• Бірінші байлық
  • 03 Шілде, 2019

Безеу бекерден-бекер пайда болмайды

Безеу – жасөспірімдерге жақсы таныс проблема. Жасөспірімдер мен жастар арасында кең тараған тері ауруы адамның əрін бұзып қана қоймай, ағзада «түйткіл» бар екенін де көрсететін белгі. Бетке безеу шықса, алдымен оның себебін анықтап алу керек. Бұрынырақта безеу ағзаға жақпайтын белгілі бір тағам түрлерін пайдаланғаннан немесе терінің ластануынан шығады дейтін. Қазір терінің майлы болуы мен психологиялық фактор да безеуге алып келеді дейді. Ал соңғы зерттеулер бойынша, безеу түкті фолликулдарда бактериялар мен майдың жиналып қалуынан пайда болады екен. Əсіресе бетте, кеудеде жəне арқаның жоғарғы бөлігінде орналасқан ірі фолликулдарда көптеп жиналады. Теріге безеу шығуының басқа да себептері бар: Бірінші себеп – тұқым қуалаушылық. Көптеген жағдайда теріге безеу шығуы тұқымға байланысты. Екінші себеп – гормоналды фон. Əр адамның əйелдік жəне еркектік гормоны бар. Кез келген гормонның мөлшерден көп болуы безеу шығуының себебі бола алады. Сонымен қатар күйзеліс қандағы адреналин деңгейін көтеріп жіберетіндіктен, оның да тері жағдайына əсер етуі мүмкін. Үшінші себеп – майға негізделген жəне тері саңылауларын бекітіп тастайтын, тері типіне сəйкес келмейтін косметикалық өнімдерді қолдану. Тері саңылауларын бекітпейтін майсызданған өнім – безеуге бейім теріге таптырмас құрал. Майлы, безеулі терілі клиенттерге майсызданған негіздегі косметикалық өнімдерді ұсынуға болады. Төртінші себеп – ылғалдылық. Тері тітіркенуі безеудің пайда болу мүмкіндігін ұлғайтады, əсіресе жаз мезгілінде жиі байқалады. Дегенмен, қалыпты күн сəулесі кейбір жағдайларда теріге емдік əсер береді. Жасөспірім шақта қандағы гормондар тез өсе бастайды. Бұл май бездерін тері майын бөле отырып, белсенді жұмыс істеуге мəжбүр етеді. Гормондар өскен сайын кератин көбейе түседі. Бұл фолликуляр саңылауларды бекітіп, терінің бұзылуына, яғни безеудің пайда болуына əкеледі. Жасы үлкен адамдарда да безеу жоғарыда аталған себептердің кез келгеніне байланысты пайда болуы мүмкін. Безеу (жабық безеу – ақ басты, ашық безеу – қара басты) ұйыған кератин немесе тері майы түкті фолликулды бекітіп тастағанда пайда болады. Кейбір безеу іріңді тері бөртпелеріне айналуы əбден мүмкін. Мұндай бөртпелер безеуден пайда болады: бекітіліп қалған фолликулдың қабырғалары жарылады да, өлі тері клеткалары, май жəне бактериялар дермаға түседі. Инфекцияның терінің төменгі қабаттарына таралуына кедергі жасайтын лимфа клеткалары үлкейіп, теріде қызыл ісік пайда болады, ал өлі тері клеткаларымен, маймен жəне бактериялармен араласып кеткен лимфа клеткалары фолликулға жиналып, іріңге айналады. Содан соң теріде папула деп аталатын сарғыш басты қызыл бөртпе пайда болады.

Ескерту!

Бөртпені сығуға болмайды, сыққан жағдайда бактериялар терінің төменгі қабаттарына өтіп кетуі мүмкін, бұған қоса тері бетінде тыртық қалады. Егер бөртпеге тиіспесеңіз, бірқатар уақыттан кейін өзі жоғалады, себебі лимфа клеткаларының əсерінен бактериялар біртіндеп өле бастайды.

Емдеу жолдары:

Дəрі-дəрмек арқылы емдеу. Терінің қабынуын ушықтырмас үшін бəрінен бұрын тері дəрігеріне барып нұсқау алу қажет. Дəрігер жағдайыңызға байланысты дəрі жазып береді немесе емделудің басқа жолын көрсетеді. Антибактериалды тазарту. Бактериялардың таралуын тоқтату үшін күнде таңертең жəне кешке теріні тазартуға арналған маңызды жоралғыны əдетке айналдыру қажет. Безеудің пайда болуына көбіне май бездерінің жүйесіз жұмысы себеп болады, сол үшін бетте майлы жылтырау пайда болып, бет тесіктері ұлғайып кетеді. Майлылықты басу үшін проблемалы теріге арналған күнделікті антибактериалды қоспаларды пайдалану қажет. Тазартуды жуынуға арналған гельді пайдаланудан бастаңыз. Ол теріге терең сіңеді, бір күнде жиналған кірді кетіреді. Сумен жуынған соң əрдайым бетті тоникпен сүртіңіз: ол терінің тонусын көтеріп қана қоймай, тыныштандырып, жұмсартады. Теріні күту қоспаларының құрамында спирттің жоқтығын қадағалаңыз. Спирт теріні құрғатып тастайды, нəтижесінде теріміз қорғаныс қабатынан айырылады, ал бұл бактериялардың ұлғаюына əсер етеді. Бет терісінің жансыз жасушаларынан жəне қара нүктелерінен айрылуға, жаңарған келбет беруге жұмсақ скраб көмектеседі. Теріге зақым келтіріп алмас үшін қатқыл бөлшектерсіз пилингті таңдаңыз. Антибактериалды əсері бар шипалы маскаларды да пайдаланып көріңіз. Құрамында балшығы бар қоспалар жəне саздан жасалатын маскалар қабыну процесін басады.

Сандуғаш ИЕМБЕРДІ, СДУ студенті

Ұлан» газеті, №27 2 шілде 2019 жыл

2609 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор