• Бірінші байлық
  • 25 Маусым, 2019

Жасанды қоспаның балаға ешқандай пайдасы жоқ

Қазір ана сүтін алмастырып жүрген жасанды қоспаның бала ағзасына ешқандай пайдасы жоқ. Егер ананың баланы емізуге мүмкіндігі болмаса, оған ешкі сүтін берген дұрыс. Ешкі сүті ана сүтін алмастыра алады. Бала екі жастан бастап барлық дəмді жақсы сезе бастайды. Осы кезде оның күнделікті ас мəзіріне құрамында витамині көп тағамды қосу қажет. Жақында диетолог Арай Əміреден тамақтану тəртібін бала кезден қалай қалыптастыруға болатынын сұрадық. – Жасанды тамақтың бала ағзасына пайдасы мен зияны қандай? Оны балаға берген дұрыс па? – Жасанды тамақтың құрамында баланың ағзасына пайдалы нəрсе жоқ. Оның құрамында ешқандай витамин болмайды. Егер бала үш жасқа дейін жақсы тамақтанса, оның денсаулығы да жақсы болады. Бала дүниеге келгеннен кейін алты айға дейін мүмкіндігінше ана сүтін емгені дұрыс. Қазір түрлі жеміс жəне көкөністен жасалған езбені көп қолданатындар бар. Мұндай өнімді жиі пайдаланатын балада кейін аллергия пайда болуы мүмкін. Оның үстіне мұндай өнімнің құрамына протеин ұнтағы көп мөлшерде қосылады. Одан бала артық салмақ қосып, семіздікке ұшырауы мүмкін. Сондықтан жасанды өнім түрлеріне құмартудың керегі жоқ. – Ана сүтін еміп өскен бала мен жасанды сүт қоспасын ішкен баланың ағзасында айырмашылық бола ма? – Ана сүтін еміп өскен баланың миы, жүйке жəне тыныс алу жүйесі, дəм сезу қасиеті жақсы дамиды. Ана сүтін емудің өзі балаға жаттығу болады. Оған қоса бұл процесс кезінде балада ұсақ моторика жақсы дамиды. Ұсақ моторика дегеніміз – қолдың ұсақ бұлшықеттерінің қозғалысы. Ұсақ моторика бала өскенде киініп-шешінуіне, сурет салуына, жазуына көмектеседі. – Балаға қандай сүт берген дұрыс? – Егер ананың баланы емізуге денсаулығы жарамаса немесе оның сүті аз болса, ешкі сүтін беру керек. Өйткені ешкі сүті ананың сүтін алмастыра алады. Ол жасанды қоспаға қарағанда балаға пайдалы. Ал биенің жəне сиырдың сүтін балаға үш жастан кейін ғана беруге болады. Өйткені олар баланың асқазанына ауыр тиеді. Үш жасқа дейін бала дұрыс тамақтанбаса, ас қорыту жүйесі нашарлап, асқазан, ішек жолдарында ауру пайда болуы мүмкін. Қазір елімізде бие, ешкі сүтінен балалар тағамын жасауды қолға алған кəсіпорындар бар. Олар баланың иммунитетін көтеретін ірімшік, йогурт жəне құнарлы сусындар шығарады. Бұл өнім түрлері қазақстандықтар арасында танымал болып келе жатыр. – Жасөспірім баланың өсіп-жетілуі үшін ағзаға қандай тағам түрі пайдалы? Жасөспірімдердің күнделікті рационында қандай ас болуы керек? – Баланың күнделікті ас мəзірінде міндетті түрде ботқа болуы керек. Қарақұмық, сұлы, арпа, бидай, күріш ботқаларын айтуға болады. Кез келген дəннің талшығы болады. Талшық көмірсуға бай келеді. Ол ағзаға түскенде көмірсу бойымызға бірден емес, ақырындап сіңеді. Ол күні бойы баланың сергек жүруіне əсер етеді. Сонымен бірге баланың ас мəзірінде жұмыртқа, тауық еті, брокколи жəне теңіз өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс пен ащы шоколадтың да болғаны дұрыс. – Баланың ас мəзірінен қандай тағамды алып тастау керек? – Балаға қуырылған, майлы тағам беруге болмайды. Фастфуд өнімдерінен де аулақ болған дұрыс. Адамның ағзасына қанша ас түссе, ол сонша энергия жұмсауы қажет. Ал мұндай тағамдарды баланың асқазаны дұрыс қорыта алмайды. Бала аз қимылдаса, оның арты семіздікке əкелуі мүмкін. Оның үстіне фаст фуд өнімдерінің құрамындағы трансмай қанның құрамын бүлдіреді, холестеринді көбейтеді. – Үнемі асқа тəбеті болмайтын баланы тамақтануға қалай үйретуге болады? – Егер баланың үнемі асқа тəбеті болмаса, оның ағзасында құрттың бар-жоғын тексеру қажет. Адамның ағзасында кандида, аскарида болады. Егер ағзада мұндай бактерия көбейсе, бала тек тəтті тағам жегісі келіп тұрады. Өйткені мұндай бактериялар тек тəттімен қоректенеді. Сондықтан баланың басқа тағамға тəбеті болмайды. Егер екі бактерия да табылмаса, баланың рационына құрамында ақуызы бар тағамдарды көбірек қосу керек. Ақуызы бар тағамға жұмыртқа, ет, жеміс-жидек, көкөніс жатады. Балаға ешқашан тамақты қинап бермеу керек. Өйткені өзіне ұнамайтын асты жегенде оның асқазаны бұл тамақты қабылдамай қояды. Баланың тəбетін ашу үшін қарапайым тамақтың өзін ерекше етіп дайындап, сəндеп беруге болады.

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №26 25 маусым2019 жыл

2156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор