• Әуез
  • 31 Қазан, 2019

Димаштың енді «иісі» де бар

Əлемдегі танымал адамдардың атымен шығатын бренд тауарлар болады. Кейбір музыкалық топтардың, кинофильмдердің жейделері, бас киімдері фанаттарының арасында жоғары сұранысқа ие. Бұл үрдістен біздің еліміздің жұлдыздары да қалыс қалып жүрген жоқ. Ғажап үнімен əлемнің əр түкпірінен тыңдарман тапқан Димаш Құдайберген де жеке брендін қалыптастырып үлгерді. Алғашқы қадамды шəйдан бастаса, енді міне, DQ белгісімен иіссу нарыққа шықты. Димаштың парфюмі жайлы əкесі əрі продюсері Қанат Айтбаев пен өнердегі ағасы Сəкен Майғазиев айтып берді. Қанат АЙТБАЕВ: – Иіссу жөнінде Дəулет дейтін досымызбен бірлесе отырып, біраз ойды талқыға салып, ақыры осы бір қазақстандық брендті қалыптастырсақ деген шешімге келдік. Бірқатар компаниямен байланысып, көп ізденістің нəтижесінде осы күнге жетіп отырмыз. DQ – ерлер мен əйелдерге арналған иіссу. Авторы – француз азаматы. Халыққа ұнайды деп ойлаймыз. – Димаштың алдағы жоспары жөнінде не дейсіз? Нью-Йорктегі концертке дайындық қалай болып жатыр? – Халықаралық деңгейде Димаштың көптеген концерті жоспарланған. 29 қарашада Ресейдің мəдени астанасы Санкт-Петербург қаласында концерті өтеді. 10 желтоқсанда Нью-Йоркте стадионда концерт береді. Соған дайындық жүріп жатыр. Концертке қатысатын адам көп, олардың бəрінің басын біріктіру керек. Халықаралық команда жұмыс істеп жатыр. Нью-Йорктегі концертті ұйымдастырып жатқан – «Қазақ əуендері» корпорациясы, Мəдениет министрлігі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой, қазақ елінің атынан бара жатқаннан кейін көптеп көңіл бөліп, барынша дайындалып жатырмыз. Сəкен МАЙҒАЗИЕВ: – Біріншіден, мен Димаштың жанкүйерімін, тілекшісімін. Ағасымын, əкесімін деп айтсам да қателеспейтін шығармын. Қанат пен Света досымыз болған соң, отбасымызбен араласамыз. Димашты кішкентай кезінен көріп өскеннен кейін, əр қадамына қуанып жүремін. Дұғама қосып, тіл-көзден сақтаса екен деп тілеп жүремін. Енді бір қызық айтайын. Өзімнің тұтынатын иіссуым бар еді. Оның иісі маған ғана емес, айналамдағылардың бəріне ұнайтын. Атын айтып жарнама жасамай-ақ қояйын, бір жылдың көлемінде өндірістен шығып қалды. Бірде жұмыс барысымен Əзербайжанның астанасы Бакуге жол түсті. Бакуде сол фирманың дүкеніне кірсем, тоғыз данасы ғана қалыпты. Түгел сатып алдым. Басқа еш жерден таба алмадым. Инстаграм желісінен достарымның Парижде жүргенін көріп қалсам, дереу хабарласып, сол иіссуға тапсырыс беріп те көрдім. «Қазір ол иіссу шықпайды екен» деп, ешқайсысы əкеп бере алмады. Сөйтіп жүргенде Димашқа сол өндірістен шығып қалған иіспен əтір шығаруға ұсыныс жасадым. Бұл француз парфюмерге де ұнады. Əрине, тура сондай етіп шығаруға болмайды. Сондықтан соған ұқсас, бірақ басқа бір керемет иіс шығарды. Парфюмер маған иістің елу түрін əкелді де, елудің ішінен ондық, ондықтан бестік, бестіктен үштік шығаруды өтінді. Үштіктің ішінен біреуіне тоқталдым. Жаттығу залында жүргенмін. Бассейнге түсіп, шығып иіскеймін, кофе иіскеп алып қайтадан иіскеймін, сөйтіп екі сағаттың ішінде бір иісті таңдадым. Енді ең ғажабын айтайын. Франциядан, Түркиядан келген парфюмерлер Қанат пен Светаға барып, əлгі елу иісті ұсынғанда олар да тура мен таңдаған иісті таңдаған екен. Бұл керемет ұқсастық, сəйкестік бізді қатты қуантты. Сондықтан иіссу қыздарға да, ұлдарға да ұнайды деп ойлаймыз. Қыздардікін Света ханым таңдады, жігіттердікін біз таңдадық. Сүйікті парфюмім қолданыстан шығып қалды дедім ғой, енді Димаштың иіссуын қолданамын. Бағасы қолжетімді. Отандық өнім болғаннан кейін өзімізде арзандау болады. Ал əлемдегі бағасына араласа алмаймыз. Қазір иіссу саудаға шықты. Күні кеше ғана Француз сауда үйіне барып, өзіме жəне жұбайыма алдым. Қанат АЙТБАЕВ: – Танымал адамдардың атымен халық тұтынатын əртүрлі өнім шығару əлемдік практикада бар. Өнер адамдарының, шоу-бизнес өкілдерінің өз аттарымен парфюм, тағы басқа заттар шығаруы бізге дейін де болған, бола да береді. Меніңше, парфюм де – шығармашылық бағыттың бір тармағы. Ол да үлкен шығармашылық ізденісті талап етеді. Сондықтан да иіссу шығарсақ деген ойға тоқтадық. – Шəйдің жағдайы қалай? Димаштың жанкүйерлері дүкен сөрелерінен таппаймыз деп жүр... – Ол да жақсы, жаман емес. Дүкендерде бар, іздеген адам табады. – Димаштың соңғы түсірген клипіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Бұл жөнінде не айтасыз? – Енді əркім өзінің пікірін айтуға құқылы. Бір адамдар оң қабылдайды, енді біреулер дұрыс қабылдамауы мүмкін. Мұның бəрі өнерде болатын, кездесетін заңдылық. Алдағы уақытта басым көпшілікке ұнайтын клиптер түсіріледі. Ал сіз айтып отырған клиптің айтар ойы бірнеше рет қараған адамға түсініктірек болады деген ойдамыз. – Димаштың атына түрлі пікір де, мақтау да айтылып жатады. Димаш үнемі үнсіз қалады. Үнемі сіз жауап бересіз. Бұл Димаштың таңдап алған тактикасы ма? – Мен қашан пікір білдірдім? (күліп) Димаш айтылған пікірлерден өзіне керегін алады. Айтылған сын оң, сауатты, дұрыс болып жатса, оның барлығын зерделеп қарайды, саралайды. Өзіне қажеттісін алады. Қажет емесін айналып өтеді.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН, «Ұланның» жас тілшісі, ХАТУ журналистика факультетінің 1-курс студенті.

Ұлан» газеті, №44 29 қазан 2019 жыл

143896 рет

көрсетілді

47127

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор