• ІТ және инновация
  • 17 Тамыз, 2020

Apple жүлдесіне ие болған Асқар

Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Асқар Әлмұхамет АҚШ-тағы Apple компаниясының жүлдесіне ие болды. Ол қандай жүлде, не үшін берілді? Мұны зияткер оқушының өзінен сұраған едік. – Асқар, жеңісіңмен құттықтаймыз! Сені әлемнің үздік жас өнертапқыштарының бірі деп атай беруімізге бола ма? Apple компаниясы ұйымдастырған инновациялық жобалар байқауында жүлделі болыпсың. Осы жөнінде толығырақ айтып берші. Қандай байқау? Оған қалай қатысып жүрсің? – Құттықтауларыңызға көп рақмет! Десе де өзімді әлемнің үздік жас өнертапқышы деп айта алмаймын. Себебі, меніңше, бағдарлама техникалық жағынан аса қиын емес. Стив Джобс негізін қалаған Apple компаниясы жыл сайын жас өнертапқыштарды ынталандыру мақсатында Shift Student Challenge инновациялық жобалар байқауын өткізеді. Жыл сайын бұл байқаудың қатысушылары АҚШ-та өтетін WWDC конференциясына шақырту алады. Алайда бұл жылы дүниежүзілік пандемияға байланысты конференция онлайн өтті. Байқау туралы толық ақпаратты developer.apple.com сайтынан алуға болады. Қатысу үшін iOS платформада бағдарламалау білуі керек. – Өзің жасаған өнертабысыңның жұмыс істеу процесін, пайдасын толық түсіндіріп берші... – Бұл жобаны екі аптада жасадым. Менің жобам бойынша домбыраны аспапсыз ойнауға болады, яғни мобильді қосымша арқылы домбыра тарта аласың. Осылай әлемнің кез келген түкпірінде домбыраны смартфон арқылы тартып, қазақ өнерін насихаттауға болады. – Apple компаниясының қаржылай грантына ие болады дегенді естідік. Сонда өнертабысыңа қаржылай сыйақы бере ме? – Осы жылы жеңімпаздарға Apple компаниясынан эксклю-зив куртка, магниттер және диплом берілді. – Apple компаниясы Калифорнияға саяхатқа шақырған да болар? Пандемия аяқталған соң сондай мүмкіндік бола ма? – Маған берілген грант АҚШ-тағы Apple инженерлерімен кездесуге мүмкіндік береді. Бірақ бізге әлі нақты ештеңе айтқан жоқ. Бірақ жобаға жауапты менеджер Эстер Хейер «Форбсқа» берген сұқбатында осы жылғы жеңімпаздарды келесі жылға шақыруды жоспарлап отырғанын айтты. – Сен жасаған қосымша домбыра тартуға арналған. Өзің домбыра тарта аласың ба? – Әрине. – Бұған дейін де ІТ саласында жобалар жасаған екенсің. Соларға да кеңінен тоқтала кетейікші... – Бұған дейін жасаған жобаларымның бірі Qulynym мобильді қосымшасы. Онда мектепке дейінгі балалар үшін iOS платформасында қазақша контент жинақталған. Қазір командамызбен сол бағ-дарламаның соңғы нұсқасын толықтырып жатырмыз. – Алдағы мақсатың мен жоспарыңды айтсаң... Мамандық таңдайтын уақытың да келіп қалды. Кім боламын деп отырсың? Қандай оқу орнына тапсырғың келеді? – Мектепте оқуымды жақсы аяқтап, идеяларымды басқа да жобалар арқылы жүзеге асырсам деймін. Болашақта IT саласын таңдап отырмын. Нақты қай университетке баратынымды шешпедім. Бірақ ағам сияқты шетелде оқығым келеді. – Кімді кумир тұтасың? Және ол тұлға сен үшін несімен ерекшеленеді? – Кумирім жоқ. Бірақ мені таңдандыратын көптеген тарихи тұлғалар бар. Олар өз ісіне берілгендігімен, тапқырлығымен, басқаларға көмектесуге дайын тұратын мейірімімен ерекшеленеді. Бұл қасиет әр адамның бойынан табылса деймін. – Білімге деген құштарлығыңды оятқан кім? – Мен үшін туған ағам Абай әрдайым үлгі болды. Ол мені қосымша білім алуға, әрнәрсеге қызығушылық танытуға итермеледі. Ағам қазір Канаданың Торонто университетінде қаржыгер мамандығы бойынша оқиды. Ол да Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген. Ал ІТ саласын таңдауыма түрткі болған әкем. Ол бағдарламалауды үйренуге кеңес берді. Анам болса жобалар туралы оқығанын айтып, түрлі идеялар беріп отырады. Отбасында балаға бағыт беру маңызды деп ойлаймын. Үнемі жақын-дарымның қолдауына ие болып келемін. Асқардың екі жобасы да қазақтың түп-тамырымен тікелей байланысты екен. Бала кезден қазақты ойлаған өрен үлкен өмірге аяқ басқанда да ұлтына жаны ашып, еліне қызмет етеді деп сенеміз! Бала кездегі армандарыңа адал болыңдар, достар!

Жадыра Аймаханқызы

«Ұлан» газеті, №33 18 тамыз 2020 жыл

1427 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор