• Мәселе
  • 29 Шілде, 2019

Экобелсенді Жанбота ұшатын шарға қарсы

Елімізде экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселеcі өзекті. Осыған сәйкес қабылданып жатқан шаралар да аз емес. Экология, геология және табиғи ресурстар деп аталатын жаңа министрлік құрылуы – сөзіміздің дәлелі. Туған жеріміздің экологиялық жағдайын көпшілік біле бермейді. Жас буынды экологиялық мәдениетке баулып, табиғатты сақтаудың жолдарын меңгерту керек. Ал залал келтіруші тұрғындарға ескертуден бөлек, қомақты айыппұл салу керек. Жанбота Медеуова да осы ұсынысты қолдайтындардың бірі. Ол қаламыздың экобелсенді тұрғыны. Жас алматылық тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған блог жүргізу арқылы отандастарын экологияны қорғауға шақырады. – Өткен жылдың күзінде экология саласының маманы Настя Гончарованың дәрісіне қатыстым. Бұл дәріс маған ерекше әсер етті. Қоқыстың зияны туралы ойланып, тек үйлерінде ғана емес, алаңға шығып, экологияны сақтауға көмектесетін адамдар туралы естідім. Өзімнің де қызығушылығым оянып, кірісе бастадым. Табиғатты қорғауға атсалысып жатқан жастардың қатары көп. Алғашында ақпараттың жетіспеушілігі қиындық туғызды. Қажетті пункттерді табу оңай болмады. Арнайы қосымшалардан тапқан мекенжайларға көмек көрсетуге келгенде қиындыққа тап болдық. Бірақ қолдауға келген достарым мен еріктілердің арқасында бәрі оңынан шешілді. Отбасының қолдауы да өте маңызды. Ата-анам менің жобама мән бермеді. Үйдегі қалдықтарды шелекпен шығарып, пакетті мүлдем қолданбадық. Бір күні анам базар мен дүкеннен пакет алмапты. Осыдан кейін олар менің қызығушылығыма түсіністікпен қарады. Әлемге көмектескісі келетін адамдарды жақсы іс-шараларға жиі қатыстыру керек. Жаздан бастап «Шарлардан бас тарт» флешмобын ұйымдастырдық. Жыл сайын мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының түлектері әуеге шар ұшырады. Олар табиғатқа қандай зиян тигізіп жатқанын білмейді. Табиғатқа залал келтіру ұсақ тірліктерден басталады. Кейбір мектеп пен ЖОО-ның әкімшілігі өтінішімізге келіскен жоқ. Қазір әлеуметтік желідегі парақшама пікір қалдыратын адам саны 1000-нан асады. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын жастардың көптігі қуантады, – дейді жас белсенді. Жанботаның алғашқы білімі – есеп және аудит. Қазір маркетинг және сату саласында жұмыс істейді. Экологиялық қызмет көрсететін «My Cup, Please» орталығы бар. – Қалдықтарды қайта өңдеу тіршілік пен жер қойнауы үшін өте пайдалы. Қоқыс қоршаған ортаға түсіп, оны ұзақ жыл бойы ластайды. Мысалы, пластикалық бөтелкенің табиғи ыдырауы үшін он жылдай керек. Керісінше, пайда әкелетін материалға қайта өңдеу оңай емес пе?! Егер ғаламшардың гүлденуіне үлес қосқыңыз келсе, өзіңізден бастаңыз. Ең үлкен қателік – біле тұра әрекет жасамау. Өзіңіз білмесеңіз, өзгеден үйреніңіз. Экологиялық шаралар өте көп ұйымдастырылады. Кездесулердің арқасында жаңа адамдармен танысып, тәжірибе алмасуға, күрделі сұрақтарға жауап іздеуге болады», – дейді жас эколог-маман. Жас дос! Егер Жанботамен бірге қоршаған ортаға көмектесіп, әлемді өзгерткің келсе, @medeuyeva парақшасына тіркеліп, ақпарат ала аласың.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ, «Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №31 30 шілде 2019 жыл

676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор