• Бірінші байлық
  • 28 Мамыр, 2019

Баланың бүйрегінде тас бола ма?

Газетіміздің өткен санында «Энурезден зақым келмегенмен, психология бұзылады» деген мақала жарық көрді. Өте көп пайдалы ақпарат берілді. Бет қатталып жатқанда Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында Авантрон аппаратының таныстырылымына бардық. Бұл медициналық құрылғы Ресейде жасалған. АҚШ-та пайда болып, əлемге таралған. Əлемнің 47 елі қолданатын құрылғының шипасы үш миллион науқасқа қонған. Уролог-дəрігер Шарафаддин Мұхаммедұлы: «Электромагнитті импульстар жамбас бұлшықеттерінің кезекті тартылуы мен босаңсуына, сондай-ақ тоқішек, қуық, жатыр, қуықасты тікелей əсер етеді. Нəтижесінде қан айналым жақсарып, іркілістің жойылуы мен бұлшықеттің жаттығуына тігін тигізеді. Емдік шара 20-30 минуттай болады. Сондай-ақ, Авантрон аппаратының балаларға да пайдасы зор. Балалар арасындағы 3-4 жасынан бастап іш қату, зəр ұстамау (энурез), үлкен дəретті ұстамау (энкопрез) секілді түрлі жамбас аурулары үшін таптырмас аппарат», – деп түсіндірді. Əңгіме арасында ересектермен бірге балалардың да бүйрек ауруына жиі шалдығатынын айтып қалды. Бүйрегінде тас пен құм пайда болған науқастардың арасында жаңа туған нəрестелер де бар екен. Дəрігердің дабылынан кейін орталықтың білікті маманы, медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Қабдолдин ағамыздан сəби ағзасындағы тастың пайда болу себебін сұрадық. – Бүйректің қызметі бұзылғанда ағзадағы калий мөлшері жоғарылайды. Ол тек бүйрек арқылы шығады. Ал оның қанның құрамындағы мөлшері шектен тыс өсіп кетсе, өмірге қауіп төнеді. Ол күніне 200 литр қанды сүзгіден өткізіп, қан қысымы мен зат алмасуды реттейді. Бүйректің қабынуы мен бүйрекке тас жиналу дертімен күресу күн тəртібіндегі мəселеге айналды. Медицинада бүйрекке тас жиналуын уролитиаз деп атайды. Қазақ медицинасында несептас ауруы деп қолданады. Бұл дерт балаларды да айналып өтпеді. Елімізде туабітті бүйрек ауруына шалдыққан балалардың қарасы көп. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде бүйректің зəр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дəретке шыға алмайды. Бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Бір сөзбен айтқанда, ағза уланады. Қажетсіз қалдықтардың көбеюі миға, жүрекке, бауырға əсер етеді. Бұрын елімізде 100 мың ересек адамның ішінде 200-400-дейі ғана ауырса, балалар арасында жиырмадан аспайтын. 2000 жылдары бұл статистика өзгерді. Алғашқы жылдары құндақтағы балалар арасында сирек кездесетін. Жыл бойы бір-екі баланы ғана емдейтінбіз. Қазір бүйрегі зақымдалған сəби өте көп. Күн сайын екі-үш рет ота жасалады. Балалардың бүйректас ауруының себебін түсіндіру өте қиын. Бір ғана жағдайды зерттеп, тастың пайда болуын анықтау мүмкін емес. Дүниежүзінің ғалымдары да себебін анықтай алмай отыр. Ересектермен күресіп жүргенде, балаларда несептас ауруы пайда болды. Балада пайда болған дертке ата-анасы жауапты. Бүйрек білдірмей ауырады. Беліміз ауырады, бірақ мəн бермейміз. Аяғымыз, беті-қолымыз домбығып ісіп жүреді. Əлсіздік басып, басымыз ауырғанда да, ыстығымыз көтеріліп, ештеңеге құлқымыз болмай жүріп те тірлік істей береміз. Алдымызға ауру əбден ушығып, жүріп-тұруы да, дəрет сындыруы да мүмкін болмай, естен танып қалғанда ғана бүйрегінің істен шыққанын бір-ақ білгендер келеді. Ал ол жағдайда бəрі кеш болады. Бұл ересектердің басынан өтетін жағдай. Көп адамға бүйрек ауруының тұқым қуалайтынын білмейді. Қоршаған ортаны ғана дерттің себебі деп түсінеміз. Қазір ғана бір жарым жастағы баланың бүйрегінде тас бар екенін анықтадық. Кеше сегіз айлық баланың бүйрегіндегі тасты емдедік. Көп уақытқа дейін тас білінбейді. Құрсақта жатқанда да көрінбейді. Зəр бөліну қызметінің бұзылуынан пайда болады. Қыздарда ұлдарға қарағанда жиі кездеседі. Баланың құсуы мен дəретінің қан аралас болуы – басты себептерінің бірі. Баланы медициналық тексеруге əкелгенде бірден ультрадыбыстық зерттеуге түсіру керек. Алғашқы белгісі содан анық байқалады. Бүйрек ауруын емдеудің бірнеше тəсілі бар. Біз консервативті жəне оперативті емдеу тəсілін жиі қолданамыз. Алғашқы əдіс дəрі-дəрмектің көмегімен жүргізіледі. Ал оперативті емге лазерлі ота жатады. Экстракорпоральды соқпа толқынды литотрипсия тəсілі арқылы тасты үгітеді. Кейбір жағдайда тас бүйректе емес, несеп жолында немесе қуық жақта болуы мүмкін. Бұл əдіс сол үшін қолданылады. Балаларға тиімді əдіс. Өңірлерде урология кабинеті болғанымен, біздегідей күрделі ота жасауға мүмкіндігі жоқ. Республика бойынша біздің орталықта ғана күрделі ота жасайды. Басқа облыстар мен аудандарда маман мен техника жетіспейді. Біздің тəжірибемізде құрсақта пайда болған бүйрек ауруы кездеспеді. Жүре пайда болған аурулардың дені шақалақ кезден басталады. Жүре пайда болатын ауру əртүрлі жастан басталады. Біздің орталықта ем қабылдау өте оңай. Науқастардың дені бүйрек ауруын емдеуге қыруар қаржы кетеді деп ойлайды. Бұл қате пікір. Сосын ауру жанына батпаса жүре береді. Еліміздің кез келген қаласынан электронды түрде өтініш беріп, базаға тіркеледі. Мына жақтан күн сайын қарап отырамыз. Қызметкерлер телефон арқылы сөйлесіп, уақытымен келіседі. Ең бастысы, диагнозы біздің орталықпен сəйкес келуі керек. «Сіздерге жете алмай жатырмыз. Өтініш берейік десек, аудандық аурухананың дəрігерлері он күн күту керек деді», – деп хабарласатындар бар. Мұның барлығы жалған. Балаңызда бүйрек ауруы пайда болып, ота жасату керек десе, ойланбастан порталға тіркеліп, ем алуға келіңіз. Ем-домның барлығы тегін жүргізіледі. Мемлекеттен квота бөлінеді. Оны күтуге бір-ақ апта кетеді. Жол шығынын ғана науқас көтереді. Жеті-сегіз күннен кейін отасын жасап, үйге шығарамыз. Жыл бойы медициналық бақылауда болады. Аурудың алдын алудың бір жолы – дұрыс тамақтану. Ащы тамақтарды жеуге болмайды, – дейді дəрігер.

Лазерлі сүндеттеу бүйрекке зиян емес

Жүре пайда болатын бүйрек ауруының бір себебі – сүндеттеу деген пікір бар. Кейбір ата-ана баласының бойында бүйрек ауруының пайда болуын сүндетке отырғызғаннан көреді. Бұл мəселенің де ақ-қарасын сұрап алдық. – Иə, ата-аналардың көпшілігі «ауыртпайтын лазермен сүндеттеп беріңіз» деп жатады. Лазерлі құрылғымен кез келген маман жұмыс істей алмайды. Ол жоғары толқынды медициналық құрал. Біз электр пышақпен сүндеттейміз. Ата-аналар соны «лазерлі сүндеттеу» деп түсінеді. Лазерді дұрыс қолданбаса, баланың өміріне қауіпті. 1 мм қалт кеткеннің өзінде, лазер біраз жерді кесіп түседі. Белден төменгі органдарға қатысы болғандықтан, ата-аналардың уайымы жөн-ақ. Бірақ оны бүйрек ауруының пайда болуымен байланыстыру – қате пікір. Дұрыс сүндеттелмегендіктен қайта тексеруден өткен балалар болды. Бірақ олардан бүйрек ауруының белгілері табылмады. Ата-аналар аурудың себебін сүндеттеуден емес, күнделікті киімнен іздегені дұрыс. Жеткіншек балаларды тəрбиелеп отырған ата-аналар киімге мəн бермейді. Бала ұнатқанын киеді. Гигиеналық тазалықты тек денені таза ұстаудың айналасында қарамау керек. Киімнің де гигиенасы болады. Ұл мен қызға арналған іш киімді сəби кезінен дұрыс таңдай білген жөн. Іш киім сенімен қоршаған ортаны бөліп тұратын шекара іспеттес. Дұрыс таңдалмаған іш киім денсаулығыңа зиян тигізеді. Жасөспірімдік шақ – даму кезеңі. Дене өскен сайын маңызды органдар да өседі. Жасөспірімдердің джинсы шалбар кигенін құп көрмеймін. Үнемі зиян екенін де түсіндіруден шаршамадым. Тар киімнен денеге ауа бармайды. Қан айналым жүйесі бұзылып, жыныс жолдарына зақым келеді. Ал ол сырқат болашағына əсер етеді, – дейді маман. Дəрігерден бүйрек жетіспеушілігі туралы сұрағанымызда статистикамен айналыспайтынын айтты. Алайда 5 мыңға жуық науқастың бүйрек донорын күтіп отырғанын жасырмады. Екі бүйрегі істен шыққан науқастар жасанды бүйрек аппаратымен өмір сүруге мəжбүр екен. Мұндай науқастарға көмек көрсететін бір орталықтың өзінде жеті-сегіз гемодиализдік кабинет жабдықталыпты. Оның өзі көңілге медет.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №22 28 мамыр 2019 жыл

1688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Жадыра Нармаханова

Бас редактор