• ҰЛАН
  • 21 Ақпан, 2020

Жүгері собығының қалдығы суды тазартады

«Әлемді өзгерткен балалар» атты осы жобамыздағы ғажайып кейіпкерлерге қарап отырсақ, бір-бірінің әрекетін, талабы мен еңбегін толықтырып тұратындай көрінеді. Өткен жолы судың құрамында қорғасынның бар-жоғын жылдам әрі жеңіл анықтайтын құрылғы ойлап тапқан Гитанджалимен танысқанбыз. Сол сәтте «Жас ғалым ауызсудың таза немесе лас екенін білумен тоқтап қалмаса екен» деген ой келіп еді. Ішіп отырған суымыздың құрамында қорғасын бар екенін білдік делік, бірақ үйге дейін келіп тұрған судан оңай бас тарта аламыз ба? Кейбір ауызсуға жарымай отырған елдімекен тұрғындары қайтпек? Амалсыз тапқан суын тұтынып отыра бермей ме? Сөйтсек, осы жолы танысатын керемет кейіпкеріміз су тазартудың жолын бірнеше жыл бұрын тауып қойыпты ғой.

Лалита ПРАСИДА (Lalita PRASIDA): – Үндістанның шығысындағы Одиша (Odisha) штатының Даманджоди қаласында туған; – 13 жасында жүгерінің собығы арқылы суды тазартудың арзан әрі экологиялық таза әдісін ойлап тапқан; – Google Science Fair байқауының жеңімпазы, өнертапқыш.

Лалита – саяхаттағанды жақсы көретін зерек қыз. Оған әсіресе өзінің туған елі Үндістандағы ауылдарды аралаған ұнайды. Әр елдімекеннің өзіндік ерекшелігі мен түрлі мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі туралы білуге қызығады. Бір-бірінен өзгешелігі бар орындардың бәріне дерлік тән бір ұқсастықты байқады. Қай ауылға барсын, үйіліп жатқан жүгері собығының қалдығын көрді. «Қоқысқа айналған қалдықтарды кәдеге жаратуға болмас па екен?» деп ойлады. Кезекті бір ауылға келгенде көрініс тағы қайталанғандықтан, фермерден собықтың қоқысқа айналу себебін сұрады. Сонда фермер оған: «Егін жинап болған соң, собықтағы дәнді сыпырып аламыз. Ал одан қалғаны адамға керек емесін өзің де білесің. Ең жаманы мал да жегісі келмейді», – деп жауап беріпті. Содан сапарын әрі қарай жалғастырып келе жатты. Жол бойында күннің көзіне қақталып, аяқасты болып жатқан собық қалдықтарын жинап алды. Ыдыстағы лас суға әлгі жинаған қалдықтарды сала салды. Біраз уақыттан кейін эксперименттің нәтижесін көруге келді, сонда судың мөлдірлене бастағанын аңғарды. Иә, су түсінің айқындалғаны – Лалита болжамының нақтыланғаны еді. Жүгері қалдығының беймәлім қасиеті барын сонда ұқты. Осы оқиғадан кейінгі жайт www.doiteurope.net сайтында «Жүгері алқабындағы қыз» атты шағын мақалада: «Қажетсіз болып қалған жүгерінің собығын лас суға араластырғанда не алдық? Сутазартқыш! Міне, кішкентай өнертапқыш Лалитаның ойына келгені осы еді. Содан соң ол жергілікті фермердің алқабынан собық жинауды бастады, оларды жуып, күннің көзіне кептірді. Ол небәрі 11 жасында маңызды әрі пай-далы бір нәрсе шығаратынын түсінді», – деп жазылды. Лалита 11 жасында-ақ өнертабысын ойша өмірге әкелді. Бірақ маңыздысы бұл емес еді. Егер кейіпкеріміз ісін дәл осы жерден тоқтата салғанда нәтижесін көрмес те еді, жемісін жемес те еді. Тіпті, өнертапқыш атанбас еді. Оның жаңалықты, бір заттың жаңаша, біз білмейтін қасиетін табуы, тануы, анықтауы емес, сол тұстан әрі қарай жүруі, талаптануы, бір орында тұрып қалмауы ғана өнертапқышқа лайық іс, қасиет, әрекет болатын. Жас зерттеуші енді кепкен собық қалдықтарын қолдануға болатын тазарту жүйесін құрастыруға кірісті. Содан соң ас бөлмедегі тәжірибесін мектебіндегі химия зертхана-сында жалғастырды. Бұл жолы суды тазартуға дейін және тазартқаннан кейін бірнеше қайтара сапалы тест жүргізді. Нәтижесінде жүгері қалдықтарының суды 70-80 пайызға дейін тазартатынына көз жеткізді. Жүгері собығының бар құпиясы – оның «сорғыш» (губка) секілді жұмыс істейтінінде. Түрлі деңгейдегі және әртүрлі формадағы біріккен жүгері қалдығы тіпті жанармайды, мұнайды, түрлі-түсті бояғыш заттар мен химиялық токсиндерді жұтып ала алады. Лалита қабат-қабат орналасқан бөтелкелерден тазарту жүйесін құрастырды. Ол тазарту жұмысының қалдықтар формасына тікелей байланысты екенін байқады. Сол себепті ең жоғарыдағы 1-бөтелкеге кептірілген собық қалдықтарын бүтіндей салды. 1-бөтелкедегі су ағып, 2-бөтелкеге құйылды. Онда бірнеше бөлікке бөлінген жүгері қалдығы тарыдай қоқыстар мен зиянды заттарды сорып, сүзіп қалады. 2-бөтелкеден аққан су 3-бөтелкеге құйылып, ондағы майдаланып туралған түйіршікті жүгері қалдықтары арқылы жанармай мен майдан, яки мұнайдан тазартылады. Ағаш діңін күйдіріп, өңдеу арқылы белсендірілген көмір алынады. Оны түрлі мақсатта, әсіресе су жүретін кәріз құбырларын тазартуға қолданады. Төртінші бөтелкедегі сол әдіспен жүгері қалдықтарынан өңделіп алынған белсендірілген көмір жоғарыдан ағып келген су құрамындағы түрлі-түсті бояғыш заттар мен қорғасынды бойына тартып алады. Ал соңғы 5-бөтелкедегі ұнтақталған жүгері қалдықтары судағы органикалық немесе органикалық емес химиялық токсиндерді сүзіп қалып, құмыраға таза суды өткізеді. Америкалық көркем және ғылыми әдебиет жазушысы Кэролайн Полдың «Сен – құдіреттісің» кітабында кейіпкеріміздің жобасы жөнінде жазылыпты. Сонда Лалитаның идеясы суретпен бейнеленген. Австрияның астанасы Венада өткен Tedх шарасында жай ғана пластик бөтелкелерден әзірлеген құрылғысын бірінші үй ішінде, екінші өнеркәсіпте, сонан соң ауыл шаруашылығы мен бау-бақ-шасы бар елді мекендерде қолдануға болатынын айтты. Сондай-ақ жергілікті жердегі тоғандарды да тазартуға таптырмайтын әдіс болмақ. Өнертапқыш жобасын көпшілікке таныстырған осы Венадағы Tedх Talks-та «Дүниежүзілік табиғи ресурстар институтының» 2013 жылғы ақпаратын көрсетті. Онда таза судың тапшылығынан зардап шегіп отырған елдердің картасы қызыл және қою қызыл түспен бейнеленген. Ал дәл сол мәліметтер картасында Қазақстан ауызсу дағдарысының ең жоғары, төтенше жағдай деңгейінде тұр. Лалита Венада сөйлеген сөзін: «Мен әлемдегі барлық адамның таза суға қол жеткізгенін және ешбірінің ауызсу тапшылығынан өлмегенін көргім келеді. Бұл – менің басты тілегім», – деп аяқтады. Ол осы өнертабысымен Калифорнияда өткен Google Science Fair байқауының жеңімпазы атанып, 10 мың АҚШ долла-рына ие болды. Сондай-ақ әйгілі Google компаниясы оның жобасын жүзеге асыруда бір жылдық қолдауға кепілдік берді. Болашақта бүкіл әлем қолдануға болатын, адамзаттың игілігіне жұмсалатын жұмысын жұртшылыққа жария еткенде ол небәрі 14 жаста болды.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №7 18 ақпан 2020 жыл

20905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор