• ІТ және инновация
  • 12 Тамыз, 2019

Қазақстандық оқушылар Googlе-дың штаб-пәтеріне барып қайтты

2018 жылдың күзінде Google science fair жарысының басталғаны жарияланған болатын. Байқау жас ғалымдарға арналған. Қызығушылығы мен тапқырлығын өздерін мазалайтын мəселені шешуге бағыттауға шақырады. Биыл байқауға əлемнің түкпір-түкпірінен мыңнан астам оқушы қатысып, соның ішінен 14 елден 24 финалисті таңдаған. Өткен аптада оларды АҚШ-тағы Googlе компаниясының штаб-пəтеріне шақырып, финалистердің ішінен жеңімпаздарды анықтады. Экология, денсаулық сақтау, қауіпсіздік жəне қоршаған орта мəселелерін шешуге бағытталған жобалар финалға шықты. Бірінен бірі асып түспесе кем түспейтін мықтылар арасынан қазылар алқасы үздіктерді таңдады. Қазылар алқасы құрамында Lego Education, Scientifi c American, Virgin Galactic жəне National Geographiс сияқты əлемдік ұйымдардың өкілдері болды. Бағы мен бабы қатар шауып бас жүлде иеленген – Фионн Феррейра. Ирландиялық. Өнертабысы: ферромагниттік сұйықтықтың көмегімен судан микропластикалық бөлшектерді шығару. Ал Қазақстанның атынан барған қыздар осы əлемдік жарысқа қатысып, финалға дейін жеткен. Бас жүлде алмаса да, дүниежүзілік жарыста мыңнан астам оқушының ішінен суырылып шығып, финалға жетудің өзі жетістік екені даусыз. Бүкілəлемдік бəйгеде жарысқа Қазақстанның атынан қатысқан – Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары Дана Ерланова мен Ділназ Камалова. Қазақстаннан Дана мен Ділназ ғана қатысқанын айрықша атап өткен жөн. Біз қыздармен Google science fair жарысы, қорғаған жобалары мен алған əсерлері жайлы сұқбаттасқан едік.

«Жеті рет құлап, соңында нәтиже көрсеттік»

– Google science fair жарысына қатысып, финалға дейін жеттіңіздер. Жарайсыздар! Жарысқа Sequence жобасын ұсыныпсыздар. Кімнің идеясы? Денсаулық сақтау саласын таңдауға не түрткі болды? Құрылғы кімдерге арналған? – Sequence қазақ тіліне аударғанда «жүйелілік» деген мағынаны білдіреді. Созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға дəрі-дəрмегін дұрыс ішуді қамтамасыз етуге арналған құрал. Екеуміздің ортақ идеямыз. Менің əжем науқас адам. Оған дəрісін уақытымен ішу керек болды. Үлкен кісілер түгілі, кейде өзіміз де дəрі-дəрмекті уақтылы қабылдау керектігін ұмытып кетеміз. Сондықтан Ділназ екеуміз осы смарт дəрі қабылдағышты жасағымыз келді. Науқастың міндеті тек дəрі ішу болды, ал қалғанын құрылғы өзі жасайды. Алдымен сигнал береді, сосын дəріні қабылдағаннан кейін қараушысына «қабылдады» немесе «қабылдамады» деп хабарлама жібереді. Қабылдамаған жағдайда науқасқа қараушысы дəрі ішу керектігін айтады. Бұл құрылғы ересектерге ғана емес, балаларға да қолайлы. Екі түрлі етіп жасадық. Біріншісі қорап сияқты модель, ол ашылып-жабылады. Екіншісі – дөңгелек сияқты модель. Бұл саяхат кезінде, күнделікті алып жүргенге қолайлы түрі. – Жоба жасау барысында қандай кедергілер болды? – Жоба жасау кезінде бірнеше кедергі болды. Біріншісі – сенсорлардың, датчиктердің Қазақстанда болмауы. Сондай-ақ, кейде бюджетіміздің жеткіліксіз болғанын да атап өткім келеді. Құрылғыны мектептің зертханасында дамытқанбыз. Ал зертханада тек қарапайым заттар ғана болды да, бізге керекті басқа жабдықтар болмады. Алғашқы инвестициядан кейін қажетті құрылғыларды шетелден алдырттық. Бүкіл ақшамызды осы құрылғыны дамытуға жұмсадық. Екінші кедергі – сабағымыз. Жоба жасаумен қатар сабақты да оқыдық. Тапсырмаларды орындадық, басқа да жарыстарға дайындалдық. Сондай-ақ, арасында емтихандар тапсырдық. Осындай кедергілер болды. Əйтпесе бұдан да жақсырақ істеуге болатын еді деп ойлаймын. Ал үшінші кедергі – біліміміздің таяздығы болды. Жобаны құрастырып, инженерлік тұрғыдан дамыту қиындық туғызды. Жоба жасау кезінде көп нəрсені жаңадан үйрендік. Қалай презентация жасау керек, инвестицияларды алу үшін қалай айтып беру керек, қандай заттарды дамыту керек екенін үйрендік. Жаңа бастаған кезде көп қателік болды. Дегенмен, уақыт өте келе тəжірибе жинап, бəрін үйрендік. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, жеті рет құлап, соңында мықты нəтиже көрсеттік. – Жобаның медицина саласына өте қажет екені даусыз. Əрі қарай дамыту үшін қандай да бір коммерциялық ұсыныстар түсті ме? – Жобаны дамыту барысында мұны қолданысқа енгізгіміз келді. Сондықтан Астана (Нұр-Сұлтан) мен Алматыдағы əртүрлі инкубаторларға бердік. Инвесторлармен де сөйлестік. Əрине, хакатондарға қатысқан жақсы. Бірінші орын алдық. Алайда одан кейін ауқымды инвестицияны көре қоймадық. Əлі оқушы болған соң кей кезде біліміміз жетпейді, қалай нарыққа шығару керек екенін білмейміз. Сондықтан хакатондарға қатыстық. Коммерциялық ұсыныстар əлі түскен жоқ. Болашақта болады деген үміттеміз. Қаншама жетістіктен кейін құрылғымыз қолданысқа енеді деген ойдамыз. Қазір біз ЮНИСЕФ-пен бірге істеп жатырмыз. Бағыты əлеуметтік болғаннан кейін олар құрылғымыздың дамуына көмектесіп жатыр. Жобаны еліміздің ауруханаларында тестілеуден өткізіп, қолданысқа енгізсек деген ойымыз бар. – Ал жарысқа қалай тап болдыңыздар? – Басында бұл жарыс жайлы мүлдем білген жоқпыз. Себебі жарыстың сайты да, сайттың ішіндегі ақпараттар да ағылшын тілінде. Сондықтан да елімізде бұл жарыс жайлы ешкім ештеңе білмейтін. Ал біздің осы жарысқа аңсарымыз ауды. Ең алдымен тамыздың соңынан бастап Аrduino үйрене бастадық. Содан кейін өзара ақылдаса келе Sequence идеясына тоқталдық. Осы идеяны дамыта келе прототипін жасадық, яғни Android қосымшасын жасадық. Android-қа мобильді қосымша жасап, Sequence ақылды дəрі қабылдағыш екеуін жасағаннан кейін Microsoft Hackathon-ға жібергенбіз. Сол жерде жеңімпаз атанып, 500 доллар көлемінде инвестиция алдық. Сол ақшаны жобаны жақсартып, дамытуға жұмсадық. Одан кейін өзге де хакатондарға қатысып, жүлделі орындар алдық. Сөйтіп жүргенде бір досымнан осы Google science fair жарысы жайлы ақпаратты көріп қалдым. Сосын осы жарысқа қатысуды құрбыма ұсындым. Жарысқа қатысу үшін онлайн өтініш толтырдық. Ең алдымен аймақтық финалист атандық. Одан кейін əлемдік финалист болып, дүниежүзілік жобалар арасында үздік 20 жобаның тізіміне кірдік. Содан кейін Сан-Франциско қаласындағы бүкілəлемдік финалға қатысып, қазылар алқасының алдында жобамызды қорғадық. – Google science fair деген қандай жарыс? Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіздер... – Google science fair дегеніміз – ғылыми мақсаттағы жобалардың жарысы. Онда 13 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар бақ сынай алады. Ғылыми мақсатта, биология, физика, химия бағытындағы жобалар болуы керек. Жобаның негізгі мақсаты – əлемді жақсарту, ғылымға қандай да бір үлес қосу, адамдардың өмірін оңайлату, қандай да бір жаңалық ашу. Жарыстың негізгі ұйымдастырушысы – Google компаниясы. Онымен қоса Google компаниясының 4 серіктесі бар: Virgin Galactic, Scientifi c American, Lego, National Geographic. Соған орай жеңімпаздарды марапаттауда 4 номинация бар. Олар: Virgin Galactic Pioneer, Scientifi c American Innovator, National Geographic Explorer, Lego Education Builder. Бас жүлде – Google компаниясынан 50 мың АҚШ доллары. Бұл соманы оқушылар көбінесе оқуға жұмсайды. Ал оқуға грантқа түскен жағдайда онда сол студент үшін стипендия болады. Жарыстың негізгі мақсаты – оқушыларды өмірде кездесетін əртүрлі проблеманың шешімін ғылымның көмегімен табуға бейімдеу. Ғылымның осындай керемет құрал екенін көрсетіп, балаларды ғылымға қызықтыру.

«Байқаудан кейін ғылымға көзқарасымыз өзгерді»

– Байқауға қатысудан қандай əсер алдыңыздар? Ділназ: Google science fair жарысына қатысу біз үшін əрдайым өмір жолымыздағы үлкен жетістігіміз болып қалады. Онлайн өтініш толтырып жобамызды ұсынғанда қазылар алқасынан мұндай жағымды пікір естиміз деп күтпедік. Олардың біздің жобамызға қызығушылық танытып, таңғалғанын көру əрі болашақта да оның дамуына тілектестігін білдіруі сондай жағымды болды. Одан бөлек əлемнің түкпір-түкпірінен келген көптеген талантты баламен таныстық. Олармен достасып, əрбіріміз өз еліміз бен мəдениетіміз жайлы шабытпен əңгімеледік. Сондай-ақ Калифорниядағы Google компаниясының штаб пəтерін көрдік. Бұл екеуміздің ортақ арманымыз болатын. Арманымыз орындалды! Бұл біздің жұмысқа құлшынысымызды арттырып, керемет мотивация берді. Дана: Байқауға қатысқаннан кейін өте керемет əсер алып, ғылымға көзқарасымыз өзгерді. Біріншіден, басқа финалистермен танысып, олардың жобаларын көргенде таңғалдық. Google science fair-де инновациялық жобалар болды. Бұл жарыста бас жүлдені жеңіп алған жоба – микропластикадан магнит арқылы тазарту, яғни микропластикадан магнит жасау. Адам сенгісіз нəрсе. Алайда оқушылар химиялық заттарды зерттеп жасаған. Мұны көріп қалай жасады, не үшін жасады деп қызыға бастайсың. Себебі əлем өте үлкен апат алдында тұр. Сол апатты өзің шеше алатыныңа көз жеткізесің. Екіншіден, жарысқа Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия, Сингапур сияқты 14 елден 24 финалист келген. Кім қалай өмір сүріп жатқанын айтып, финалистер өздерінің өмір салтымен бөлісті. Əркімнің өмірі əртүрлі. Жан-жақтан келген адамдармен араласқан соң өзіңді əлем адамы сияқты сезінесің. Оларға басқа көзқараспен қарай бастайсың. Əлемде бір адам емес, көп адам бар екенін сезінесің. Мəдениетке де көзқарасың өзгере бастайды. Үшіншіден, байқауға қатысу арқылы барлығына жетуге болады деген ой түйдім. Қандай да бір арманың болса, оның орындалатынына сендім. Мен 10-сыныпта Сан-Францискоға оқуға түсуді, сол қалаға барып Google компаниясының кеңсесін көруді армандадым. Бұл менің үлкен арманым болатын. Арада бір жарым жыл өткен соң Сан-Францискоға бардым, Google-дің офисін көзбен көрдім, жарысқа қатыстым. Бəрі де өзіңнің қолыңда жəне барлығын жасау мүмкін екеніне көз жеткіздім. – Сіздер тақия сыйлаған адам кім? Ол жобаларыңыз жайлы не деді? Ділназ: Ол кісінің аты-жөні – Винтон Грей Серф. Ол АҚШ инженерлік академиясының мүшесі, америкалық ғалым. Батыс медиасында оны «интернеттің атасы» деп атайды. Ол біздің жобаны мақтап, инженерлік тұрғыдан жасалған жұмысты жоғары бағалады. Одан бөлек жобамыздың болашақта нарыққа шығуын тіледі. Жасап отырған ісімізді дамыта беру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, еңбекқорлығымызды жоғалтпауымыз керектігін атап өтті. Винтон Серф Қазақстан туралы көп білмейтін кісі. Бірақ мен тақия сыйлап, біздің қалаға келуін сұрағанда риза болып, басына киіп алды. – IT саласына о баста қалай келдіңдер? Дана: IT саласына келуім қызық болған. 7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне түстім. Компьютерлік ғылым сабағы қалай өтетінін сол кезде ғана түсіндім. Біз информатика сабағында компьютермен де, бағдарламалаумен де жұмыс істейтінбіз. Кейде ойын жасайтынбыз. Өте қарапайым нəрселермен жұмыс істесек те, компьютерді толыққанды меңгердік. Сол кезде мен ең бірінші рет программада өзімнің видеомды жасадым. Сол видеодан кейін маған əртүрлі жоба жасаған ұнай бастады. Дизайнын жасаудан бастап, код жазып, өзім бірдеңе жасап шығарғаннан кейін өзімді жақсы сезінетінмін. Бірақ ол кезде болашақта IT саласына барамын деп ойлаған жоқпын. Ата-анам да IT саласына барасың деп айтпады. 10-сыныпта əртүрлі жерде өтіп жатқан семинарлар, шеберлік сабақтарына бара жүріп бір шеберлік сабағына қатыстым. Оның атауы – «Бір сағаттық бағдарламалау». Бұл негізі əлем бойынша өтетін күн. Сол күні бүкіл əлемде 24 сағат бойы бағдарламалау жазады. Бірақ бізде бір сағат болды. Сол күні Дина деген қызбен таныстым. Дина – Technovation жарысының негізгі ұйымдастырушысы. Ол маған Technovation жарысы жайлы айтты. Сол жарысқа қатысқым келіп, қызығып қалдым. Өтініш толтырдым. Содан кейін олар мені бір топқа қосып, сол топта толыққанды жұмыс істеп кеттік. Ментор сияқты мұғалімдеріміз болды. Олар бізге бəрін үйретті. Біз ол жерде тек бағдарламалауды ғана емес, бизнес жоспар жазуды, презентация жасауды, қалай видео жасау керек екенін үйрендік. Осыдан кейін ІТ саласына келдім. Сол шеберлік сабағына бармағанымда мұның бірі де болмас па еді деп ойлаймын. – Болашаққа қандай жоспарларың бар? Өздеріңді болашақта IT саласынан көресіңдер ме? IT-дің нақты қай саласына барғыларың келеді? Дана: Менің бір-екі жылдағы жоспарым – Американың университеттерінің біріне оқуға түсу. Сол жақта IT саласын оқығым келеді. Неліктен? Google сияқты америкалық стартаптарды көргенде жəне адамдардың жаңалықтарды бірінші естіп, бірінші ашқанын қарағанымда, осы елде оқып, білімімді көбейтіп, жаңа нəрселерге есік ашқым келді. Өзімді болашақта IT саласынан көремін. Соның ішінде мобильді қосымшалар жасау ұнайды. Ең алғаш қосымша жазудан бастағанмын. Қазір де жазып жүрмін. Одан бөлек, қазір машиналық оқыту (машинное обучение) оқып жүрмін. Arduino да ұнайды. Бірақ Arduino датчиктерге, сенсорларға тəуелді болғаннан кейін кейде бірдеңе жасау қиын болады. Сондықтан көбінесе машиналық зейін (машинный интеллект), ақылды программалар жасауды меңгеріп жүрмін. Ақылды программалар дегеніміз не десеңіз, балаға бір нəрсені үйреткен сияқты машиналарға да бірдеңені үйретесің. Ол сенің бетіңді тану ма немесе ит пен мысықты ажырату ма, əлде хабарлама жазғанда келесі сөзіңнің қандай болатынын айтып беру ме, сондай машиналық интеллект маған өте қатты ұнайды.

Əңгімелескен Қания ТАБЫС, СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №33 13 тамыз 2019 жыл

10652 рет

көрсетілді

2566

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор