• Әлемді өзгерткен балалар
  • 13 Қаңтар, 2020

Табиғат – ең күшті өнертапқыш

Өміріңізде зағип жанмен кездесіп көрдіңіз бе? Көргенде қандай күй кештіңіз? Жанарыңызбен мынау жарық әлемді көре алатыныңызға қуандыңыз, болмаса он екі мүшеңіздің сау болғаны үшін Құдайға тәуба дедіңіз. Әрі кетсе, жол көрсетіп, яки банкоматтан ақша алып беріп немесе жоғалтқанын, іздегенін табуға көмектестіңіз. Бірақ оған бұдан былай да өзгенің жетектеуінсіз жүруге, бағытын табуға, қалаған жеріне баруға жәрдемдестіңіз бе? Мұндай көмек туралы ойланып көрдіңіз бе өзі?... Біраз білім жинаған, өмір көрген ересек адам емес, 12 жастағы бала болсаңыз ше? Менің кезекті кейіпкерім ойламақ түгілі, ойға алғанын іске асырып, мақсатына қол жеткізген. Ол – осынысымен де әлемді өзгерткен бала.

Бәрі қалай басталды?

Алекс (толық аты-жөні – Alexander Matthew Deans) 1997 жылы 1 мамырда Канаданың Онтарио штатындағы Уинсор (Windsor) қаласында туған. Кішкентай күнінде барлық баладай әр нәрсеге қызығатын. Соның бәрін өзі істеп, байқап көруге тырысты. Әрдайым бірдеңемен айналысып отырады екен. Әкесі оның бала кезін: «Менің шаруаларым шаш-етектен, үнемі бос болмаймын. Бірақ Алекс баламның жұмыстары менен де қауырт көрінетін», – деп еске алған. Ал ол өзінің ғылым жолы туралы: – Әлемде миллиондаған адам жыл сайын зағип болады. Бұл мәселеде бір нәрсе істегім келді. Менің жолым (ғылыми) 12 жасымнан басталды. Бірде көшенің арғы бетіне өту үшін жиекте жалтақтап тұрған әйелді көрдім. Жанына жақындап барғанымда өзінің мүлде көрмей-тінін және кеңістікті өз бетінше бағдарлай алмайтынын жеткізді. Сонда мұның қаншалықты қиын проблема екенін түсіндім. Ойлаңыз-шы, ол жол жиегінде күн сайын осылай әлдекімді тосып тұрады. Бұл шын мәнінде қаншама миллион адам күнделікті кезігетін қиындық қой, – дейді. Дәл осындай сәтте, менің пайымдауымша, адамдар екіге бөлінеді. Бір тобы мәселені көріп, түсініп, жанымен сезінеді, бірақ бір күрсініп қоюмен шектеледі. Әріге бармайды. Ал екінші топ проблеманы шешудің жолын іздейді. Шамасы келгенше айналысады. Кезекті кейіпкерім осы қос топтың соңғысына жататынын дәлелдегендей. Өйткені ол әлгі әйелдің әңгімесінен кейін үйіне тұра жүгірді. Сондағысы, көзі көрмей қалған жандарға арнап цифрлы құрылғы ойлап тапқысы келді. Бірақ қалай екенін өзі де білмейді. Тәуекел ме? Тәуекел. Зағип әйелдің қиындығын жүрегімен сезінген Алекс не істеп жатқанын білмесе де, осы оқиғадан кейін сатып алған робототехника құралдарын әрі-бері шұқылай берді. Бірнеше мәрте өзінің әрекетінен түк шықпайтынын, сәтсіздіктерге кезіккенін көрсе де берілмеді. Тек көзі көрмейтіндерге көмектескісі келетінін ғана білген ол: – Менде сол сәттерде қалауымды жүзеге асыратын нақты идея болған жоқ. Кей кезде тіпті ветеринар болғым келіп кететін. Бірақ зағип әйелді кездестіргеннен кейін аңсарым адамдарға көмектесу, инновация екенін ұғындым және өмірде нені қалайтынымды түсіндім, – деп болашақтағы бағдарын айқындағанын айтты.

АЛЕКС ДИНС (Alex Deans): – 12 жасында зағиптарға навигатор-аппарат ойлап тапқан өнертапқыш; – 160 мың жас қатысқан жыл сайынғы We Day алаңының спикері; – Канадада өткен Бүкіләлемдік ғылыми жәрмеңкенің жеңімпазы.

Кері процестің пайдасы

Алекс құрастырғыштармен ғана шектеліп қалмай, онлайн бағдарламалауды үйренуге бел байлады. Байқасақ, ол алдымен өзі қалаған іспен айналысып көрді, шұғылданды. Өзі не шығатынын білмесе де әрекеттенді. Бірақ оған білім жетіспеді. Сондықтан іздену керектігін түсінді. Негізі оның көп адамнан тағы бір ерекшелігін айқын аңғаруға болады. Біз әдетте алдымен теориялық тұрғыда оқып, түсінеміз. Сонан кейін барып білімімізді іс жүзінде қолдану мақсатымен тәжірибе жинауға барамыз. Ал бұл кейіпкеріміз бірінші практикаға, сонан соң ғана теорияға барып тұр. Мұның маңызы – шындығында орасан зор. Жетістікке жетудің негізгі сатысы деуге болар. Проблеманы алдымен көресің, кейін оның шешу жолында білім жинайсың. Нақты, мақсатты білім. «Бұл процестің қандай маңызы бар?» деген сұрақ өздігінен туар. Өйткені көп адам практикадан бастап, күнделікті өміріміздегі қиындықтарды жеңу жолында ізденуді мақсат етпегендіктен, 4-5 жылдап жиған білімінің қайда қалғанын, қалай қолданарын, кімге керегін білмейді. Сонымен, біздегі қатып қалған процесті кері қолданған кейіпкеріміз онлайн бағдарламалауды үйренгені арқа-сында 3 жылдан аса уақыт табан аудармай айналысып, iAid деп аталатын құрылғыны іске қосты. 3 жыл! Бір аппаратты ойлап табуға осынша уақыт ізденді, ілім жинады. 3 жылда колледждің бір мамандығын тауысуға болады. Бірақ бір түйткілдің түйінін тарқатуға жететін білім ала аласың ба? Бұдан да бұрын бір проблеманы шешумен сол оқуға түскеннен бітіргенше айналысуға барсың ба? Күш-жігерің жете ме? Әсілі, көп нәрсе табандылыққа келіп тірелетіндей. [caption id="attachment_32764" align="alignnone" width="800"] Ұлыбритания ханшайымы ІІ Элизабетаның қоры 20 жасар Алекске өнертабысы үшін награда берді.[/caption] Өнертапқыш «Іmpakter.com» сайтының тілшісі Клэр Леуниссенге берген сұқбатында құрылғының қалай жұмыс істейтінін баяндаған. – іAid – зағип немесе көзі нашар көретін адамдарға кеңістікті сканерлеу арқылы бағдар беретін құрылғы, төрт сезімтал элементтен тұратын белдікке орнатылған жиынтық аппарат. Сіздің телефоныңыз, гугл картаңыз бен блютуз арқылы түрлі ақпарат жинайды. Сол мәліметтер қолыңызға кері байланысты қамтамасыз ететін аппаратқа беріледі. Қолданушы беліне белдік секілді байланған құрылғыдағы кішкентай джойстикті (компьютер ойындарында қолданылатын манипулятор) ұстаса, джойстик автоматты түрде қажетті бағытқа бұрылады. Ашық кеңістікте джойстик сіздің тым алыста екеніңізден де хабар береді. Құдды әлдекім сіздің қолыңыздан ұстап алып, көшеде ертіп жүргендей бола-ды, – дейді Алекс. Соңғы сөйлемін қайталап оқыңызшы. «Құдды әлдекім сіздің қолыңыздан ұстап алып, көшеде ертіп жүргендей болады». Оның қалауы осы еді ғой. Сұқбат алушы әрі қарай жас ғалымнан сканерлеудің қалай жұмыс істейтінін, батареясының күші қанша уақытқа жететінін және бағдарламалаудың қай тілде (мәлімет жазатынын) ақпарат беретінін сұрайды. Сонда құрылғы авторы: – Біріншіден, табиғат деген ғажап нәрсе. Осы еңбегімді әбден жөнге келтіру үшін табиғатта көп уақыт өткіздім. Велосипедті қайта құрастырудың қажеті не? Мен бір телешоудан (жұрттың телешоуы – телешоу, біздікін «сайқымазақтар мен жұлдыздар» жайлаған, кешіріңіз – А.Ш.) жарғанаттың кеңістікті бағдарлауға эхолокацияны (жаңғырық, жаңғырықтама) қалай қолданатынын көрдім. Осыдан соң бұл жарғанатқа жұмыс істесе, онда адамға да жұмыс істейді деген ойға келдім. Бізге бар болғаны оның қалай қолданылатынын үйрену керек. Сөйтіп осы концепцияны қолданып, жарғанаттың табиғи қабілетін қайталайтын машина (автомат, аппарат) жасадым. Құрылғы түрлі мақсатта ультрадыбыстар мен инфрақызыл толқындарды қатар қабылдайды. Сканерлеу өте жылдам жүреді. Құрылғы миллисекундта жұмыс істейді, сондықтан ақпарат бірден джойстикке жетеді. Аппарат сондай-ақ әртүрлі бағдарлама мен платформаны, сіздің смартфондағыдай микробақылауларды қолданады. Сондықтан құрылғы C++ және Java сияқты тілдік бағдарлама-лармен жұмыс істейді, себебі онда комбинаттауға арналған түрлі компонент бар. Қазір құрылғының батареясы шамамен 7 сағатқа жетеді, бірақ мен 11 сағатқа дейін жұмыс істейді деп үміттенемін, – дейді 2 жыл-дай бұрын берген сұқбатында. Алекс бүгінде құрылғыны одан әрі жақсартуға жұмыс істеп жүр.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап»

Алекстің ата-анасы – дәрігер, техника мен технологияны немесе бағдарламалауды түсінбейді деп олардан еш көмек сұрамаған. Десе де көз дәрігері болып жұмыс істейтін әкесімен ақылдасуға да болушы еді, бірақ ол өзі тырмысты. Әлбетте, кейіпкеріміздің айтуынша, медициналық жағын онша ұғынбайтындықтан кеңес алып тұрған, бірақ технология төңірегінде ақылдаспағаны анық. Мектепте де барлығымен өзінің мақсаты, қалауы, айналысып жүрген тірлігі туралы тілдескенімен, кеңес құрар лайықты адам таппа-ған көрінеді. Сол себепті ол көп уақытын интернет ақтаруға жұмсапты. Ақиқатында Алекс Оңтүстік Африка, Аргентина мен Англиядағы өнертапқыштармен көп сөйлескен. Содан да болар, кейіпкеріміз сол шетелдіктердің өзіне тәлімгер болғанын айтады. Өйткені олар шашыраған ойын жинақтауға, процесті түсінуге, алдағы жоспарларын жүзеге асыруға жәрдемдесті. Адам қаласа кез келген жанды, тіпті жансыз дүниені өзіне ұстаз тұта алады екен-ау. «Ғылымның ең керемет бөлігі – адамдардың өмірін жақсартуға қолданылатыны» деген Алекс ғалымдар мен өнертапқыштардың бұрын біз ойлайтындай, жабық әлемде қоғамнан тыс өмір сүрмейтінін, олардың да жан-жақты бола алатынын дәлелдеп жүргендей. Өйткені ол – өзінің басынан өткізген ғылыми жолын және білгенін бөлісетін түрлі ашық алаңдардың тұрақты спикері. Үлкен стадион сахнасында Жалпыұлттық We Day жобасымен 160 мыңнан аса тыңдарманға шығармашылықтың маңызы туралы ойын жеткізді. Америка штаттарының ұйымы кейіпкеріміздің құрылғысын денсаулық сақтау, энергетика және медицина саласына арналған әлемдегі ең үздік 50 жұмыстың қатарына енгізген. Кішкентай планеталар орталығы (Minor Planet Center – 70 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ғылыми институт) iAid өнертабысы қойылған Онтарио ғылыми орталығындағы MIT-дің (атақты Массачусетс технология институты) Lincoln лабораториясын Алекстің атымен атапты. Осы өнертабысы мен ғылым жолы кейіпкерімізге біраз бедел жинап, ықпалды тұлғалармен кездесуіне және сыйақысы бар жүлделерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Алекс сондай-ақ өз ортасында сезімтал суретші ретінде де танымал. Ауғанстандық қыздың портретін («Ауған қызы» – 1985 жылдың маусымында National Geographic журналының мұқабасына шыққан Шәрбат Гуланың фотографиялық портреті) фотосуреттен айнытпай салғаны үлкен резонанс тудырған. Ал «Маклин» журналы оны 25 жасқа дейінгілер арасындағы Канаданың болашақ көшбасшысы деп таныды. P.S. Біз ше? Болашақ көшбасшыларымызды бүгіннен біліп жүрміз бе?.. P.S.S. Сөз соңында кейіпкеріміздің небәрі 23 жасқа жетпей көңілге түйген ойларын тізе кеткіміз келеді: – Табиғат – сондай күшті өнертапқыш. Мен осы өнертабысымды табиғатқа еліктеп істеуге тырыстым. – Кері реакцияны (нәтиже) көру жай ғана керемет нәрсе болды. Құрылғыны қолданған адамдардың қуанғанына куә болу осы іспен бұдан әрі қарай да айналысуға шабыт береді. – Бәрінен бұрын (жұмыстағы сәтсіздіктерді айтып тұрған болуы керек) маған жағымсыз сезімдермен күресу қиын болды. Кейбір адамдар ойлағанымды іске асыруға ақылымның жетпейтінін айтқан. Мен кез келген көзқарасты қабылдадым, сонан соң бәрін өзгерте алдым. Соңында бұл менің ғылыми жағынан ғана емес, адами тұрғыдан да мықты бола түсуіме көмектесті.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №2 14 қаңтар 2020 жыл

20847 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор