылы жағалауға сол нәрсе шығады. Адам не нәрсе айтса да, ол жүрегінен шығып тұрады. Сендер де жүректеріңде не бар, айналаға сол нәрсені таратасыңдар. Жүрекке ашу-ыза, өкпе-ренішті сақтамаңдар. Әрдайым барлығына кешірімді болыңдар. Жүректерің таза болса ілім алу да жеңіл болады. Жүректерің өкпе-реніш, мұңға толы болса, білім алу да қиындайды, жасаған еңбектерің де жүйесіз болады. Сондықтан, ең бастысы – жүректеріңнің тазалығына өте көп көңіл бөліңдер, – деп сөзін аяқтайды. Бұл сөздер Әлиханды ойға батырды. Ол іштей өзіне «мен әрдайым кешірімшіл болып, жүрегімнің тазалығына жиі мән беремін» деп уәде берді.

Екі рухани негіз

«Ақылды қария – ағып жатқан дария» деп бір ауыл елді дуалы ауызды бір төбе биге билетіп, мәнді ой мен қисынды уәжге тоқтап отыру – қазақтың дәстүрі. Сондай алқалы жиындардың біріне Әлихан да қатысқан еді. Бүгін ақсақалдар кеңесінде «екі рухани негіз» туралы әңгіме қозғалды. Егер сол екі негіз мықты болса, адам да мықты болмақ. Сонда би былай деген болатын:

– Бірінші негіз – еркіндік пен теңдік өте жоғары бағаланатын ортаның болуы. Сіздерге бір оқиғаны айтып берейін: Баяғыда бір жылқы сазбалшыққа түсіп кетіпті. Өзі орнынан қанша қозғалса да, ауыл адамдары қанша әрекеттенсе де, шығара алмапты. Ауыл адамдары енді қандай амал қолдануға болатынын сұрап, ақсақалға келеді. Ақсақал сол жылқының жанынан бір үйір жылқы айдап өтуді бұйырады. Жылқылардың тұяғының дауысына оянып, денесіне әлдебір күш енгендей болып, бір уақытта сазбалшық-тан шыға алмай жатқан жылқы балшықтан шыға жөнеліп, үйірге барып қосылады.

Көрдіңіздер ме, тіпті жылқы үшін ортаның маңы-зы зор. Айналаңызда биікке бағыттайтындар көп болса, шыңға шығасыз. Кері тарта-тындар көп болса, сіз де төмен құлдырайсыз. Сондықтан әр адам өз ортасына зер салуы қажет, – деді. Екінші негіз – халқымыздың бай ауыз әдебиеті мен Абайдың және басқа да ақын-жыраулардың жырларын, өлеңдерін оқуы тиіс. «Адамның көкірегіне Хақтың нұры ұя салған кезде, ол адам не нәрсеге қызықса, не нәрсеге құмар болса, сол нәрсе оның өмірлік серігіне айналады. Ол адам сол істің шебері атанады». Ал сол нұр бізге ұялау үшін, біз өзімізге дейінгі даналардың ойлары мен сөздерін саралап, ақиқатқа жүрек көзімен қарауды үйрену керек.

Әлихан айтылғандардан үнсіз ғана қорытынды шығарып отырды. Доңыз бен аққу «Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты» деп Зуфар ұстаз дәріс бастады. Сонда бір күні доңыз аққуды балтырдан алып:

– Әй, аққу! Сен күн бар дейсің, күн бар дейсің. Сол күнді мен неғып көрмеймін? – дейді.

Сонда аққу:

– Әй, доңыз! Сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан сен аспандағы күнді көре алмайсың! – деп жауап берді.

Шәкірттерім, қарап тұрсақ, доңыздың көзі тек алдындағы нәрсені көреді. Ол жоғарыдағы-ны көре алмайды. Ал аққу биікке самғап, көп жерді көріп, ұшып өтіп, түрлі елдер мен жерлерді, түрлі оқиғаларды, ғаламның сан алуан сырына қанық болып өмір сүреді. Ол биіктегіні көре алады және талпынса, сол биікке жете алады. Сіздерге де айтарым, білім әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер тек алдындағы нәрсені ғана көреді. Не үйретсең, соны ғана қарап, алдына не берсең, соған ғана назар аударады. Олар ол тақырыпты терең зерттемейді. Биік қырларын, түрлі сауалдарын қарастырмайды. Олар тек сол деңгейде қалады. Ал кім ізденіп, биікке көз тастап, алдына берілген дәрістен бөлек, сол дәріс туралы ізденіп, тереңіне үңіліп зерттер болса, ол шыңға шығады. Және оның алдынан түрлі мүмкіндік ашылады.

Білімнің көлемі

Зуфар ұстаздың әр сабағы Әлихан үшін қызықты еді. Бүгін де тағы білімге қатысты дәріс басталды. – Баяғыда Мұса пайғамбар мен Қызыр жолаушылап келе жатыпты. Қызыр – ақылы асқан, өте дана, білімді адам екен. Олар теңіздің жанынан өтіп бара жатты. Осы кезде олардың көз алдында кішкентай бір құс келіп, теңізге тұмсығын батырып су ішті де, қайтадан ұшып кетті. Бұны көргенде Қызыр (а.с.) Мұса пайғамбарға қарап: – Алланың ілімінің жанында біздің білгеніміз жаңағы құстың тұмсығына жұққан судай ғана, – дейді. – Әлемнің ашылмаған сыры, ғаламның құпиясы әлі де көп. Оларды ашу үшін көп ізденіп, білім алудан жалықпау керек. Осы дүниеге келгеннен бастап, кеткенге дейін әрдайым білім іздеу қажет. Әлихан ойланып қалды. Білімнің сондай тереңдігіне таңғалды және мынадай сұрақ қойды: – Сонда ол білімді кез келген адам үйрене ала ма? – Иә, кез келген адам, кез келген уақытта білім үйрене алады. Сен білімге бір бөлігіңді берсең, ол саған ештеңе бермейді. Сен білімге өзіңді толық арнасаң, ол саған кішкентай бөлігін береді. Сондықтан білім алу қажырлы еңбек пен талапты қажет етеді. Болашаққа алғашқы қадам Әлиханның мектеп-интернатта оқитын достары бар еді. Әлихан олармен сөйлескенде, пікір алмасқанда өте білімді екенін аңғаратын. Сондықтан ол да мектепке барып оқуға талпынды. Бұл ойын ата-атасына айтты. Ата-анасы алғашында келіспеді. Бірақ Әлиханның оқуға ынтасын, шынымен білім жолына қызыққанын көріп, «баланың бетін қайтармайық» деп келісімін берді. Кетер алдын-да Әлихан әкесімен бірге ұзақ жүріп, әңгімелесті. Әкесі: – Балам, саған алдағы өмірде жадыңда ұста дегім келетін 3 қағида бар: Мақсатқа жету үшін қарағайға қарсы өсетін бұтақ болу керек. Адам аласы ішінде. Жарысатын ақылды ортаң болмаса, өспейсің, өшесің. Ортаңның жақсылыққа, биікке ұмтылатынына, сауатты болуына көңіл бөл. Ел қамын ойлайтын ер жігіт дүниеге келсе, оны аяғынан шалар екі ит қоса туады. Бірақ шын мықты тасты да тесіп шығады. Сені кері тартып, аяғыңнан шалғысы келетіндер әлі көп кездеседі. Олардың әрбіріне назар аудармай, жолың-ды жалғастыра бер. Олардың сөзі сені қайғыртпасын. Бәрі бірте-бірте оқумен болады, күшпен болмайды. Өзгелерден күшпен емес, біліммен ғана алда боласың. Сен білім-ғылым жолын таңдадың. Сондықтан оның ыстығы мен суығына төзуге дайын бол. Білімге мұқият бол! Бар зейінің оқуда болсын. Шаршама, талма! Ісіңе адал бол! Анасы ұлын шығарып салып жатып: – Қайда жүрсең де аман бол, жарығым, – деді. Аттанар сәтте Әлихан ата-анасына жымиып, былай деді: «Хан баласында халықтың ақысы бар еді. Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» – деді. Қарқаралыға аттанған арба қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке барып тоқтады. Әлихан арбадан түсіп, болашаққа нық сеніммен мектебіне мейірлене қарады.

Автордан:

Қолыңыздағы шығарма сізге және балаңызға пайдалы болды деп үміттенемін. Мұнда Әлихан Бөкейхан атамыздың балалық шағы туралы жазылған. Әлиханның тілі 6 жасында шыққанын оқыған шығарсыз? Сондықтан, егер сіздің де балаңыздың бір талапқа сәйкес келмейтінін байқасаңыз, бала-ңызға көңіліңіз толмаса, осы оқиғаны еске алыңыз. Балаңызға сенім артыңыз!

Әлихан атамыздың өмірі, жасаған ісі бәріміз үшін дамудың моделі болуға лайықты. Біз атамыздың еңбегін ұмытпай, зерттеп, мән-мағынасын ашуға талпынсақ, өте құнды ақпараттарға жолығатынымызға сенемін. Барлық қазына – өз ішімізде. Тек соны байқап, таба алсақ болғаны. Әлихан Бөкейхан – тарих сахнасындағы алып тұлғалардың бірегейі, әлемдік деңгейдегі саясаткер. Оның айтқан ойларының мазмұны әлі күнге дейін маңызын жоймаған. Шығармада Әлихан атамыздың тұлға ретінде қасиеттерінің аз ғана тұсын көруіңіз мүмкін. Бірақ өзіңіз тағы осы тақырып жөнінде ізденсеңіз, көптеген маңызды ақпарат таба алатыныңызға сенемін! Әлихан Бөкейхан – әрбір қазақ үлгі тұтуға тұрарлық тұлға.

Шығарма арқылы, тіпті, тілі кеш шыққан бала болса да, оның болашақта ұлт көсеміне айналғанын көрсеткім келді. Сондықтан әр бала – ерекше тұлға. Тек сенім арта біліңіз. «Сенім – құдіретті күш. Тасты да теседі». Осыны ұмыт-пағайсыздар!

«Ұлан» газеті, №24 16 маусым 2020 жыл

990 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор